Репрессия кезінде біртуар аяулы перзенттерімізден қол үздік. Сондай қиын заманда «Халқымды қайтсем ғылым мен мәдениет жолына түсіремін?» деп саналы ғұмырын туған елдің болашағына арнаған мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Исаев еді.
Жазықсыз «халық жауы» деген жаламен 1938 жылы атылған Ораз Исаев хақында жастар білмеуі мүмкін. Оған себеп – Ораз Жанұзақұлының еңбегі мен қызметі туралы деректердің ұзақ уақыт жабық қорларда сақталуы.
Жерлесіміз Ораз Исаев 1889 жылы 18 сәуірде Батыс Қазақстан облысындағы бұрынғы Ілбішін ауданына қарасты Қамыстыкөл ауылында дүниеге келген. Ауылда қазақылықты бойына сіңіріп өскен ол әлеуметтік шайқасқа ерте араласты. Ораз Жанұзақұлы Көнеккеткен ауылынан 9 шақырым жерде орналасқан ҚарасуШалқар орыс-қазақ училищесінде оқыды. Бар болғаны алты кластық білім алған ол Кеңес үкіметін құрып, жасақтау ісіне араласқан. 1920 жылы КОКП (Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы) мүшесі болды.
О.Исаев өзінің қырыққа да жетпей қиылған өмірінің соңғы он төрт жылында қазақша-орысша 29 кітап, 183 мақала жазған. Ол Қазақ АКСР Халық Комиссарлары кеңесінің төрағасы қызметін атқарған.
Оның әдебиет ісін басқарушылары мен Қазақстан баспасына арнайы жазған хаттарында жазушылардың таңдаулы шығармаларын орыс тіліне аудартудың маңыздылығы көрсетілген. Орыс тіліне аударылған 12 кітаптың ішінде Абай жырлары, Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл аты», Ілияс Есенберлиннің әңгімелер жинағы, Бейімбет Майлиннің «Раушан коммунисі» және басқа да шығармалар бар.
Әдебиет тағдыры туралы екінші хатында «Менің ойымша, біздің мәдени тарихымыз және мәні зор бірқатар материалымыз жиналмай қалып барады.
Атап айтсақ, Әубәкір молда мен Ғұмар Қарашұлының өлеңдері, Дәукен Шолақұлы, Абай және басқалар жаңа тарихты жасар, жаңа мәдениетті туғызу, өзіне дейінгіні ұмытып кету, білмеу керек деген сөз емес» деп түйіндейді. Одан әрі хат иесі неше түрлі әділетсіздікке қарсы күресте жапа шеккен халық қаhармандарына дастан-жырларын, аңыз-әңгімелерін арнаған. Соларды жинастыру жұмыстарын кешеуілдетпеу керектігін айтқан. «Ел аузындағы мақал-мәтел, нақыл сөздерден, толып жатқан шежірелерден жылнама құрастыру үшін аймақтану қоғамының тілі етіп бір журнал шығарған мақұл болар еді» деген.
Қазақ еліндегі 1931-1933 жылдардағы ашаршылық кезінде Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болып келген Голощекин «кіші төңкерісті» жасаймын деп орта шаруалардың малын, азғантай астығын, тіпті кедейлердің сандығындағы сүр еті мен құртын тартқызып алып, сахара халқын бес жылдай қаратабан жұтқа ұшыратқан.
Ел басына төнген қауіп-қатер, шаруа қазақтың жай-күйі, жан алған алапат ашаршылық жайлы Сталинге жазған Ораз Исаевтың хатының дерегі қазір республиканың Партия тарихы институтында сақтаулы.
Осы секілді адам айтқысыз сұмдықтар Украинаны да, басқа жерлерді де жайлап кеткенін және хатты кімге жазып отырғанын О. Исаев, әрине, білді. Әміршіл-әкімшіл жүйенің қаны тамып тұрғанда, О.Исаевтың шындықты жасырмай тура айтуы ерлікпен пара-пар еді.
Ораз Исаевтың соңын ала қыркүйек айында сондай көлемді хатты Сталинге Т.Рысқұловтың да жазғаны баршаға белгілі. Сол кездерде Москвада жоғары қызмет атқарған қайсар Тұрар Рысқұлов пен Ораз Исаевтың пікірлес болуы түсінікті нәрсе. Сталин екеуіне де сенбей, ақиқаттың көзін тексеру үшін БК(б)П (Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партия) Орталық Комитетінен Сольц басқарған комиссия шығарды. Сол комиссия қазақ өлкесін армансыз аралағаннан кейін 1933 жылдың қаңтарында хаттарда көрсетілгендерді растап, саяси бюроға құжат тапсырды. Артынша ақпан айында Голощекин орнынан алынды.
Қарапайым шаруалар арасынан республика үкіметінің басшысы дәрежесіне дейін өскен еліміздің адал ұлы 39 жасында сталиндік репрессияның құрбаны болды. Биыл оның туғанына 123 жыл толады. Қайраткердің еңбегін әділ бағалау, ұлықтау – парызымыз.
Еркеназ Жасталап,8-сынып оқушысы: Ораз Исаев – ұлы тұлға. Ол күрделі және қайшылықты кезеңде қызмет атқарды. Ел болашағы үшін күрескен жанды ұрпақтары ешқашан ұмытпайды. Қоғам қайраткері Ораз атамыз халық үшін біраз игі іс атқарды. Ашаршылық уақытында жұртының жанашыры екенін дәлелдей түсті. Біз жерлес атамызбен қашанда мақтанамыз.
Оның есімін ұлықтау – кейінгі ұрпақтың басты міндеті.
Мектебіміз Ораз Исаевтың атымен аталады. Біз Ораз Жанұзақұлы жайлы ақпараттың бірін қалдырмай жаттап алуға тырысамыз. Тарих тоқтамайды, сондықтан кейінгі ұрпаққа ұлы тұлғалардың бастамалары жетуі керек.
Айғаным Жұмағалиева,
Ақжайық ауданындағы О.Исаев атындағы жалпы орта білім беретін
мектептің тарих пәні мұғалімі