Мұғалім беделі жеке басының үлгісіне жоғары адамгершілік қасиеттерге ие болуына, оқушыға деген ерекше сүйіспеншілік сезіміне байланысты болса, мұны Гүлнәр Рысқалиеваның бойынан, атқарған ісінен көре аламыз.
Жылдар бойғы еңбегінің нәтижесінде оқушы, ата-ана, әріптестер арасында сыйластығымен ерекшеленген ол Ақжайық ауданының Ақсуат ауылындағы С.Ошанов атындағы орта мектебінде отыз бес жылдан бері бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет етеді. Бала жүрегіне үңіліп, түкпіріндегі ұшқынды оята білетін мұғалім осы жылдар белесінде қаншама шәкіртті тәрбиелеп, болашағына жарқын жол ашты десеңізші?! Солардың ішінде ұстазының еңбегін ақтап, мерейін тасытқандары да аз емес. «Жақсы мұғалім – бүкіл елдің тәрбиешісі» деп осындай жандарға қаратып айтылғандай.
Осы ауылдың төл перзенті Гүлнәр Сәрсенқызының 1982 жылы мектепті тәмамдағасын, Орал педагогикалық училищесіне оқуға түседі. Оқу орнын тәмамдап, елге оралған ол ауыл шаруашылығында еңбек ететін әкесіне көмектесіп,жұмысқа араласады. Ұстаздық қызметті жан-тәнімен қалаған бойжеткен артынан өзінің арманын шындыққа айналдырамын деп Атырау педагогикалық институтында білімін жетілдіреді. Күні кеше сияқты – 1987 жылы өзі қабырғасында білім алған мектептің табалдырығын бастауыштың мұғалімі боп аттағаны. Ұстаздықтың жауапкершілік жүгі ауыр, жас маман соны түйсінсе де, еш қиындықтан қаймықпай, жүрегінің дүрсілін басып, қарақаттай көздері мөлдіреген бүлдіршіндерінің алдына журнал ұстап кірген еді. Әрине, содан бері қанаты қатайып, зор тәжірибе жинақтады, шеберлігі молайды.
Еңбегі ел мойындаған тәжірибелі мұғалімдерден «Қай шәкіртіңізбен мақтанасыз? Ауыл-елдің абыройын асырғаны қайсысы?» деп сұрасаңыз, ойланып қалары шүбәсіз. Ойланатыны – жетістігі ауыз толтырып айтарлықтай оқушыларының аз болғанынан емес, бедел биігінде жүрген ұл-қыздарының біреуі айтылмай қала ма дегені. Г.Рысқалиева да осындай санаттағы ұстаздардың қатарынан. Әріден қозғамай-ақ, соңғы он жыл турасында мектеп бітіргендерден мысал келтірсек, Жаңақала ауданының мәдени-демалыс орталығында әдістеме бөлімінің басшысы Жанболат Мұсағалиев,Сырым мектеп-лицейіндегі информатика пәнінің мұғалімі Жандос Меңдеш, халықаралық цифрлық технологиялар, сәулет және құқық колледжінің студенті Айкөркем Тәржман, спорт саңлағы Әділет Қабдош, математик Дәулет Қабдош т.б. бір кезде осы ұстаздың тәлімімен әріп жаттап, алу-қосуды үйренді.
Қазіргі таңдағы бастауыш оқушылары да болашақ мектеп мақтаныштарына айналарына ұстазының сенімі зор. Күні кеше ғана ҚР педагогтар мен психологтар академиясының ұйымдастыруымен өткен «Мен жазуды үйрендім» атты республикалық байқауда шәкірті Тілек Еслямов жеңімпаз атанды.
Гүлнәр Сәрсенқызының әр жылдарда алған алғысхаттары –адал әрі абыройлы еңбегінің бағаланғанының дәлелі. Бірақ бәрінен бұрын бастауыштан тәлім алып, мектеп бітірген соң да, алғашқы ұстазын ұмытпай, сағынысып қауышатын шәкірттерінің ілтипаты қымбат. Олар да білім әлеміне талпындырған Гүлнәр апайларын әсте ұмытпайды. Бүгінде ол жол үстінде, мектеп бітіргендеріне 5 жыл болған түлектері Орал қаласында бас қосып, ұстаздарын кездесуге шақырыпты.10,15,20 жылдық түлектер осы білім ұясындағы ұстаздарды ардақтағанда, ешбірі де ұмытқан емес мұғалімін. Мектепке арнайы келіп, сәлемдесіп, бала шағындай еркелеп кететіндері де бар.
– Мен білім бердім, соның арқасында олар қазір биік биік белестерде жүрдеп айтудан аулақпын. Өйткені менен кейінде әріптестерім жөн сілтеді, бағыт бағдар берді. «Кемедегінің жаны бір» деп жатамыз, ұстаз деген қауым мектеп атты кеменің капитаны, шәкірт атты жолаушылардың жолбасшысымыз. Еңбек еленіп, оқушыларымыз ел пайдасына жарайтын азамат боп өссе, сол қуаныш, содан артық мерей жоқ. Мектеп бітірген соң қисық жолға түскендерін естісек те, ата-анамен бірге уайымдайтын біздер, - деп ақтарды мұғалімнің жауапкершілігін, елдің өркендеуіне үлестің салмағын түйсінген асыл ұстаз.
Әсет Бисенғалиев,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz