9.06.2022, 9:15
Оқылды: 198

Шыбын жанға... «Шақыру билеті»

Бай-бағланның, басқалардың арасында да аурудың түр-түрі көбейген заман мынау. Медицина саласын жамандауға жалықпаймыз. Саулық үшін қайтпек керек? Ең басты сұрақ осы ғой. Бұған қатысты жауапкершілікті тап өзімізден бастау жағы кеміс, әлсіз, мардымсыз, мимырт. 

p4wb6h-1

Фотосурет: zhasalash.kz

Емханаларда өріп жүрген балаларға, қыз-жігіттерге, дәріханалардан уыстап дәрі-дәрмек алғандарға қарап тұрып, бұрындағы ақсақал, қарасақалдардың «ойбай, белім», «ой-ой, тобығым» деп ара-тұра қиналып қалатыны түк те емес екен деп ойлайсың.

Екі күннің бірінде тұратын желмен ұшып келгені бар, басқасы бар, көшеміздің бойындағы бір отанасы қалдық-қоқысты жинастырудан жалықпайды. «Ойбай-ау, бала, немерелер қайда, солар істемей ме?» дейді жұрт. «Неге істемесін. Маған да ауырлығы жоқ. Өзің үшін ғой. Сосын мына күн қандай керемет. Тырмауыш, айыр ұстап, бір жасап қаламын. Ғажап ауаны қалай қиып үйге қамаласың?»,– дейді ол.

Біреулер былай шыға бере пыш-пыштайды: «Тазалық орнатып, қай ұшпаққа шықпақ десеңші». Міне, біз осындаймыз. Тазалыққа тырысқандарға  да  тіліміздің бізін қадаймыз.

Ағыл-тегіл бос сөзге бейімділігіміз мүлдем шарықтап кетті. Сондықтан да бейқамдығымыз, салақтығымыз ағыл-тегіл болмағанда, қайтеді. Әлі күнге тұрмыстық қалдық-қоқырды жинап жүруге дағдылана алмасақ, жеткен жерімізді шамалай берсеңші. Бұл тіршілікке қарсы нағыз қағынған қайшылық емей, немене. Яғни біз цифрлық дәуірдеміз деп қалай айта аламыз. Жоқ, біз салақтықтың «сандық технологиясын» дамыту үстіне дамытудамыз. Міне, кесірдің тап өзі. Қалдық-қоқырдың қайсыбірінен де мезгіл-мезгіл шығатын у болады. Бұл адамның көз, құлақ, мұрнынан бастап, білдіртпей тұла бойына әсер етеді. Сөйтіп, бір күні жарып шығады. Сұраңыз ақылды адамдардан, дәрігерлерден, жан-жақты айтып береді, адам мінезіне зиянын да қаузап береді. Аурудың небір үздік түрі ыбырсыған қоқыс контейнерлерінен, ас-су қалдығына армансыз ырылдасып таласқан ит, мысықтың аузынан, аяғынан, жүнінен тарауда. Аяғы ауыр келіншектер жел күшейгенде әлгіндей жерлерден аулақ жүргені жөн. Өйткені жалбырап ұшқан мата ма, қапшық па, монстр болып елестеп кетуі бек мүмкін.

Өмірімізде онсыз да проблемалар тізбегі жетерлік. Ал мұны тап өз қолымызбен, еркімізбен одан әрі тереңдетіп жүрміз. Сөздің түйіні – салдыр-салақтығымыз, настығымыз шыбын жанымызға әп-әсем «шақыру билеті» болып табылады. Ауырып, содан ем іздеп, шығындануға шақыруы. Солай.

Ендеше, тазалыққа, көшеміздің, баспанамыздың ажарына қатысты өзімізге өзіміз есеп беріп жүрмесек, қан қақсаймыз. Жаратылыс қайсыбір немқұрайдылықты көтермейді, жауапсыздыққа қатаң жауабын береді. «Сovid-19» деген атың өшкірді көп жағдайда өз еркімізбен шақырып, таратып алғанымыз өтірік пе?! Айтпақшы, елімізде біреулер «пандемия кетті» деп алақайлап жүр. Тәйт, түк те олай емес. Індет жұқтырғандар шығып жатыр емес пе? Әнеу кезде әлемде, адамды  айтпағанда, жан-жануарларға жұғудан да өршіді ғой бұл жалаңдаған жалмауыз. «Сovid-19» экожүйеміздің бір бөлшегіне айналуда. Біраз мемлекетте қайта-қайта күшеюде. Бұл жұқпамен алысқан дәрігер қауымның қолы босамай, басқалай науқастар көз жұмуда. Абдырап жатқандар жетеді.

Ауру-сырқау өршісе, бұған қымбатшылық қабаттаса кететіні – жазылмаған заң. Көріп, көз жеткізіп жүрміз ғой. Әлгіндей «шақыру билетін» жолатпау табалдырықтан бергі тап-тұйнақ жинақылықтан басталады. Береке-құтымыз осыдан басталады. Онсыз да беті әжім-әжім Жер-анамызды аяйықшы. Қанымызды тазартатын, бойымызға қуат беретін табиғат-талбесігімізге көзімізді ашып қарайықшы. Оған қарсы шықсақ, қақ маңдайымызды айырады.

Өзімізге өзіміз есеп берейікші.

Болат Есқалиев,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале