Елдің орнықты экономикалық дамуы кәсіпкерліктің, әсіресе шағын және орта кәсіпкерліктің жай-күйі мен даму деңгейіне тәуелді. Мемлекеттің экономикалық өсуіне ықпалды бәсекелестіктің дамымауы, ресурстарды тиімсіз пайдалану, сырттан әкелетін тауарға тәуелді болу мәселелерін шешуде жеке кәсіпкерліктің әлеуеті зор. Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту, сол арқылы жұмыссыздық пен кедейшілік, масылдық көзқарас проблемаларын шешу үшін де шағын және орта кәсіпкерліктің мүмкіндіктері орасан.
Осыған байланысты мемлекет жеке кәсіпкерлікті қолдау бойынша жүйелі шаралар қабылдап отырады. Ол шаралар ішінде қаржыландыруға қолжетімділікті жақсарту, қажетті инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету, кеңес беру арқылы қолдау және т.б қаралады. Аталмыш шараларды жүзеге асыру үшін ауқымды бағдарламалар қабылданған.
Мамыр айында Ақжайық ауылында Теректі ауданының іскер әйелдер кеңесі өзінің көшпелі отырысын өткізген болатын. Дөңгелек үстел басындағы кеңесте кәсіпкерлік, несие және грант алу, өнім өткізу орындарын табу жайында сөз болды. Сол жерде шағын кәсіп ұстап отырған әйелдер «Бизнестің жол картасы -2025» бағдарламасы жайында сұрақ қойды. Сұраққа ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Азат Әубәкіров жауап берді.
Бұл бағдарлама жайында сұрақтары бар басқа да кәсіпкерлерді хабардар ету мақсатында, мәлімет ұсынамыз.
Сонымен, бағдарлама мақсаттары – өңірлік кәсіпкерліктің орнықты және теңгерімді өсуін қаматамасыз ету, жұмыс орындарын сақтап қалу және жаңадан тұрақты жұмыс орындарын құру.
Осы шеңберде моноқалалар, шағын қалалар мен ауыл кәсіпкерлерінің бизнес-бастамаларын қолдау; кәсіпкерлерге (индустриалды-инновациялық қызмет субъектілеріне) салалық қолдау; кәсіпкерлерді қолдаудың қаржылық емес шараларын ұсыну қаралған.
Бағдарлама халық көп тұтынатын тауарларды өндіруге бағытталған. Көпшілікке «Қарапайым заттар экономикасы» ретінде таныс бағдарлама бүгінгі күні кәсіпкерліктің өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Бағдарлама ішінде микрокредиттер бойынша субсидиялау, несиелендіру және ішінара кепілдік беру бар. Біздің жерлестерімізді қызықтырып отырған мемлекеттік гранттар беру екінші бағытта жүзеге асырылады. Бұл тек ісін енді бастағандарға көрсетілетін қолдау.
«Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының «Бағдарламаның негізгі бағыттары, қойылған мақсаттарға қол жеткізу шаралары мен тиісті шаралар» 5- тарауының «Мемлекеттік гранттар беру» тармағында бұл жайлы төмендегідей шарттар айтылған:
«51. Мемлекеттік гранттар Бағдарламаға 2-қосымшада көрсетілген экономиканың басым секторларындағы жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне беріледі.
52. Мемлекеттік гранттар беру нысанындағы қолдау шараларын қаржыландыру республикалық және/немесе жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен жүзеге асады.
53. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттарды мемлекет шағын кәсіпкерлік субъектілерінің өтінімдерін іріктеу бойынша өткізілетін конкурстардың қорытындылары бойынша Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі арқылы береді».
- «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы шеңберіндегі мемлекеттік грантты алуға үміткерлер үшін Батыс Қазақстан облысы бойынша бағдарламаны үйлестіруші – облыс әкімдігі жылына екі мәрте – көктемде және күзде конкурс өткізеді. Грант көлемі – 2-5 миллион теңге. Биылғы конкурстың бірінші кезеңі 15-31 наурыз аралығында өтті. Біздің ауданнан конкурсқа қатысуға 7 өтініш берілді. Содан тек бір кәсіпкер ғана оң баға алып, конкурстан өтті. Енді алдымызда екінші кезеңі бар. Ол жаздың аяғына таман немесе күздің басында өтеді деп күтілуде. Грант конкурсына құжат қабылдау тек екі апта мерзім ішінде. Уақыт тығыз болады. Сондықтан оған құжатты қазірден бастап жинақтай беру керек, - деп отыр ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Азат Әубәкіров (суретте).
Биыл грант алған азамат – Ақсуат ауылының тұрғыны Зейнолла Досанов ұлттық киіз үй жасау цехын ашамын деп жобалаған. Әзірге жұмысын бастаған жоқ. Іске кіріскен кезде оның жобасы, бизнес-идеясының жүзеге асуы, экономикалық тиімділігі және тағы басқа да осы конкурсқа қатысқысы келген жас кәсіпкердің жұмысына қажет болатын мәліметтерді өзінен сұрап, баяндайтын боламыз.
Грант алған кәсіпкер ол қаражатты тауар шығару және қызмет көрсетуге қажетті негізгі құралдар, шикізат пен материалдар алуға жұмсайды. Және де жаңа технологиялар енгізу немесе зерттеу жұмыстарын жүргізуге байланысты шығындарға, материалдық және материалдық емес активтер алуға салады.
Бұл бағдарламаның ісін жүргізіп жатқан кәсіпкерге де тиімді жағы көп. Мемлекеттік гранттан басқа да несиелендіру бағыттарында жеңілдіктер бар. Сонымен қатар, бағдарламаға өзгерістер енгізіліп, кәсіпкерлерді қолдау шаралары ауқымы кеңейді.
Нақтырақ айтсақ, «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасына ҚР Үкіметі қаулысымен енгізілген өзгерістер 2020 жылғы тамыз айында жарияланды. Кәсіпкерлердің өтініштері негізінде «Атамекен» ҰКП Ұлттық Экономика министрлігі алдында осы бағдарлама аясында берілген, мерзімі 4 жылдан асып кеткен несиелерді қайта қаржыландыруға мүмкіндік беру жайлы ұсыныс жасаған еді. Сол ұсыныс қолдау тауып, бағдарлама бойынша несие көлемі 7 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Субсидиялау мерзімі – 5 жыл. Бұған дейін мерзімі 4 жылдан аспайтын несиелер қайта қаржыландырса, енді оның мерзімі 8 жылға ұзартылды. Бұл өзгеріс бағдарламаның бірінші бағыты бойынша қатысушылар – шағын және микрокәсіпкерлік субъектілерге арналған және де «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы жүзеге асырылады.
Жалпы, бағдарлама аясында көптеген мүмкіндіктер бар.
- Бағдарлама арқылы грант немесе несие аламын деген ір кәсіпкер, ең алдымен, мықты бизнес-жоспар жасап алуы керек. Оның ішінде жобаның экономикалық тұрғыдан тиімділігі, шығаратын тауар немесе көрсетілетін қызметтің сол жерде қажеттілігі, өтімділігі, тиісті шикізаттардың болуы нақты есеппен көрсетілуі қажет. Сонда ғана сіздің бизнес-идеяңыздың тиімділігі дәлелденіп, бағдарлама арқылы грант не несие алуға қолыңыз жетеді, - деген кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Азат Әубәкіров мемлекеттік грантқа байланысты кеңес алу үшін Теректі ауылы, Сұңқар көшесі 20-үйдің 3-қабатындағы бөлімге келіп жолығуға немесе 23-3-12 телефоны арқылы сөйлесуге болатынын жеткізді. Және өзімен тікелей сөйлесу үшін + 7 776 776 77 11 ұялы телефон номерін берді.
«Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасының белсенді, жаңашылдыққа бейім, қарекет қылып, кәсіпкер боламын деген әр адамға беретін мүмкіндігі мол. «Қалауын тапсаң, қар жанар» демей ме?
Ендеше, бастамаңыз сәтті болсын.
Камелия Қарекесова,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz