26.05.2022, 15:45
Оқылды: 69

Жәнібекте айтыс өтті дүрілдеген

Жәнібек ауданының 100 жылдық мерейтойына орай «Жыр өзегі - Жәнібек» тақырыбында аймақтық-республикалық ақындар айтысы өтті.

IMG-20220525-WA0211

Аудандық мәдениет үйінде өткен аламан айтыста елімізге белгілі ақындар сөз барымтасының көрігін қыздырды. Айтысты жазушы, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин жүргізді. Жыр додасын аудан әкімі Азамат Сафималиев ашып, ақындарға сәттілік тіледі.

Сөз сайысына қатысушыларға журналист, жазушы, Қазақстан жазушылар одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі, айтыскер ақын Бауыржан Халиолла, ақын Дариға Мұштанова, жас кезінде айтысқа қатысып, Жәнібекте төл өнердің дамуына үлес қосқан Мұрат Мұхамбетқалиев, ақын Асантемір Қаршығаұлы, айтыскер ақын Мұрадым Мирланов төрелік етті.

IMG-20220525-WA0221

Республикалық жыр додасына Жансая Мусина (Бөкей ордасы ауданы), Біржан Байтуов (Шымкент қаласы), Шынарбек Тұрсын (Алматы қаласы), Айнагүл Кәрімова (Астана қаласы), Назгүл Кәрімова (Жәнібек ауданы), Қуаныш Қапанов (Сырым ауданы), Айнабек Бисенғалиев (Ақжайық ауданы), Эльдар Ықсанов (Теректі ауданы), Талғат Мықи (Бөкей ордасы ауданы), Бауыржан Ширмединұлы (Сырым ауданы), Жарқынбек Шынтаев (Бөрлі ауданы), Мейірман Шакенов (Ақжайық ауданы), Бекболат Қаленов (Ақжайық ауданы), Мақсат Тұяқ (Орал қаласы), Орынбек Меңдіқұлов (Жаңақала ауданы) қатысты.

Айтысты бөкейлік Жансая Мусина мен ақжайықтық Айнабек Бисенғалиев бастады. Алғашқы жұп әпкелі-інінің әзілмен астасқан тамаша айтысын көпшілікке көрсете білді.

IMG-20220525-WA0232

Ақындардың барлығы дерлік тарихы терең Жәнібекті өлең тілінде әспеттеп, айтысты тамашалауға келген қауымның ыстық ықыласына бөленді. Сонымен бірге қоғамдағы өзекті мәселелерді де қозғап, шабыттың шырқау биігінен түйінін тарқатты. Олардың арасында тұрғындар сырымдық ақын Бауыржан Ширмединұлына ерекше қошемет көрсетті. Бауыржан ақын Мәншүк Мәметованың әкесі қазақтан шыққан алғашқы дәрігерлердің бірі, Алашордашы Ахмет Мәметовке аудан орталығынан көше атын беру керектігін жырға қосты. Айтыстың жаңалығы Астанадан арнайы келген Жәнібектің тумасы Айнагүл Кәрімова болды. Сырнай тартып қатысқан ақын қыз сыңғырлаған үнімен, ерекше болмысымен көрермен көзайымына айналды.

Финалдық кезеңге шыққан ақындар Жансая Мусина мен Талғат Мықи, Бауыржан Ширмединұлы мен Біржан Байтуовтың жұптары сөз сайысының көркін қыздырды.

Сонымен, мәдениет үйінің ғимаратын көрерменге лық толтырған айтыс додасында бас жүлдені (700 мың теңге) Бауыржан Ширмединұлы жеңіп алды. 600 мың теңгелі бірінші орынға Жансая Мусина ие болды. Талғат Мықи мен Біржан Байтуов екінші орынды (325 мың теңге) бөліссе, Айнагүл Кәрімова, Бекболат Қаленов, Эльдар Ихсанов үшінші орынға (230 мың теңге) лайық деп танылды. Ал «Көркем сөз, көрікті ой» аталымына (200 мың теңге) Шынарбек Тұрсын, Назгүл Кәрімова ие болды. Қуаныш Қапанов, Мейірман Шакенов, Мақсат Тұяқов, Орынбек Меңдіқұлов, Айнабек Бисенғалиев жыр додасына қатысқандары үшін арнайы дипломдармен (150 мың теңге) марапатталды.

Ә.Әбділдә,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале