27.05.2022, 12:15
Оқылды: 54

Дәстүрлі өнер көпке ортақ

Ақжайық ауданындағы Жұбан орталығында мәдениет және өнер қызметкерлері күні аясында «Дәстүрлі әндер – халық қазынасы» атты кездесу кеші өтті. Кеш қонақтары, ауданымыздың атын елге танытып жүрген дәстүрлі әншілер Гүлжамал Қайбалиева, Данияр Елеуов және Дәулет Орашевтармен мемлекеттік қызметшілер жүздесті. 

IMG_5907

Кеш тізгінін ұстаған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Сағынтай Бисенғалиев «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» дей келе, қай салада да кәсіби мамандардың мысы басым  түсетінін, дәстүрлі әнді насихаттаған өнерпаздардың руханиятқа қызмет еткен еңбегін паш етіп, дәстүріміздің саф өнері – жыршылықпен елімізге, өңірімізге  танылған тұлғалар туралы айтты. Сонау қарғабойлы Қазтуғаннан бастап, Мұхит Мерәліұлымен жалғап, олардың баға жетпес мұрасын бүгінгі буынға жеткізген Ғарифолла Құрманғалиевтің еңбектерін, өмірбаянымен таныстырды. Сонымен қатар кешегі сал-серілердің өнерін жаңғыртқан жерлестеріміз Қаламқас Орашева, кешегі Көшерғали Макаровтың да дәстүрлі әннің кең құлаш жаюына қосқан зор үлестерін  баяндады.

Расы керек, қанша шаршап отырсаң да, қара домбыраны қолына ұстап, ән әуелеткен әншіні тыңдағанда, рухын сезініп, бойыңа қан жүгіріп, арқаң шымырлайды. Әсіресе  той-томалақтағы даңғырлаған, шаршатып жіберетін мағынасыз әуен тиылып, үкілі домбырамен ән орындағанда,«әп, бәрекелді» деп, тойшы қауымның бір серпіліп  қалатынына да талай куә болып жүрміз. Бұл шарада да емен-жарқын көңіл-күй орнап кеш қонақтары Мұхит Мерәліұлының "Кіші айдайын", Ғарифолланың «Сәлем Қазақстанын», ата-бабамыздан мирас болып қалған рухты жырларды шырқады.

– Киелі сахнада жүргеніме жиырма жылдан асты. Осы аралықта түйсінгенім – біздер тек ән айтушылар емеспіз, сахнада өзімізді көрсету үшін жүрген жоқпыз, өнерді насихаттаушылармыз, ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеушілерміз. Сондықтан біздің міндетіміз – ұлттық құндылыққа, ұлттың әні мен жырына мұқият, жанашырлықпен қарап, ескісін жаңғыртып, ұлттың өзіне қайтару, – деді дәстүрлі өнердің қыр-сыры туралы ой бөліскен Гүлжамал Сафиоллақызы. Ал үштөбелік Данияр Маратұлы шағын ауылда тұрса да, өнерінің арқасында ел аралап, жер көргенін айтты. Қара домбырада зор құдірет бар. Сондықтан ұлттығымызды айшықтайтын дәстүрлі әннің өзегі үзілмеу керек.  Қазіргі жастардың жырауларды, олардың әндерін білмейтіні қынжылтады, – деді ол.

Кездесуге қатысқандар қазақтың өзегін жарып шыққан өз үні, асыл арманы, асқақ мұраты, қуанышы, мұңы, жүрек тебіренісін толғаған дәстүрлі әнге қанығып, рухани азық алды

Берік Қамал,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале