28.05.2022, 10:49
Оқылды: 66

Ринг шеберлері - Жымпитыда!

Кеше Сырым ауданында Балалар жылына және Халықаралық балаларды қорғау күніне орай бокстан Сырым ауданының ашық біріншілігі басталды.

IMG-20220528-WA0003

Бокс - қазаққа таңсық емес. Сиднейді сілкіндірген Бекзат, Ермахан, Мұхтархандар, Афиныда атой салған Артаевтар, жаһан жұлдыздарының арасынан Вэл Баркер Кубогын жұлып алған Серік Сапиев, Риода рух жарылысын жасаған Даниярлар боксты қазақтың ұлттық спортына айналдырды. Енді міне, ауылдың қарадомалақтары да былғары қолғап киіп, арқан тартылған алаңға кіре бастады.

IMG-20220528-WA0001

Сырым ауданында бокс үйірмесі 2015 жылы ашылған. Жаттықтырушы Тайман Оразбаевтың шәкірті Қайнар Жұмақаев облыс чемпионы атанғанда сырт көз "Сырымдықтар күресуді ғана емес, жұдырықтасуды да біледі екен! " - деп сүйсінген. Тайман бапкер мақсатынан таймай, талмай әлі еңбек қылып келеді. Біріншілікке Сырым ауданының атынан 30 шақты балғын боксшы қатысқаны да - соның айғағы.

IMG-20220528-WA0002

Бұдан бөлек Жымпитыға Шыңғырлау, Қаратөбе және Орал қаласындағы" Жекпе - жек " мектебінің, Оқушылар сарайындағы Олимпиада чемпионы Д.Елеусінов атындағы бокс үйірмесінің шәкірттері келді. Кейінгі жылдары белгілі спортшы, Ауған соғысының ардагері Қази Төлегенов Жетікөл ауылдық округінен бокс сабағын ашқан. Батырдың ауылының былғары қолғапшылары додаға қатысты.

IMG-20220528-WA0000

Жарыстың салтанатты ашылуында Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов, бас төреші Ербол Мурзахметов қатысты.

Рингтегі шайқастар бүгін аяқталады. Финалдық бәсекелерді тамашалаймын, боксты көзбен көремін дегендер "Қайсар" спорт клубына барсын.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале