Биылғы санақ бойынша облыстағы киік саны 800 мың шамасында деп есептелінген. Мұны айтып отырған себебіміз, кең далада жөңкіле көшіп жүрген ақбөкендер тағдыры жиі талқылауға түсуде. Кейінгі жылдары жайылымның тарлығы мен шабындықтың сапасына киіктерді кінәлаған шаруалар наразылығы күшейе түсті. Киікке қатысты статистикаға күмән келтіретіндер ақбөкендер саны 1 миллионнан асқанына сенімді. Әрине, малға өріс, жанға қоныс іздеп жүрген ауылдағы ағайынның мұң-мұқтажын түсінуге болады. Мүйізін олжалауға құмар аңшылардың көз құртына айналған момын жануардың жайылымды отап кететіні ғылыми тұрғыда дәлелденбегенін дәйек қылып, дабыл қағып жүрген жанашырлар да бар. Бейсенбіде облыс әкімдігі ұйымдастырған кеңес отырысында осы мәселе талқыланды. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Әлия Шалабекова бастап келген жұмыс тобы облыстың оңтүстік аудандарына жұмыс сапарымен барып, ақбөкендерді қорғау бағытындағы түйткілді істің мән-жайымен танысқан екен. Жиында осыны хабарлаған облыс әкімі Ғали Есқалиев енді жергілікті тұрғындардың талабын ескеру керектігін айтып, жуық арада салалық министрлік сан сауал тудырып тұрған мәселенің нақты шешімін ұсынбаса, өңірдегі жағдай шиеленісе түсуі мүмкін екенін ескертті.
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Әлия Шалабекованың айтуынша, киіктердің Жайық популяциясын қорғау жұмысына байланысты 25 мамыр күні Үкімет қаулысы шыққан. Соның нәтижесінде 343 гектар жерге «Бөкей орда» мемлекеттік табиғи резерваты және «Ащыөзек» қаумалы құрылады. Ә.Шалабекова маусым айында сараптама қорытындысы бойынша резерватты құруға қатысты ұсынбалар дайындалатынын айтты.
Республикалық маңыздағы резерват жасақтауға бюджеттен 300 миллион теңге бөлінеді. Оның аумағы Бөкей ордасы, Жәнібек, Казталов және Жаңақала аудандарын қамтиды. Қазақстандық биоәртүрлілікті сақтау қауымдастығының директоры Сергей Скляренко киік құралайын өргізгенге дейінгі санақ бойынша ақбөкендер саны 800 мыңнан асқаны анықталғанын хабарлады.
«Былтырғы жылмен салыстырғанда киік саны 40 пайызға өскені анықталды. Алдағы уақытта да ақбөкендер саны арта түсетіні анық. Киік популяциясының өсуіне байланысты ауыл шаруашылығы құрылымдары мәселе көтеріп отырғаны байқалады. Киік – аса жоғары тауарлық құны бар жануар. Оның мүйізі қытай және басқа елдер нарығында жоғары бағамен саудаға шығарылады. Егер киіктерді аулауға рұқсат берсек, жаппай аңшылық науқаны басталып, Қазақстанда ғана кездесетін киік популяциясының үш түрін қатарынан жойып алу қатері төнеді. Меніңше, өңір үшін қолайлы болып саналатын киік санын ғылыми негізде анықтау қажет. Сондықтан облыс әкімдігі киік өрісі болып саналатын оңтүстік аудандардағы мал саны туралы мәлімет беруі қажет. Сол арқылы салыстыра зерттеуге болады. Ауыл шаруашылығы жайылымдарын тиімді пайдалану жүйесіне баса назар аудару керек. Киік етін, мүйізін, терісін өндірістік бағытта пайдалануды бақылау тетігін Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті ғылыми ұйымдармен бірлесіп тез арада іске қосуы тиіс. Заңсыз жолмен киік дериватын пайдалану белең алып кетпеуі үшін бұл бағыттағы жұмыс барысын қатаң бақылауға алған жөн. Ақбөкендерді аулау, оның еті мен мүйізін өңдеу мәселесін жүйелі қадағалайтын бірыңғай оператор қалыптастыру керек. Осы мәселемен мемлекеттік құрылымдар шұғылдана ма, әлде аңшылық шаруашылықтар айналыса ма, осы сауалға жауап алдағы уақытта анықталады», – деді Сергей Скляренко.
Киікті қорғау мәселесіне байланысты ғалым пікіріне үн қосқан «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК бас директорының орынбасары Дамир Абсаметов әуесқойлық аңшылыққа рұқсат берілген жағдайда оның салдары ақбөкеннің жаппай опат болуына ұласуы мүмкін екенін ескертті. ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Нұрлан Қылышбаев нақты ғылыми негіздемеге сүйеніп барып қана арнайы жұмыс тобы киік дериваттарын заңды жолмен шикізат ретінде пайдалану мәселесін талқылайтынын айтты.
Облыс әкімі Ғали Есқалиев табиғи резерват пен қаумал аумағынан тұщы су іздеу мақсатында бес ұңғыма қазылғанын, бірақ су өнімділігі – тәулігіне 5-7 текше метр шамасында екенін хабарлады. «Егер киік ұстауға арналған суат таба алмасақ, резерват аумағында ақбөкендерді бағу мәселесі қалай шешіледі?» – деген әкім сұрағы жиында басы ашық күйінде қалды. Қазақстандық биоәртүрлілікті сақтау қауымдастығының директоры Сергей Скляренко жаңадан құрылатын резерват пен қаумалдың киікті тұрақты сақтап қалуға кепіл болмайтынын, табиғат құбылысына байланысты дала жануары өзіне қолайлы орта іздеп үздіксіз көшіп жүретінін ескеру керектігін айтты. Облыс әкімі Ғали Есқалиев жергілікті шаруа қожалықтарының жанайқайына құлақ асу керектігін тілге тиек етті.
– Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бұйрығымен Қазақстанның бүкіл аумағында киіктерді аулауға, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға 2023 жылға дейін тыйым салынды. Осыдан 10 жыл бұрын БҚО-да киік саны 10 мың бас болса, қазіргі уақытта киік саны 800 мыңдай екенін анықталды. Биылғы төлдеу науқанынан кейін құралайымен бірге миллионнан асып кететіні анық. Ең бастысы, киік популяциясын қорғау, оны жаппай өсіру бойынша нақты нәтижеге қол жеткіздік. Тұқымы құрып кетуге шақ қалған киікті көбейту жөнінде мораторий аясында басты мақсат, міндет-меже орындалды. Жануарлар әлемін қорғаушылар киікті сақтап қалу маңызды екенін түсіндіруде. Бірақ енді шаруалар мүддесін қорғауымыз қажет. Сыртқы түрі әдемі болып көрінгенімен, киіктің шаруашылыққа тигізіп отырған зияны қасқырдікінен кем емес. Оңтүстіктегі аудандар елді етпен қамтамасыз етуге тікелей үлес қосып отыр. Киік санын реттеуге байланысты министрлік жанынан құрылатын жұмыс тобына облыс атынан 4-5 адамды енгізуіміз қажет. Үкімет басшысының тапсырмасына сай шілденің 1-іне дейін бұл бағытта нақты ұсыныстар дайындалады. Әрине, ғылыми зерттеу жүйелі жүргізіледі. Киік дериватын, оның ішінде, мүйізін саудаға шығару үшін қатаң тәртіп керек. «Охотзоопром» мәліметі бойынша соңғы бес жылда броконьерлерден 8 мыңға жуық киік мүйізі тәркіленген. Осы мүйіздерді сақтау үшін бюджеттен жылына 40-50 миллион теңге қаражат жұмсалады. Егер киік мүйізі белгіленген тәртіппен сатылатын болса, бюджет шығыны азаяр еді. Ақбөкендерді аулағаннан кейін ет өңдейтін кәсіпорындарға дайын шикізат жеткізіледі. Кеңестік кезеңде бұл тәжірибе кеңінен қолданылды. Сондықтан киікті заңды жолмен аулауға рұқсат беруге күдікпен қарай бермеген жөн, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.
Кеңес отырысында ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Жаңақала ет комбинатының басшысы Қазыбай Бозымов, Жаңақала ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері Тыныштық Өтешқалиев өздерінің ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Нұртай Текебай,
zhaikpress.kz