Былтыр Оралдағы «Зенит» зауытының 80 жылдық мерейтойы аталып өтті. Өткен жылдар бедерінде байырғы кәсіпорынның тарихында ерлік пен еңбектің талай өнегесі қалыптасты. Фашистік Германияға қарсы сұрапыл соғыс жылдарында аталмыш өндіріс ошағында кеңес әскері мен әскери-теңіз флотына қажетті қару-жарақтар мен құрал-жабдықтар жасады. Кәсіпорын радио арқылы басқарылатын миналар, торпедаларға арналған құрылғылар және авиация үшін түрлі құрал-жабдық шығарды. Торпедалар мен миналардан басқа соғыс жылдары жарылғыш заттардың 20-дан астам түрі өндірілген екен.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін «Зенит» еліміздегі кеме жасау өндірісімен айналысатын әрі Каспий теңізінде еліміздің шекарасын қорғайтын кемелерге күрделі жөндеу жүргізетін бірден-бір кәсіпорынға айналды. Жыл өткен сайын Қазақстанды кеме жасаушы ел ретінде танитын мемлекеттердің қатары толығып келеді. Зауыт кеме өндірісімен қатар, тапсырыс берушілерге жағалау жөндеу шеберханаларын, кемелерге арналған маневр және экипаждарды аман қалуға үйрететін оқу стансаларын құрастыруды игерді. Алайда биыл кәсіпорында кеме құрастыру жұмыстары мүлдем жүргізілмеді. Сөйте тұра, инженер-техник қызметкерлері мен жұмысшыларының әлеуеті бұрыннан-ақ мықты «сарытіс» өндіріс ошағының басшылығы тапсырыс түспеді деп «қол қусырып» қарап отырмады. Яғни ұжымдағы 700-ден астам маман атаулы жұмыссыздар армиясын толықтырмауы үшін «Зенит» мұнай өңдеу саласымен айналысушы кәсіпорындарға қажетті құбыр түрлерін шығара бастады. Әрі өнім түрлерін өзі жеткізді.
– Биыл мемлекеттік тапсырыс болмады. Соған байланысты кеме құрастыру ісі кейінге қалдырылды. Бүгінде жер қойнауын пайдаланушыларға қажетті мұнай-газ құбырларын, қосалқы құрылғылар мен түрлі өлшемдегі бұранда өндірісін игердік. Сонымен қатар катер-кемелерді жөндеу, оларға техникалық қызмет көрсету бойынша келісімшарт негізінде қызмет көрсетудеміз. Зауыт ұжымының бірде-бір мүшесі қысқартуға ұшыраған жоқ. Алдағы уақытта ҚР ҰҚК-ның Шекара қызметіне «Айбар» жобасының қайықтарын құрастырамыз деп отырмыз,– деді «Орал «Зенит» зауыты» АҚ-ның бас директоры Вячеслав Валиев.
Зауыттың мемлекеттік тапсырыссыз қалғаны жергілікті билік орындарына белгілі жайт. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мамандары өңірдегі іргелі кәсіпорынға тапсырыстардың болмай отырғанына түсінік берді.
– 2021 жылы қабылданған келісімшартқа сәйкес «Зенит» зауыты су ығыстырымдылығы 720 тоннаға дейін «Бұлан» көпфункционалды кемесінің құрылысы бойынша құжаттама әзірлеуде. Құжаттаманы тапсырғаннан кейін 2023-2025 жылдарға арналған бюджетте мұндай кеме құрылысына қаражат бөлу мәселесі қарастырылады. Сонда кәсіпорын үш жылға тұрақты тапсырыспен қамтамасыз етіледі. Бұдан басқа 2023-2024 жылдары «Айбар» кемесінің құрылысын қаржыландыру мәселесі пысықталуда, – деді облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Жанна Бекқалиева.
Өткенде өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловпен кездесуде «Зенитке» қатысты түйткілді мәселе көтерілді. Зауыттықтар Үкімет басшысының қаламының ұшына «қонақтаған» мәселенің күрмеуі алдағы уақытта шешілеріне сенімді.
Гүлнәр Шәңгерей,
zhaikpress.kz