27.05.2022, 13:00
Оқылды: 77

Киіктің Орал популяциясының саны шектеледі

Өңіріміздің оңтүстік аудандарын алаңдатып отырған мәселе – киік санының артуы. «Малым жанымның садағасы» деп қолындағы төрт түлікке қарап отырған тұрғындар мен шаруалардың жан айқайы мемлекеттік деңгейде шешімін тауып, арнайы нормативтік-құқықтық акті қабылданып жатыр. Облыс тұрғындарының мұң-мұқтажын біліп, күн тәртібіндегі ахуалмен танысу үшін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі Әлия Шалабекова мен министрлікке қарасты орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Нұрлан Қылышбаев өңірімізге жұмыс сапарымен келді.

Вице-министр бастаған делегацияны Казталов ауданының әкімі Рүстем Зұлқашев арнайы күтіп алып, ат басын Қарасу ауылдық округінің Жұлдыз ауылына бұрды.

18

Алдын ала жоспарланған іссапар бағыты киіктердің Жұлдыз ауылы маңына қоныс аударуына байланысты өзгеріске ұшырады. Қарасу ауылдық округінің аумағында 350-ге жуық киік бар екені анықталды. Бұл дала еркесінің тек бір бөлігі ғана. Ал киіктердің аталған аумақтағы саны мен қоныс аударуы жөніндегі мәліметтерді «Охотзоопром» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны Батыс өңірлік филиалының инспекторлары ұсынып отырды. Аумақтағы киіктерді тек дронның көмегімен ғана көруге мүмкіндік алдық. Олардың бір бөлігі төлдеу маусымында Жәнібек ауданы аумағында болып, кейін Казталов ауданы аумағына қоныс аударған. Ал көршілес ауданға қарасты Жақсыбай ауылы маңындағы киіктер мен төлдерінің өлексесі мұның айғағы. Аталған ауылда вице-министр Казталов, Жәнібек, Бөкей орда және Жаңақала ауданының шаруалары және тұрғындарымен кездесті. Жиынға аудан әкімі Рүстем Зұлқашев пен аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Сергей Тоқпанов та қатысты. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Арман Өтеғұлов ашып, халықты жиынның мақсат-міндетімен таныстырды.

20

- Үкімет тарапынан 1 шілдеден бастап «Бөкей орда» табиғи резерватын және «Ащыөзек» қорықшасын құру жөнінде шешім қабылданды. Осы екі ерекше қорғалатын табиғи аумақта 78 адам жұмыспен қамтылып, 250 мыңнан астам киікті ұстау жоспарланып отыр. Бұған мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінді. Табиғи қорықтың аумағында ҚР Зоология институы мен Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ғалымдары биологиялық негіздеме жасап жатыр. Бұл мәселе Үкімет басшысының бақылауында. Біз бүгін Казталов және Жәнібек аудандарында болып киіктердің қозғалысы мен шаруашылықтарға келтіріп жатырған залалымен таныстық. Ендігі мәселе киіктердің Орал популяциясының санын шектеу үшін ұсыныстарды қабылдап, халықтың үніне құлақ түру, -деді вице-министр Әлия Лазарқызы.

Дүниежүзілік «Қызыл кітапқа» енген дала жануарының шаруаларға тигізіп жатқан зияны орасан зор. Оның шабындық пен жайылымдарға және адам өміріне зиян келтіріп отырғанын жиынға қатысушылар ашық айтты.

-Ауыл халқы төрт түліктің арқасында күн көріп отыр. Жерді де малымызды азықпен қамтамасыз ету үшін алып отырмыз. Бірақ соңғы бес жылда киіктердің санының артуы салдарынан еңбегіміз зая кетіп отыр. Бұл мәселе бүгін шешімін таппас. Дегенмен, қыстың қамын жаз ойлап, қала берді келер жылғы шөп науқанына дайындық жүргізуіміз керек. Әттеген-айы, киіктер жерімізді отап, он-он бес күндік қана ғұмыры бар «қоңырбастан» өзге ештеңе қалдырмады. Айтпағымыз, киікті бір аумақта жүруге ыңғайлап, жергілікті тұрғындарды құрылғалы тұрған резерватқа жұмысқа қабылдап, шаруалар мен тұрғындарға тиесілі жердің өнімін алаңсыз пайдалануға мүмкіндік берілсе екен,- деп «Жалын» шаруа қожалығының жетекшісі Самат Қаратаев өз ұсынысын жеткізді.

21

«Сұрақ-жауап» форматында өткен жиын барысында киік өлексесінің жан-жануарға және адам өміріне зияны, оны жою жұмыстары, киікті қорғау мәселесіндегі кемшіліктер мен заңдық жауапкершілік, мал азығын ұйымдастыру бағытында сауалдар қойылып, ұсыныстар айтылды. Өңіріміздегі киіктердің саны мен олардың тіршілікке бейімделуі жөнінде Батыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысы міндетін атқарушы Зәкария Туралиев мәлімдеме жасады.

- Өткен жылы облысымыздың оңтүстік аудандарынан 711 бас киік өлексесі жиналды. Оның 315-і аталығы, 396 бас аналығы. Биыл жыл басынан бері 251 бас өлексе жиналса, оның ішінде 104 бас киік төлдеу уақытында жиналды. Киіктің аталығы қыс айларында тіршілікке бейімділігін тоқтатса, аналығы мен төлі төлдеу мезгілінде өледі. Жергілікті ауылдық округ әкімдеріне хабар беріп, ветеринар мамандар мен «Охотзоопром» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны Батыс өңірлік филиалының инспекторларын шақырып, өлекселерді жинап, сараптама жүргізіліп, өртеледі, -деді ол өз сөзінде.

Киікті қорғаудағы заңдық жауапкершілік тұрғысында тұрғындардың наразылығын тудырған тағы бір мәселе бар. Ол – киіктің далада немесе аулада өлуі. Шаруалар далалық аймақта киіктің өлексесін, қала берді мүйізін көріп, оны пайдакүнемдікпен емес, шөп шабу құрылғысына немесе малға зияны келмес үшін алатындығын айтса, кейбірі киіктердің қоныс аударуы барысында ауылдар мен елді мекендердің ішінде қалып, әлдекімнің ауласында өліп қалғандары үшін жауапкершілікке тартылатындығын жеткізді. Әсіресе, Жаңақала ауданында аталған дерекке қатысты іс көбірек қозғалған.

22

- 2020 жылы киік Мәштексайдың жерін түгел отап кетті. Аудан әкімі де хабардар. Биыл да сол мәселе қайта қозғалып отыр. Киіктер ауылымызға кіріп, қорамыздың маңында өліп жатыр. Оны алып, ауыл сыртына шығарып тастаймыз деген ауылдың біраз азаматтары істі болып, сотталды. Нәтижесінде бейбіт күнде сәбилерімізді тірі жетім қылып қойдық. Егер киікті әдейілеп өлтірсе, жауапқа тартылсын. Бірақ ауласында өлген киік үшін сотталған азаматтардың не жазығы бар? Олар кешірімге ілікпейтіндей ауыр қылмыс істеген жоқ қой,- дейді Мәштексай ауылдық қоғамдық кеңесінің төрағасы Қоблан Нұрмұхамбетов.

Бұл турасында комитет төрағасы Нұрлан Наурызұлы жауап беріп, ұсынысты назарға алып, заңға өзгерістер енгізуде аталған мәселені де ескеретіндігін атап өтті. Сондай-ақ ол халықты киік өлексесі немесе мүйізін кезіктірсе жауапты тұлғаларға ескертуге шақырды. Өз бетімен әрекет ету әлгіндей жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін. Халықтың да ұсынып отырғаны заңға осы мәселе төңірегінде өзгеріс енгізу. Ал жиынды қорытындылаған вице-министр Әлия Лазарқызы ұсыныстар назарға алынатындығын жеткізіп, еліміздің киікті сақтап отырған жалғыз мемлекет екенін тілге тиек етіп, резерват құру және киікті қорғау мақсатында жұмыстарды жетілдіруге атсалысатындығын айтып, халықты дала жануарын өлтіруге емес, қорғауға шақырды. Киіктің мәселесі ағымдағы жылы шешімін табады деп сендірді.

Халықпен кездесу барысында Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы төрағасының орынбасары Сергей Скляренко, облыстық мәслихат депутаты Серік Жарылғапов, «Охотзоопром» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының мамандары сөз алып, өз пікірлерімен бөлісті.

26 мамыр күні облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен облыс әкімдігінде жиналыс өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары мен сала мамандары, Казталов, Жаңақала, Бөкей орда, Жәнібек аудандарының басшылары мен салаға жауапты орынбасарлары қатысты. Күн тәртібінде қаралған мәселе бойынша вице-министрдің өңірімізге сапары қорытындыланды.

- 2012 жылы жойылып бара жатқан жануарларды сақтау мақсатында 2022 жылдың аяғына дейін киіктің басын сақтап қалу туралы бұйрығы шықты. Бұйрық өз мақсатына жетті. Халық «не біз қаламыз, не киік қалады» деген талап қоюда. Оны сақтау керек, мақсатымызға жеттік. Енді біз халықтың құқығын қорғауымыз керек. Киіктің келтіріп отырған зияны көп. Халықтың мүлігі, үй жануарлары бар, олар тек өзін ғана емес, елді ет, сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Мәселе мемлекеттік деңгейде көтерілді. Алдағы уақытта осы мәселеге қатысты жұмыс тобы құрылады. Біз шілде айының 1-іне дейін ұсыныстарымызды әзірлеуіміз керек. Сондай-ақ киіктердің мүйіздерін заңсыз сату бойынша қатаң тәртіп болуы тиіс. Соңғы бес жылда браконьерлерден 8000-ға жуық киіктердің мүйізі тәркіленген. Оны сақтау үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп отыр. Егер киік еті мен мүйізін, терісін белгіленген тәртіппен сатар болсақ, жергілікті бюджет те үнемделіп, облыс экономикасына кіріс кіреді, -деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Облыс әкімдігінде өткен жиында сала мамандары да киік популяциясын шектеу жөніндегі ұсыныстарын айтып, мәселенің жуық арада шешілу керектігін алға тартты. Мамандардың дерегіне сүйенсек, әлемде 100 пайыз киік болса, оның 95 пайызы Қазақстанда. Оның ішінде 65 пайызы Орал популяциясына жатады. Оны қорғау да мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Әйтсе де, халықтың жан айқайы да орынды. Резерват пен қорықша құрылса, оңтүстік аудандардағы шаруалардың халі оңалып, жұмыссыздық мәселесі де шешімін табар еді. Оңтүстік аудандардың сұранысын қанағаттандырарлық оң шешім қабылданады деген сенімдеміз.

 

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале