3.06.2022, 9:30
Оқылды: 332

Айтыскер ақын, тележүргізуші, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Сырым Әуезхан: «Адам болу қиын...

WhatsApp Image 2022-06-03 at 09.04.49

-Ең алғашқы айтыста тапқан табысыңыз және оны қайда жұмсадыңыз?

– Ең алғашқы айтысымда 20 мың теңге алған болатынмын. Ол ақшаға анама принтер алып бердім. Анам Әлия Әбдірахманқызы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Ол кезде біз Астана қаласында жатақханада тұратынбыз. Кейіннен Алланың қалауымен мемлекеттік үй алғанбыз. Ал одан кейінгі айтыстан 150 мың теңге таптым, оған үйге шкаф алдым. Сөйтіп ер азамат болған соң, үйдегі мұқтаждықтарға жұмсадым.

- Сырым аға, өнер жолындағы еске түсіргіңіз келмейтін жаман естеліктер бар ма? Айтыскер ақын Сырым болып қалыптасу үшін қандай қиын сынақтардан өттіңіз?

– Адам баласы ұмытшақ қой, қазір еске түсірейін десем де, еске түсіре алмайтын нәрсе көп. Бірақ  қателескен сәттер ұмытылмайтын шығар. Құдайға шүкір, балалық шағым, қазіргі жастық шағым 30 жыл тыныштықпен өтті. Сондықтан жақсы кезеңде өмір сүріп жатырмын деп ойлаймын. Мен жалпы сынақтарды бірден ұмытып кететін адаммын. Себебі адамның мақсаты биік болған сайын оның жолында кездесетін кез келген кедергі кішкентай болып қалады. Ал мақсат төмен болса кішкене кедергінің өзі алынбас қамалдай боп көрінеді. Мәселе адамның  қайда бара жатқанында, егер адам өмірді өмір сүру үшін сүретін болса,  ол әр нәрседен әсерленіп «ойбай мынадай сынақ келді-ау», «енді не істеймін» деп жағдайды қиындатып жібереді.  Өмір - тым қысқа, көзді ашып-жұмғанша өтеді де кетеді. Адамзат жаралғалы қаншама уақыт өтті, бізден кейін де өмір тоқтап қалмайды, алда әлі де мыңдаған жылдар өтеді. Біз соның ішінде 70-80 жылды уайымға, қайғыруға  құр сарп етпей,  нақты мақсаттармен өмір сүруіміз кере. Егер қателескен болсаң, тәубе ет, кешірім сұра және одан нәтиже шығар. Далай Лама айтпақшы, жеңілістің әкелетін жетістігі – тәжірибе. Эмоцияға  көп уақыт кетіру не адамның әлсіздігінін, не ақымақтығынын белгісі.

WhatsApp Image 2022-06-03 at 09.04.56

Айтыста немесе өмірде кімді пір тұтасыз?

–Мұсылман баласының пір тұтатын адамы жалғыз Мұхаммед Пайғамбар ғой. Себебі одан басқа ешкім өмірін тұтастай дұп-дұрыс сүрмеген, кез келген адамның қателігі бар. Алайда пір тұтпағанмен,  кез келген адамнан ұлгі алуға, игі іс үйренуге болады. Мен айтыскерлердің ішінде әрқайсысының ерекше қырын үлгі тұтамын. Абай атамыз «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде: «Мұны айтқан кісінің, атын білме, сөзін біл», - дейді ғой, сондықтан мен адамды үлгі тұтпаймын, амалын үлгі тұтамын. Мысалы, айтыста Бекарыс Шойбеков айтыстың өз табиғатын танытады, Балғынбек Имашев шолу жасаудан алдыңғы қатарда, Шорабек Айдаров креативті ойлаудың басын бастады, әзіл айтудағы формасы ерекше. Мұхамеджан Тазабек айтысқа 100 пайыз дайындықпен келетін өте сирек ақын, сахнадағы отырысы, киімінің ұқыптылығы, дауысын дұрыс ұстауы, тональностты жоғары қоюы - биік деңгейдегі ақын екендігін танытады. Тура осындай ақынның бірі – Аманжол Әлтаев. Марқұм Оразалы Досбосынов тереңдігімен, Мэлс Қосымбаев әдебиетті терең біліп, құралдарды дұрыс қолдануымен ерекшеленеді. Жалпы қай-қайсыда үлгі алатын тұлғалар. Біздің буынның бағы  – алдымызда осындай ағалардың бары. Осы кісілердің қасиеттерін алып жүріп-ақ ақын болып кеттік деп айтуға болады.

Сырым аға, ақындықты үйренуге немесе үйретуге бола ма?

– Әлбетте болады. Туа бітті қабілет болатыны анық, біреуде ол көп болады, біреуде ол аз болады. Қабілет бәрібір белгілі бір деңгейде үйретіле келе ашылады. Өйткені кез келген нәрсенің техникасы бар. Бізде өкінішке орай, елдің ұғымында, ақындық үйретілмейтін нәрсе деген түсінік қалыптасқан. Иә, ақындыққа бейім адамдар болады. Дегенмен  онымен толық айналысып кетпесе де, оның негіздерін үйреніп алу кез келген қазақтың қолынан келеді, бастысы ізденіс пен сауат болса болғаны.

Егер сіздің өміріңіз өлең болатын болса, жанры қандай болар еді, атауы қандай болар еді?

– Қызық сұрақ екен (күліп). Көп болса баллада болатын шығар. Тек менің емес, кез келген адамның өмірі сондай деп ойлаймын. Ал атауына келетін болсақ, бүкіл өмірге бір ғана атау беру мүмкін емес қой. Дегенмен де «Жақсылық іздеген жан» деген атау көбірек келетін сияқты.

Қай шығарманың соңын өзгерткіңіз келеді?

– Көп қой ...(күліп). Ең бірінші  «Күнікейдің жазығын» өзгертетін болармын.

Әдеби шығармадағы ең сүйікті кейіпкеріңіз кім?

– Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен Аңыз» шығармасындағы Бауыржан аға.

Сырым аға, керемет өлең жазу үшін ақынға көп білім керек пе, әлде өмірлік тәжірибе керек пе? Қайсысының рөлі басымырақ?

– Жалпы білім деген не деген сұрақ қой бұл жерде. Біріншіден, біздің шатастырып жүрген біліміміз білім емес ақпарат, ал білім деген сол өмірлік тәжірибе. Өйткені адамның амалға асқан білімі ғана білім, адамның өмірде жасай алатын дүниесі. Мысалы, бүкіл тоқтын қай жерде тұратынын жатқа білетін адам болса, бірақ ол сол тоқты қоса алмаса, оны білімді деп айта аламыз ба? Әрине, айта алмаймыз. Теориялық білім мен тактикалық білімнің айырмашылығы осында.  Тәжірибеге асқан білім ғана – білім. Ал біз шатастырып жүрген нәрсе – ақпарат. Ақпарат білімге жатпайды, ол тасқа да жазылады, дискта да тыңдалады, тіпті гуглда да бар.

Танымалдылық пен қарапайымдылықты қатар алып жүру қиын ба? 

– Қарапайымдылық адамның болмысы ғой. Бәріміздің жаратылысымыз бір. Сөздің ашығын айтсақ, ақылмен қарағанның өзінде адамның шыққан жерінің өзі мақтанатындай, кеуде көтеретіндей зат емес. Адамның бәрі бірдей. Алла тағала біреуімізге ақындық берсе, біреуге білек береді немесе пысықтық береді. Бірақ мүмкіндіктеріміз бір. Бәрімізде қол бар, аяқ бар, көз бар, мен оқыған кітапты сіз де оқи аласыз, мен жасаған дүниені сіз де жасай аласыз, мен де бар 24 сағат сізде де бар. Адам баласының бәрі бірдей, тек біреуде артық қабілет бар, біреуде артық  байлық бар. Сол арқылы адамдар бір-бірін толықтырады. Дүниесі жоқ адамды дүниесі бар адам толықтырады, қабілеті жоқ адамды қабілеті бар адам толықтырады. Мысалы, мен жарықты қоса алмай жатсам, электрик маманын көмекке шақырамын. Ал мен өз қабілетіммен тапқан ақшаны сол кісіге төлеймін. Яғни бір-бірімізді толықтырып тұрмыз. Танымалдылық деген нәрсе жоқ. Танымалдылық деген адамдардың жасайтын құрметі. Қоғамның кімдерге құрмет жасағандығы арқылы оның қандай қоғам екендігін анықтауға болады. Егер біздің қоғамда тәрбиелі, иманды, білімді, адал немесе ғылымның жолында жүрген адамдарға құрмет көбірек көрсетілгенде қоғамның деңгейі жоғары деп айта алатын едік. Ал бізде қазір подписчигі көп адамдарға, ақшасы бар адамдарға, билігі бар адамдарға  құрмет көрсетіледі. Сондықтан бұл – біздің дертіміз. Қазір қоғамды мойындату үшін, сөзімізді тыңдату үшін танымалдылыққа біз құрал ретінде мұқтаж болып тұрмыз. Бұл аса бір жақсы дүние емес, яғни қоғамның жақсылығы емес. Қарапайымдылық – жалпы адамның негізі. Елдің бәрі қарапайым болуы керек. Айталық, ауылда шөп шабатын кезде трактористке бардыңыз делік. Ауылда одан басқа трактор жоқ, тек бір-ақ кісіде трактор болса, сол кезде ол кісі кекіреңдеп, «шыққым келмей тұр», «ұйқым кеп тұр» деген әңгіме айтатын болса, оның ар жақта экранда танымал боп отырған адамнан не айырмасы бар. Ол да танымал болып  тұр. Мәселе сол адамның  тәкаппарлығында.  Алла кейбір адамның ауызына бір адамды қаратады, кейбіреуге миллионды  қаратады. Зигмунд Фрейдтің мынадай өте бір жақсы сөзі бар: «Адамның деңгейі оны қалыптан шығаратын проблеманың көлемімен өлшенеді». Қарапайым қалпыңыздан шығару үшін қаншалықты үлкен дүние керек болса, сіз соншалықты мықты адамсыз. Болмайтын нәрсеге «ох, біз жұлдыз болып кеттік»  деп тәкаппарлансақ, адамшылық қайда қалады?

Қазіргі уақытта тележүргізуші болып жүрсіз. Ақын болу қиын ба, әлде тележүргізуші болу қиын ба?

– Адам болу қиын... Екеуі де мамандық. Ол мамандықты әркім үйреніп кете алады. Бірақ адам боп қалу, атақ келген кезде өзгеріп кетпеу қиын.

2018 жылы "Түнгі студияға" берген сұхбатыңызда "Егер сенің басында проблема болатын болса, және ол шешілетін болса, сен оны уайымдама ол бәрібір шешіледі. Егер сен басында проблема болса және ол шешілмейтін болса, оны уайымдап не керегі бар ол бәрібір шешілмейді ғой" деген сөзіңіз әлеуметтік желілерде кең тапрады. Осыған орай шын мәнінде проблемаға қалай қарсы тұрасыз?

– Тура солай. Мүмкіндігінше уайымдамауға тырысамын. Адамның эмоциясы проблеманы шешпейді ғой. Сенің батырлығың өмірді ұзартпайды, қорқақтығың өмірді қысқартпайды. Сол сияқты проблемадан қорқу, уайымдау бекер. Тек қана проблеманы шешуге деген ұмытылыс керек және нені уайымдау керек екендігін білуіміз керек. Құдайдың алдында ұятты болып қалмайық, ата-анамыздың атына кір келтіріп қалмайық  деген нәрсені уайымдау адамның дұрыс жүруіне немесе қателескен жағдайда орын тез толтыруға көмектеседі. Ал бірақ келген сынақ сіз уайымдады екен деп шешіліп қалмайды.

Сырым аға, қазіргі таңда әдебиет, өлең, өнер қалың көпшіліктің ойын өзгертуге қабілетті деп ойлайсыз ба?

    Қай кезде де қабілетті. Бірақ мәселе оны қалың көпшілікке жеткізудің формасында. Өкінішке орай, біз өзіміздің еріншектігімізді халықтың осы өнерді қажет қылмауы деп жаба қоямыз. Негізі кейбір қабілеті бар мықты ақындар танымал бола бастаған соң, еріншектікке салынады. Атақты болған соң, кейін жұмысқа деген құштарлығынан айырылады. Ақиқатында мақсатымыз елді тәрбиелеу болатын болса, онда өлеңді, дұрыс әдебиетті жеткізудің де жолын қарастыруға болады. Әдебиет, өлең, өнер ешқашан халықты тәрбиелеу мүмкіндігінен айырылған емес. Тек соны қолдана алмай, заманға сай жеткізу формасын таба алмай  жүрген ақындар мен тұлғалар бар.

Жас ақындарға, жас журналистерге қандай ағалық кеңес бересіз?

– Өзінің жауапкершілік шеңберін сызып алсын дегім келеді. Өзінің қанша нәрсеге жауапкершілік ала алатынын сызған кезде оның қадамы нақты болады. Екінші кезекте ізденіс керек. Тұрақтылық, шүкірлік  деген нәрсе бір жерде тұрып қалуды білдірмейді. Бізге жай тұрақтылық керек емес, тұрақты прогресс керек.

Сұхбаттасқаныңызға рахмет.  Жұлдызыңыз жарқырап, биіктен көріне беріңіз.

Сұхбаттасқан Дильяра Нұрғожа,

Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті филология факультетінің студенті,

Алматы қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале