30.05.2022, 9:00
Оқылды: 88

Жазықсыз жазаланғандар ақталады

1928-1932 жылдардағы күштеп ұжымдастыру саясатының салдары Орда ауданының ауылдарына да өз зардабын тигізген. 1930-1932 жылдары Орда ауданының №1 ауылы, Қасымтау және Сүйіндік ауылдарындағы байлардың жергілікті Кеңестік билік құрылымдарына және колхоздастыруға қарсы бас көтеруі орын алған. Оған Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті архивінен табылған құжаттағы деректер айқын дәлел болып табылады. Архивте Құрмашев Қаби және басқаларын ҚК 58-10, 59-13 баптары бойынша айыптаған П-3271 нөмірлі құжаттық іс сақталған. Осы архив деректері негізінде Орда ауданы байларының ұжымдастыруға қарсы бас көтеруі тақырыбында жазылған мақаламды көпшілік оқырманның назарына ұсынамын.

кугын сургин655640

1930-1932 жылдары бай-кулактарды тап ретінде жою бағытында өткізілген ұжымдастыру науқанын жүзеге асыру кезеңінде Батыс Қазақстан облысының байлары белсенділік танытып, кеңестік билікке қарсы бүліктер жасаған. Олардың контрреволюциялық және антикеңестік қызметтері колхоздарды ыдырату, Кеңес билігінің жақын арада құлайтындығы туралы қауесет сөздер тарату, Қазақстаннан тысқары аймақтарға жаппай көшуді ұйымдастыру түрінде көрініс беріп, ақыр соңында кеңестік билікке қарсы қарулы күрес жүргізуді мақсат еткен. Контрреволюциялық топтардың шоғырланатын орындарының бірі ретінде Қалмақ облысы таңдалып алынып, Батыс Қазақстан облысының әр түрлі аудандары­нан шыққан байлар сол жаққа ағыла түскен. Қалмақ облысы аумағына жиналған байлар контрреволюциялық ұйымға бірігіп, мал ұрлаумен айналысатын «бандалық топ» құрып, Кеңес өкіметімен болатын шайқасқа қару-жарақтарын сайлап, дайындала бастаған. Қалмақ облысындағы байлар контрреволюциялық қызметтерімен шектеліп қоймай, осы бағыттағы ықпалдарын кеңейте түсу мақсатында өздерінің бұрынғы тұрғылықты жерлеріндегі байлармен байланыс орнатып, Орда ауданының Қасымтау, Сүйіндік ауылдарына өз өкілдерін жіберіп отырған. Орда ауданының, соның ішінде №1 ауыл, Қасымтау және Сүйіндік ауылдарының өздерінің тұрғылықты жерлерінде қалған байларының алғашқы контрреволюциялық қызметтері 1929-1930 жылдары ұжымдастыру кезеңінде басталып, олар алдарына колхоздарды ыдыратып жіберуді міндет етіп қойған. Байлар колхоздарды ыдыратудың әдісі ретінде тұрғындардың арасында антиколхоздық үгіт-насихат жүргізуді, сондай-ақ колхозға мүше болып кіріп алып, оны ішінен ыдыратуды таңдап алған.  Байлардың келісіп жасаған әрекеттерінің нәтижесінде колхоздар тарқап кетіп отырған. 1930 жылы Қасымтау ауылында колхоз ұйымдастырылады. Ауылдың байлары колхозға қосылуды құптамайды. Колхоз құру барысында жергілікті биліктің жауапты адамдары Қадырғали Исмағамбетовтен шаруа қожалығын уақытша пайдалануды сұраған екен. Алайда Қадырғали Исмағамбетов кол­хозға өзінің қыстауын беруден үзілді-кесілді бас тартып, «Сендердің колхоздарың бәрібір ұзаққа бармайды» деп кесіп айтқан. Сол кезеңде Қасымтау ауылында Кәкіш Алманов пен Әлмағамбет Уаисовтың басшылығымен байлардың ұйымы құрылып, кеңестік биліктің саясатына қарсы антиколхоздық үгіт-насихат жүргізген. Олар өздерінің жағына үгіттеу арқылы орташалар мен кедейлерді тартып, кедейлердің жалпы жиналысы кезінде бүлік шығарып, жергілікті кеңестік құрылымның өкілдерін, оның ішінде ауылдық  кеңестің төрағасын, хатшысын ұрып-соққан. Нақтырақ айтқанда, Есенғали Дауылбаев, Қази Қаражумин, Елемес Нұрғалиев соққыға жығылған. Ақырында байлардың ұйымы Қасымтау ауылында ұйымдастырылған колхозды таратып жібереді. Бұл ұйымның қатарында Кәкіш Алмановпен бірге Жүніс Жамалов, Кұлбай Сырымбеков, Өтеғұл Сырымбеков, Құбай Айтқалиев, Үмбетәлі Өтәлиев, Қадырғали Исмағамбетов, Шәкір Жәрдемов, Ахмеджан Жәрдемов, Омар Жетібаев, Қаби Саржігітов, Жәрдем Кенжеғалиев, Хайретдин Әбужапаров, Медекеш Зайналиев, Самау Жақыпов секілді байлар белсенді әрекет етіп, ауыл қызметкерлерін, коммунистерді ұрып-соғуға қатысқан. 1931 жылы күзде ауылдың кедейлері бай­лардың жасаған істеріне наразылық ретінде кедейлердің жалпы жиналысында аталған байлардың  барлығын колхоздың құра­мынан шығарып жібереді.

Колхоздан шығып кеткен байлар енді Астрахан, Қалмақ облыстарына қарай тыныш, өздеріне қолайлы жерлерге қоныстану жағын қарастыра бастаған.  Осыған ұқсас жағдай Орда ауданының №1 ауылында да орын алған және  сол ауылдың байлары Қасымтау ауылының байларымен тығыз қарым-қатынаста болған. Бұл ауылдағы колхозды ыдырату мақсатында біріккен топқа Қаби Құрмашев, Ықсанғали Мұқанов жетекшілік жасаған. Көтерілісшілер бастапқыда жасырын жиналыстар өткізсе, кейін колхоздастыруға ашық түрде қарсы шығып, колхоздың мал-мүлкін тонаумен айналысқан. Байлардың антиколхоздық әрекеттері анықталған соң олар да колхоздан шығарылған. Сүйіндік ауылының байлары – Лұқпан Бек­теміров, Омарғали Жанғалиев Қасымтау ауылының байлары – Кұлбай Сырымбековпен, Үмбетәлі Өтәлиевпен және басқа да байлар­мен байланыс орнатып, ауыл тұрғындары арасында кеңестік билікке қарсы үгіт-насихаттар жүргізіп, Астрахан, Қалмақ облыстарына көшіп кету жөнінде жиі айтып отырған.

1931 жылдың аяғында Кұлбай Сырымбеков колхоздан шығарылғаннан кейін Астрахан округіне қарай қашқан, одан әрі Қалмақ облысы жеріне барған және ол жақта бір ай болып қайтқан. Елге келген бойда Кұлбай Сырымбеков Қалмақ облысы аумағында билік құрылымдарына қарулы қарсылық танытып жүрген «бандалық топтың» бар екендігі жөнінде ауыл арасында әңгіме таратып, мына жаққа қарағанда ол жақта өмір сүру жақсырақ екенін айтқан. Шындығында, Кұлбай Сырымбеков Қалмақ облысына Қасымтау ауылынан бұрынырақ кеткен Қажығали Сұлтанғалиев, Шавали Қасымов секілді байлармен кездесіп, сол жаққа өз отбасыларымен бірге көшу мәселесін ақылдасу үшін барған. Кұлбай Сырымбеков тергеуде берген өз жауабында малдарын жаппай сатып жібергені үшін кол­хоздан шығарылып, жеке салық салынғаннан кейін Иманғали Бақтыбаевпен бірге ауылдан шығып, Қарабайлы стансасы арқылы Қалмақ облысының Андреевка хуторына өзіне күйеу бала болып келетін, сол жақта жасырынып жүрген Қажығали Сұлтанғалиевқа барғанын мәлім  еткен. Әңгіме барысында Қа­жығали Сұлтанғалиевтің бұл жақта өмір сүру қолайлы екенін айтып, оларға Қалмақ облысына көшіп келуге кеңес бергенін баяндаған. Мұнда үш күндей болып, Иманғали екеуі Джакуй қаласына тағы бір туысқаны Шавали Қасымовқа барғанын атап көрсеткен.

Шавали Қасымовтың үйінде болғанда ол бұларға өз кәсібі туралы айтып берген. Ол аң аулап, түлкі, қоянның терісін Астраханға барып өткізетінін, оның орнына ұн, шай, шекер және басқа да қажетті азық-түлік ала келетінін, бұл жақта күнкөрістің қамын осылай да жасауға болатынын жеткізген. Осы сапарында Кұлбай Сырымбеков кездескен адамдардан Қалмақ облысы аумағында жасырынып жүрген қарулы «бандалық топтың» бар екенін естіген. Одан кейін осы жаққа қоныс аударған ауылдастары – Төлепберген Мұқановатың,  Хайрулла Зұлқайнаровтың үйінде болып, бір ай дегенде ғана ауылдарына жеткендерін мәлімдеген. Орда ауданындағы Сүйіндік ауылының тұрғыны, сол уақытта кулак ретінде анықталған Арыстанғали Ихласов 1929 жылдың аяғында байдың санатына жатқызылып, астық дайындау науқаны кезеңінде 5 пұт бидай салығы салынғанын, оны төлей алмаған соң мал-мүлкі тәркілеуге ұшырағанын айтқан. Дегенмен артынан бидай салығын толықтай өтегесін мал-мүлкін кейін қайтарып алған.

Бұдан кейін ол қолындағы бар малын түгелдей сатып, 1930 жылдың шілдесінде Қалмақ облысының Замьяна ауылына көшіп кеткен. Кейінірек ол жаққа ордалықтардан он шақты шаруашылық көшіп барған, оның ішінде Оспан Қарамолдин, Мүшкен Дәулетияров, Қажығали Дербісалиев және басқалары бар.

Сонымен бұлардан басқа шаруашылықтар да күштеп ұжымдастыру саясатына шыдамай, Астрахан, Қалмақ жеріне көшіп кетіп отырған. Арыстанғали Ихласов 1932 жылы ақпан айының ортасында Астрахан облысы аумағында Орда ауданына барып, базарда мал сатып жүрген адамдарды құзырлы құрылымдар жаппай ұстай бастағанын айтқан. Миллиционерлер кейін ауылға келіп, үйүйді тінтіп, Қажығали Дербісалиевті тұтқындаған, одан басқа барлығы 26 адамды ұстап, Қалмақбазар ауданына алып барған, кейін өзін және басқаларды Астрахан түрмесіне қамаған. Арыстанғали Ихласов Астрахандағы қамаудан тек төрт айдан соң ғана босап шыққан. Сөйтіп, күштеп ұжымдастыруға наразылық білдірген Орда ауданында қалған байлар да алдарындағы малдарын сойып, Астрахан өңіріндегі базарларда саудалап отырған.

Бұл байлар үшін малдарын колхозға өткізбеудің бір амалы болды деп есептейміз. Алайда байлардың бұл әрекеттері кейін өздеріне айып болып тағылған. 1932 жылы 25-26 наурызда Үмбетәлі Өтәлиев пен Құлбай Сырымбеков Сүйіндік ауылына келіп, тұрғындармен кездесу өткізген. Олар елдегі жағдайдың күрделі екенін, халықтың ашаршылыққа ұшырағанын, тіпті биліктегі қызметкерлердің өздері де ашығып жүргенін айтқан. Егер жағдай ушыға берсе, жұмысшылар мен қызметкерлердің өздері көтеріліске шығатынын, бәрінен бұрын кеңестік билік осыдан қорқып отырғанын атап көрсеткен. «Енді ауылда тыныш өмір сүру мүмкін емес, сондықтан бас ауған жаққа кету керек, ең болмағанда Ас­трахан округіне немесе Қалмақ облысына қарай бару керек. Ол жақта жағдай жақсы, саудамен айналысып, азық табуға да болады» деп өз ойларын жеткізген. Лұқпан Бектеміров қонақтардың сөзін қостап, ешкімнің көшкісі келмейтінін, егер өзіне салынған міндеткерліктен құтылса, бірден ат сатып алып, жұмыс іздеп, міндетті түрде Астрахан жаққа барып, жасырынатынын айтқан. 1932 жылы сәуір айының басында Кұлбай Сырымбеков пен Қаби Құрмашев ауылды аралап, Өтеғұл Сырымбековтың, Жүніс Өрнековтың, Қаби Саржігітовтің, Жүніс Жамаловтың үйлерінде болады. Колхозға қайтадан кіру үшін арыз беру мақсатында олармен Ордаға бірге баратын болып келіседі. Сонымен бірге Кұлбай Сырымбеков кездесуде «Қазір барлық билік органдары өтініштерді қабылдап жатыр, колхозсоюзға арызымызды береміз, мүмкін бізді колхозға қайтадан қабылдап қалар, қабылдамаған жағдайда не боларын артынан көрерміз» деп айтқан. Одан кейін Кұлбай Сырымбеков Қалмақ облысына жасаған сапары жөнінде әңгімелеп, ол жақта билікке қарсы қарулы «бандалық топтың» бар екенін, жағдай күрделене берсе, сол жаққа қарай кетудің қажеттігін жариялаған. 4 сәуір күні Кұлбай Сырымбеков, Өтеғұл Сырымбеков, Қаби Құрмашев, Жүніс Өрнеков, Жүніс Жамалов, Қаби Саржігітов Ордаға барады. Алайда ауылдағы таптық күрестің тіптен шиеленісе түскеніне қарағанда байлардың колхозға қайта кіру ниеті орындалмағанға ұқсайды.

1932 жылы 26 сәуірде Кұлбай Сырымбековтың үйінде «Қаратсойған» мекенінде түнде байлардың жасырын жиналысы өткізіліп, оған Үмбетәлі Өтәлиев, Сейтбатал Айтжанов, Шәкір Жәрдемов, Үмітәлі Мұсақатов, Кұлбай және Өтеғұл Сырымбековтер, Қаби Саржігітов, Жүніс Жамалов, Әлмағамбет Уаисов, Кәкіш Алманов, Ақмолда Бегешанов, Мұғалім Хасаинов, Мүлхайдар Жакупов, Төлепқали Мүлхайдаров, Сабыр  Тоқсаналиев, Қадырғали Исмағамбетов, Сүлеймен Қараев, барлығы 20 шақты адам қатысқан. Бұл жиналыста Үмбетәлі Өтәлиев, Сейтбатал Айтжанов, Кұлбай Сырымбеков, Шәкір Жәрдемов және Жүніс Жамалов кезекпен сөз алып, «Кеңес өкіметіне қарсы барлық жерде соғыс болып жатыр. Жапония, Қытай Кеңес билігіне қарсы соғыс жүргізуде. Астрахан округінің аудандарында колхоздар тарап кеткен, жақын арада Кеңес өкіметі құлайды. Бізде де колхоздарды таратып жіберулері керек болған, бірақ біздің жергілікті қызметкерлер колхоздарды таратпай ұстап отыр. Енді бізге Қалмақ облысында жүрген Қажығали Сұлтанғалиевпен және Омар Жетібаевпен (1931 жылғы Жаңақала көтерілісінің белсенді «бандалары») байла­ныс орнату қажет, олардан қару-жарақ алып, дер кезін­де қаруланып, Кеңес билігіне қарсы шығуға дайын болуымыз керек. Бұл амалды жүзеге асыру үшін Қалмақ облысынан қару-жарақ алуға қол жеткізіп, қаруланып алып, кейін колхоздың малын айдап, Қалмақ облысына қарай көшіп кету керек. Қалмақ облысындағы «бандаларға» қосылып алайық, одан әрі жасайтын әрекеттерді кейін көре жатамыз» деп мәлімдеген. Барлық қатысушылар Өтәлиев және басқаларының айтқан сөздеріне қолдау білдіріп, Қалмақ облысына өз араларынан уәкіл ретінде Кәкіш Алмановты, Ақмолда Бегешановты, Үмбетәлі Өтәлиевті және Сүлеймен Қараевты жіберуге бірауыздан шешім қабылдаған. Қасымтау ауылының тұрғыны Жүніс Жамаловтың тергеуде айтқаны бойынша күштеп ұжымдастыруға қарсылық білдірген Қадырғали Исмағамбетов, Үмбетәлі Өтәлиев, Сейтбатал Айтжанов ауылдық биліктің кеңсесіне келіп, сүтті мал берулерін талап еткен, олай болмаған жағдайда басқа ауданға көшіп кетеміз деп қорқытқан. Ақырында Исмағамбетов, Өтәлиев, Айтжанов өз ауылдарынан қашып шығып, Астрахан жаққа қарай көшіп тынған. Астрахан аумағына барып қоныстанған Қадырғали Исмағамбетовтың екі ұлының бірі Дінім Қадырғалиев 1930 жылы көшіп кетсе, екіншісі Имаш Қадырғалиев 1931 жылы көшіп барған. 1932 жылы Имаш Қадырғалиев Қасымтау ауылына келіп, Орда ауданына қайтып көшіп келмекші болған, дегенмен ол сол кеткеннен қайтып оралмаған. Қасымтау, Сүйіндік және №1 ауылдары байларының ұйымы көші-қонға дайындықпен қатар, тұрғындар арасында колхозды ыдырату, отырықшылыққа көшу, салық жинау науқандарына кедергі келтіру бағытында антикеңестік үгіт-насихатты жүйелі түрде жүргізеді. Сондай-ақ олар соғыс болады, жақын арада Кеңес өкіметі құлайды, патша билігі қайта құрылады деген қауесет сөздер таратады. Қасымтау ауылының байларына қатысты айтар болсақ, байларды басқа өңірлерге қоныстандыру мәселесі тоқтатылып, олар қамаудан босатылғаннан кейін ауылға келіп, биліктің қолға алған шараларына қарсы әрекеттерін жүргізе бастаған. Атқамінер Құбай Айтқалиев Әлмағамбет Уаисовтың үйіне келіп, келіні Жамалдың көзінше «Бізді Кеңес өкіметі қамаудан босатты, олар бізді ұзақ ұстай алмады, себебі салдарынан қорықты. Егер олар қорықпаса, бізді босатпас еді. Сендер қазір колхозда жұмыс жасайсыңдар, кімге жұмыс жасап жүрсіңдер, өздерің білмейсіңдер, алдарыңдағы малды өзімдікі дей алмайсыңдар, оны емін-еркін қажеттеріңе пайдалана алмайсыңдар. Кеңес өкіметінің құлауы жақын, халықтан күштеп жинап алған мал-мүліктен құралған колхоз да ертең тарап тынады. Әзірге кеш болмай тұрғанда колхоздан шығу керек» деген. Осыдан кейін Уаисовтар колхоздан шығып кеткен.

Үмбетәлі Өтәлиев Қасымтау ауылында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарға «Сендер әр түрлі саяси науқанның міндеттерін неге орындайсыңдар, онсыз да сендерді дұрыс қамсыздандырып отырған жоқ. Егер  тапсырмаларды орындамасаңдар, сендерді ешкім күштей алмайды, ал сол әр түрлі жоспарлар орындалмаса, колхоз тарап, қоғамдық меншіктегі мал өздеріңе қайтарылады. Кеңес билігі ұзақ тұрады деп ойлайсыңдар ма? Жоқ. Биліктің халі мүшкіл, қоғамның кедейлер қабатын түртіп қалсаң құлайын деп тұр. Бізді қамаудан неліктен босатты, себебі Кеңес билігі бізді көп отырғызуға қорқады, олар өз қателіктерін және ақырғы сәті таянғанын көріп тұр» деп мәлімдеген. 1932 жылы 11 сәуірде Кұлбай Сырымбеков жалпы жиналыста ауыл шаруашылығы есептік-салық науқанына ашық қарсы шыққан, соның арқасында жиналысқа қатысушы ауыл тұрғындарының көпшілігі ауыл шаруашылығы салығына қарсылық білдірген. Лұқпан Бектеміров Сүйіндік ауылы тұрғындары арасында «Газеттегі мәліметтерге қарағанда елде соғыс жүріп жатыр, бірқатар қалада көтерілістер болып жатыр, бұл жағдай біздің өңірімізде де орын алады» деген хабар таратқан. Сонымен бірге «Жақында Сарғарт Дәнеков, Әжімұрат және Зұлқарнай Сейдалиевтер Қалмақ облысына қашып, сол жақтағы бандалық топқа қосылды. Енді бұл бандалар біздің ауылға келіп, Кеңес билігін құлатады» деп  баяндаған. Қаби Құрмашев №1 ауылдың бір адамына жеке әңгіме барысында елдегі күрделі саяси жағдай туралы айтып, Қалмақ даласынан ауылға келе жатқанда сол жақтағы бір танысына бір бие құлынымен, бір сиыр бұзауымен, кілем және басқа да бұйымдарын сақтап қою үшін тастап кеткенін сөз еткен. 18 мамырда Қаби Құрмашев Төлепқали Мүлхайдаровпен бірге қамауда отырған кезде Батырбек ауылының бірқатар байының көзінше «Қазіргі уақытта КСРО-ға қарсы соғыс жүріп жатыр. Шетел әскерімен болған шайқаста 25 мың қызыл әскер қаза тапқан, көпшілігі тұтқынға алынған, қашқаны құтылып кеткен» деп қауесетсыбыс таратқан. Ондағы мақсат – халыққа Кеңес билігінің әлсірегенін көрсетіп, жергілікті билік құрылымдарына қарсылық таныту. 1932 жылы 26 мамырда Орда ауданындағы Терек­ті ауылының тұрғыны Қаби Құрмашев қамауға алынған. №1 ауылдың тұрғындарынан Қаби Құрмашевпен бірге айып тағылғандардың ішіндегі Ықсанғали Мұқанов Вологда қаласына, Ишанғали Бөкенбаев Сібір өлкесіне бұрынырақ жер аударған, ал Жақсымбек Ирғазиев, Ықсан Көпжанов, Бисенбай Омаров, Сүндетқали Ажығалиев, Зұлқайыр Харесов тергеуден қашып жүрген және оларға іздеу жарияланған. 6 маусымда Орда аудандық ОГПУ бөлімі айыпталушылар қатарындағы адамдардың іздестіру жұмыстарын күтпестен тергеу ісін тездету мақсатында Қаби Құрмашевқа ҚК 58-8, 58-10 баптары бойынша бастапқы айып тағу жөнінде қаулы қабылдаған. 1932 жылы 3 шілдеде Орда ауданындағы Сүйіндік ауылының байлары – Омарғали Жанғалиев, Зұлқар Жанғалиев, Ұсағали Досқалиев, Ғабдолла Ұсағалиев, Шакеш Ұсағалиев, Қасымтау ауылының байлары – Құлбай Сырымбеков, Үмбетәлі Өтәлиев, Қадырғали Исмағамбетов, Жүніс Жамалов, Өтеғұл Сырымбеков, Қаби Саржігітов, Құбай Айтқалиев, Төлепқали Мүлхайдаров, Шәкір Жәрдемов қамауға алынған. Сонымен бірге 2 шілдеде Жамиль Жұмағалиев, Арыстанғали Ихласов қамауға алынған екен, кейінірек Лұқпан Бектеміров  тұтқындалған. Қамауға алынғандардың барлығы да БҚО бойынша ОГПУ-дың тергеу изоляторына Орал қаласына жөнелтілген. Қараша айында тергеу барысында кінәлары анықталмаған азаматтарды қамаудан босатса, Қаби Құрмашев, Құлбай Сырымбеков, Үмбетәлі Өтәлиев, Құбай Айтқалиев, Шәкір Жәрдемов, Өтеғұл Сырымбеков, Төлепқали Мүлхайдаров, Лұқпан Бектеміров, Омарғали Жанғалиев, барлығы 9 адам ҚК 58-10, 59-13 баптары бойынша айыптала бастаған. Оларға ұжымдастыру саясатына қарсылық білдірді, колхоздарды таратып жіберді, жасырын ұйым құрды, жергілікті билік өкілдеріне қарсы шықты, кеңестік билікке қарсы үгіт-насихат жүргізді деп айып таққан. Қаби Құрмашевтан басқалары өздеріне тағылған кінәні мойындамаған. Ал осы іс бойынша белсенді тұлғалар ретінде қаралып жатқан Қаби Саржігітов, Қадырғали Исмағамбетов және Жүніс Жамалов Оралдағы ИТУ-да (еңбекпен түзеу мекемесі) болған кезінде денсаулықтарының нашарлауына байланысты қайтыс болған. Орда ауданының №1 ауылы, Қасымтау және Сүйіндік ауылдарының кеңестік биліктің саясатына ашық қарсы шықты деп жазықсыз айыпталған азаматтарына қатысты архив құжатында мынадай деректер  бар:

1. Қаби Құрмашев, 53 жаста. Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданының №1 ауылының тұрғыны, 1907-1909 жылдар аралығында старшынның хатшысы, 1919-1920 жылдары ақтар кезінде старшын қызметтерін атқарған, бай, сайлау құқығынан айырылған, сауатты, партия қатарында жоқ, отбасылы, 1928 жылы сотталған, 1930 жылы ұжымдастыру кезеңінде Ықсанғали Мұқановпен бірге колхоздарды ыдырату бағытында байлардың тобын құрып, жетекшілік жасаған.

2. Құлбай Сырымбеков, 49 жаста. Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданының Қасымтау ауылының тұрғыны, бай, сайлау құқығынан айырылған, сауатсыз, партия қатарында жоқ, отбасылы, кәсібі бойынша малшы, өзінің айтуы бойынша сотталмаған. 1929-1930 жылдары колхоздарды ыдырату бойынша байлар тобының белсенді мүшесі болған.

3. Үмбетәлі Өтәлиев, 41 жаста, Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданының Қасымтау ауылының тұрғыны, революцияға дейін бірнеше жыл старшын болып қызмет атқарған. 1921-1922 жылдары банды Орынғалидың тобына белсенді қатысқан, бай, сайлау құқығынан айырылған, шала сауатты, партия қатарында жоқ, кәсібі бойынша малшы, отбасылы, 1931 жылы сотталған, өйткені 1930 жылы колхоздарды ыдырату бойынша байлар тобына кірген, кеңестік қызметкерлерді ұрып-соғуға қатысқан. Сырымбековтың үйінде өткен жасырын жиында Жаңақала көтерілісі басшылары Сұлтанғалиевпен және басқаларымен байланыс орнату қажеттігін, Қалмақ жерінен қару-жарақ алу және Қалмақ облысына көшіп кету жағын айтқан.

4. Құбай Айтқалиев, 49 жаста. Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданының Қасымтау ауылының тұрғыны, бай, сайлау құқығынан айырылған, сауатсыз, партия қатарында жоқ, кәсібі бойынша малшы, отбасылы, өзінің айтуы бойынша сотталмаған. 1930-1932 жылдары Қасымтау ауылында колхозды ыдырату бойынша байлардың тобын құрып, жетекшілік жасаған. Колхоздастыруға қарсы үгіт-насихат жүргізу арқылы Қасымтау ауылындағы колхозды таратып жіберген. Бұл мәселелер бойынша Орда ауданының №1 ауылындағы байлар тобының жетекшісі Қаби Құрмашевпен байланыс орнатқан. Олардың байланысы басында жасырын жиналыстар өткізумен шектелсе, кейін колхоздарға ашық қарсылық білдіру, колхоз мүлкі мен малын тонау арқылы көрініс берді.

Кеңестік билікке қарсы және жеңілмеуге үгіт-насихат жүргізіп, колхозшыларды колхоз малын өз бетінше сойып алуға, колхоздан шығуға итермеледі.

5. Шәкір Жәрдемов, 30 жаста. Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданының Қасымтау ауылының тұрғыны, бай, сайлау құқығынан айырылған, шала сауатты, партия қатарында жоқ, кәсібі бойынша малшы, отбасылы, 1931 жылы малын әдейі сатқаны үшін сотталған, колхоздарды ыдырату бойынша Қасымтау ауылының байлары тобының  мүшесі  болған.

6. Өтеғұл Сырымбеков, 50 жаста. Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданының Қасымтау ауылының тұрғыны, бай, сайлау құқығынан айырылған, сауатсыз, партия қатарында жоқ, кәсібі бойынша малшы, отбасылы, өзінің айтуы бойынша сотталмаған. Колхоздарды ыдырату бо­йын­ша Қасымтау ауылының байлары тобының белсенді мүшесі, өзінің ағайыны Құлбай Сырымбековтың үйінде болған байлардың контрреволюциялық жиылысына қатысқан.

7. Төлепқали Мүлхайдаров, 40 жаста, Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданының Қасымтау ауылының тұрғыны, бай, сайлау құқығынан айырылған, шала сауатты, партия қатарында жоқ, кәсібі бойынша малшы, отбасылы, өзінің айтуы бойынша сотталмаған. Құлбай Сырымбековтың үйінде өткен байлардың жасырын жиналысына қатысқан, халық арасында кеңестік билікке қарсы үгіт-насихаттар жүргізген.

8. Лұқпан Бектеміров, 47 жаста. Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданының Сүйіндік ауылының тұрғыны, 1913 жылдан 1923 жыл аралығында молда болған, бай, сайлау құқығынан айырылған, шала сауатты, партия қатарында жоқ, кәсібі бойынша малшы, отбасылы, өзінің айтуы бойынша сотталмаған. Қалмақ облысында жасырынып жүрген байлар тобымен және Қасымтау ауылының байларымен байланыс жасаған.

9. Омарғали Жанғалиев, 45 жаста. Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданының Сүйіндік ауылының тұрғыны, революцияға дейін әр түрлі лауазымды қызметтер атқарған. 1918-1919 жылдары ақтардың кезеңінде өз еркімен Анохиннің отрядына қосылып, бейбіт тұрғындарды шабуылдау әрекеттеріне қатысқан, әлеуметтік шыққан тегі жағынан ірі байдың ұлы, өзі де бай, сайлау құқығынан айырылған, сауатты, партия қатарында жоқ, кәсібі бойынша малшы, отбасылы, 1930 жылы мал саудалағаны үшін сотталған, Қалмақ облысында жасырынып жүрген байлармен байланысы бар, халықты көшуге үгіттеген және кеңестік билікке қарсы шығуға шақырған.

1932 жылы 1 желтоқсанда Орда ауданының №1 ауылы, Қасымтау және Сүйіндік ауылдарының тұрғындарына қатысты қылмыстық істің айыптау қорытындысы шығарылып, енді бұл құжат ҚАССР ОГПУ-дің саяси өкілдері үштігінің соттан тыс қарауына жолданған. 1932 жылғы 28 желтоқсандағы  ОГПУ жанындағы саяси өкілдер үш­тігінің отырысында №354 айыптау ісі бойынша Қаби Құрмашев және басқаларға, барлығы 9 адамға қатысты ҚК 58-10, 59-13 баптары негізінде төмендегідей шешім қабылданған:

1. Кулбай Срымбеков,

2. Умбетали Уталиев,

3. Кубай Айткалиев,

4. Тулепгали  Мулхайдаров,

5. Омаргали Джангалиев,

6. Лукбан Бектемиров – он жыл мерзімге концлагерьге жабылсын, мерзімі 3/VII-32 ж. есептелсін.

7. Каби Курмашев,

8. Шакир Джардемов,

9. Утегул Срымбеков – бес жыл мерзімге концлагерьге жабылсын, мерзімі 3/VII-32 ж. есептелсін. Барлығының мүлкі тәркіленсін.

Сөйтіп, ұжымдастыру саясатына қарсылық білдіргендері үшін  сотталған Орда ауданының №1 ауылы, Қасымтау және Сүйіндік ауылдарының адамдары жазаларын өтеу үшін Қарлагқа жөнелтілген. Ал олардың кейінгі тағдырлары туралы мәлімет жоқ. Дегенмен 1989 жылы 13 шілдеде жазықсыз айыпталған Орда ауданы азаматтарының барлығы Орал облыстық соты Президиумының қаулысымен ақталған.

Өтәлиев Үмбетәлі Өтәлиевтің ұрпағы Ерлан Нүптіғалиевтің ауылдағы көне көз қариялардың айтқандарынан естуі бойынша сотталғандардың бірде-біреуі елге қайтып оралмаған. Өзінің атасы Үмбетәлі Өтәлиев те сол кеткеннен із-түзсіз жоғалған. Ерлан өзінің шыққан ата-тегіне, саяси қуғын-сүргін құрбаны болған атасы Үмбетәлі Өтәлиевке қатысты архив деректерін қарастырып жүр екен. БҚО Полиция департаментіндегі құжатпен ұрпағы ретінде танысып көрген. Дегенмен атасының бұрын қандай қызметтер атқарғанын, сотталғаннан кейін қайда, қашан қайтыс болғанын және қай жерде жерленгенін білгісі ке­леді. Алайда әзірге бұл жағдайларға қатысты нақты дәлелдейтін құжаттар қолына тие қоймаған. Жазықсыз жапа шегіп, шейіт болған аталарымыздың артында іздейтін жоқтаушысының бар екені, бүгінгі бейбіт өмірде ұрпақтарының өсіп-өніп жатқаны қуантады.

Қорыта айтқанда, Орда ауданы байларының ұжымдастыру саясатына қарсы бас көтеруі 1928-1932 жылдардағы Орал округіндегі халық көтерілістерінің құрамдас бір бөлігі болып табылады. Олай дейтін себебіміз, Орда ауданындағы бас көтерулердің Жаңақала көтерілісімен байланысының болғандығы анық байқалады. Өйткені Жаңақала көтерілісіне қатысқан және тергеуден босаған адамдар Орда ауданына келіп қоныстанған, одан әрі Астрахан округіне, Қалмақ облысына қарай қашқан. Қажығали Сұлтанғалиевтің, Омар Жетібаевтың, Медекеш Зайналиевтің және басқа да Жаңақала өңірінен шыққан көтеріліске қатысушылар екендігіне архив деректері дәлел болады. Міне, осындай белсенді көтерілісшілер Орда ауданы байларына идеялық қолдау көрсетіп, кеңестік билікке қарсы күресте оларға демеу болып отырған. Орда ауданы байла­рының өздерінің дүние-мүліктерін және бостандықтарын қорғау жолындағы бас көтеруінің мақсат-мұраттары қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысымен үндесіп жатыр. Сталиндік әкімшіл-әміршіл жүйеге қарсы тұра білген қайсар рухты жандарды халық батырлары деп тануға, олардың ерліктерін қазіргі жас буынға үлгі-өнеге етуге әбден лайық. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық саяси ақтау, олардың есімдерін бүкіл қоғамға таныту және дәріптеу – егеменді еліміздің басты идеологиялық ұстанымының бірі. Бұл жағдай халқымыздың тарихи санасының жаңғыруына негіз болып, Жаңа Қазақстанның рухани-мәдени дамуына  жол ашады.

Есқайрат Хайдаров,

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың аға  оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі
БҚО бойынша комиссияның мүшесі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале