ҰБТ дегеннен шығады-ау, қазіргі ҰБТ-ңыз бұрынғы ҰБТ-ның қасында ҰБТ ма, тәйірі! О-ой, не «қызықтар» болмады... Басқасын білмеймін, дарынды балалардың арнаулы мектебі, тереңдетіп оқытатын гимназия дегендерде ес-түс болмайды ҰБТ жақындаған сайын. Әрине, аудандарда, «көзден тасалау» шалғайлау жерлерде сынақ тапсырғандардың «Құдайлары берді» деген әңгімелер де жүріп жатты, елдің аузына қақпақ болмайсың ғой. Ал қалада «қызыл майдан»…
Ала таңнан сапқа тізіліп, «саперлердің» тінтуірінен бір-бірлеп өткен балаларын анадайдан көзбен ғана шығарып салған аналар тұрады көздерінен жас саулап, әкелер жүреді салқын күнде танауларынан тер шүмектеп. Мұғалімдер өз алдарына бір топ, олардың да іштері әлем-жәлем... ҰБТ-ның үш сағаты өтіп болмайды ғой, ақырда, өтіп болмайды! Бәсекелес мектептер жүреді тыпыршып, бір-біріне шекеден қарап... Рейтингісінің қамын ойлап қарайлаған бірді-екілі намысқой әкімдер де төбе көрсетіп кетеді шыдай алмай. Сағат жарым өткен шамада іштен бір бала шығады буы бұрқырап. Сол кезде самсап тұрған папа-мамалар дуылдатып, айғайлап-шулап қол соғады, неге соғып тұрғандарын өздері де білмей. Әлі нәтиже жоқ, ол баланың кім екенін де, қай мектептен екенін де ешкім білмейді, білмесе де, жамырап қарсы алады солай. Сосын сол балаға қарай лап қояды бәрі жапырлап. Хабар білуге. «Сұрақтар қиын ба? Бақылау қатаң ба?», т. б. сұрақтар ғой сол. Біздің балалар шығып болмайды. Уақытты сарқып пайдалануға үйретіп тастағанбыз ғой. Бәрі есте... Бәрі көз алдымда.
ҰБТ-дан шыққан әр баланы бір-бірлеп қарсы алып, жылағанын (стресс қой) жұбатып, қатты қуанып, күні бұрын лекілдеп бара жатқанын «Қорытынды шықсын!» деп сәл басып (соңыра күткенінен аз жинаған болса, жүйкесіне соққы болады), шәй-пәйларын беріп, кешкі сағат 5-те шығатын қорытындыны күтуге тараймыз.
Қорытынды СХИ-дың (Жәңгір хан атындағы аграрлық университет) алдындағы үлкен тақталарға қағазға ілінеді. Үйме-жүйме, опыр-топыр, әркім өз атын іздеп, қозы бөлгендей ызы-қиқы... Бұл жерде керім жылау көп болады. Қуаныш па, өкініш пе, жаңағы айтқан стресстен шығу ма?..
Ап-сап басылып, балаларымызды «ГАЗельге», автобусқа тиеп, улап-шулап гимназияға («Үміт» қой ол кезде) қайтамыз. О-о, осы жерде ақтарылады балалар!
Осыдан 18 жыл бұрын ерекше түлектеріміздің бірі – Сержан деген сөзге шешен, ойға ұшқыр, жылт-жылт еткен салқамдау шәкіртімнен басталды осылай шешілу. Гимназияға Американың Қазақстандағы елшісі (бізге кім келмеді!) келгенде соған тілмаш болып, сол кездегі Бірғаным Әйтімовамен ағылшын тілінде диалог құрған бала ғой (онда да еш «сценариисіз», өзі жарып шыққан). Сол Сержан бастады көңілді әңгімені.
«Қасымдағы бала жеңімнен тартқылай береді, қазақ тілі мен әдебиетінің сұрақтарын пытырлатып тез жасағанымды көріп, «Қазақ тілімді жасап берші» деп. Көзі жыпылықтап жылағалы отыр.
Қарасам, ол математикасын дөңгелетіп, бітіріп қойыпты.
Көрініп тұр есепке мықты екені. Сөйтсем, ол математиканы тереңдетіп оқытқан мектептен!.. Өз брошюрамның математика бетін ашып оған беріп, оның кітапшасын өзім алып, дереу кірістік. Сөйтіп, асып-сасып, «ұрлық қылып» отырғанда ең басты тест-парақшамның еденге түсіп кеткенін де байқамаппын.
Енді белгілейін десем – жоқ! Қарасам, аяғымның астында жатыр шалқасынан түсіп. Үстінен бір-екі рет басып та тастаған сияқтымын, қожалақтау із бар. Ой, шошығаным! Дереу көтеріп алып, аузыммен үргіштеп, алақаныммен сүрткіштеп, белгілеп жатырмын. Комиссияға тапсырған кезде ана бір қатал апай (ол жердегілердің бәрі қатал ғой) умаждалмағанымен, соған жақын, кір-кір парақшамды қабылдамай қоя ма деп зәрем зәр түбіне кетті.
Қорытынды қолыма тигенше де мазам май ішкендей, «Ана баланың есебімді қаншалықты дұрыс шығарғанын қайдан білем, одан да өзіммен-өзім бола бермедім бе» деп кешке дейін қысылдым. Адамға айтып қоймайын деп аузымды жауып, аулақтап жүргенім сол. Қорытындыны қарасам, математиканың 25 сұрағының 23-іне дұрыс жауап беріппін, нормально!» Қатал апай демекші, алтыншы сыныпқа дейін орыс мектебінде оқыған екі оқушым болды. Көруге көз керек екі ұлды орыстілді, орысжанды болып кетуден қызғанып, педұжыммен ақылдасып отырып, алғанбыз. Неге екенін білмеймін, орыс мектебінің балаларында бір еркіндік, батылдық, турашылдық болады. ҰБТ аяқталып қалған сәтте, бір оқушы жауап парағын белгілеп үлгірмей қапты. Комиссия мүшесі-бақылаушы апай «Уақыт бітті!» деп дікілдеп, баланың қолынан парағын жұлып алып, үстелге апарып қойған. Бір жақсысы, «Өзің жұмысыңды бітірсең де, ала салып тапсыруға асықпа, бұл «Кім тез бітіреді?» деген жарыс емес, күтіп отырып, бірге шығыңдар. Бір-біріңе ес боласыңдар» деп балаларымыздың құлақтарына құя беретінбіз. Сонымен жұмысын аяқтай алмай қалған бала отырады көзі алақандай болып. Аудиторияға бірге түскен сыныптастары жамырап, апайға жалынып жатыр дейді бір-екі минут мұрсат беруін сұрап. Апай міз бақпайды. Сол кезде әлгі орыс мектебінен алған балам (өзі тұйық, көп сөйлемейтін, сабағына өте алғыр) орнынан тұрып барып, әлгі парақшаны суырып алыпты да, жылап отырған сыныптасының алдына апарып қойыпты. «Это же судьба ребенка!» депті сосын әлгі апайдың көзіне тіке қарап.
Құдай сақтағанда, апай одан әрі қыспаламай, екі минутқа мырзалық жасапты... Шынымен де, сол баланың тағдырын шешті сол екі минут...
Азамат деген тағы бір қуақы баламның айтатыны ғой: «99 балл жинаппын, «Пробныйларда» 100-ден еркін асып жүрген жігіт едім ғой, бір балдан неге қысып қалды Құдай, ұстаздарға не бетімді айтамын, үйдегілерден де ұят болды» деп қағаз ілінген тақтаның бер жағында қамығып тұрсам, ар жағында бір бала «66! 66!» деп лезгинка билеп тұр, «Проходной балл – 60-тан ассаң болды, ақылы оқуға түсесің және мәшине алып берем» деп уәде қылған ғой бай әкесі. Соны көріп, «Е-е, 66-ға қарағанда 99 деген дүние ғой, мәшине де, басқасы да болар, оқуға түсесің, Азеке!» деп өз-өзімді жұбатып алдым», - деп.
«... Біздің үш-төрт қыз, қолдарында жауап парақшалары, хабарландыру тақтасының түбінде әйда жылауға басты. Біріне-бірі қосылып, үдетіп барады. Бәрі де «Алдыңғы пробныйдағылардан аз жинап қалдық» деп еңірейді кеп. Бәрі де жүз оннан жоғары алған, негізі. Біздер, ұлдар, «Оқуға түссеңдер болды емес пе?» деп жұбатамыз, қоймайды. «Не боп қалды?» деп бөтен жұрт жиыла бастады төңірегімізге. Содан бір ақ көйлекті қара бала қасымызға кеп маңқиып тұрды-тұрды да, 110-ның хабарын білген соң «Жылайд еще!» деп басын шайқап, қатты дауыстап жіберді! Қыздардың жылауы сап тыйылып, аздан соң жадырап күле бастады» деп келді тағы бірде ұлдар.
Не қызық болмады?..
«Үміттің» баласы екендеріңді айтпаңдар, жұрт көмек сұрап, бөгет жасайды» деп тапсырамыз ғой, баяғы. Айтқандай, бір оқушымыздан «Қай мектептенсің?» деп сұрай беретін көрінеді желкесінен бір бала түрткіштеп. Мынау аузына түскен бір мектепті айта салмай ма, тест кітапшасына шұқшиып отырып. Сөйтсе, әлгі бала қайта нұқид дейді «Мен сені танымайм ғой» деп (қас қылғандай, сол мектептің баласы болып шыққан!) «Ұялғаннан біраз сұрақтарын белгілеп, көмектесіп жібердім» деп келді ұялшақтау бір баламыз.
«Тұмар уақиғасы», «Балжан қыз», «Қайраттың әңгімесі», «Дамира мен Ділдә» деген әдемі этюдтар жамырап тұр көңілде. Айтып тауыса алмайсың, бастап кетсең.
Қазіргі тест тапсырушыларға «қызық емес» шығар, ондай тосын жағдайлар кездеспейді ғой. Бір компьютер, бір абитуриент. Нәтижең сол бойда шығып, көрініп тұрады монитордан. Үш рет тапсырып, ішінен ең жоғары нәтижеңді таңдап аласың. Соңғы қоңырауға ҰБТ-ның нәтижесін біліп келіп тұрасың. Мектеп рейтингісі, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің, облыстық білім басқармасының, аудан әкімінің рейтингісі деп ешкім жаныңды қыспайды. Қысқасы, бәйге емес, басқаша, байсалды қалыпқа түсті бүгінде ҰБТ деген ұлы майдан. Сол дұрыс. Жолдарың ақ болсын, «Түлек – 2022!»
Дариға Мұштанова,
«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы,
Ы.Алтынсарин белгісінің иегері,
ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,
ҚР Мәдениет саласының үздігі