Марат ағайды білгеніме отыз жылдан асып барады. Мен үшін ол еш өзгермейтін сияқты. 85 жасқа толып жатса да, сол қалпы... Міне, тағы кездесіп қалдық. Баяғы лекіте күлетін ақжарқын жүзі. Мені «Балдыз» деп мүйіздеп алатыны бар. Бұл жолы амандасып тұрып, қолымды сытырлата қысты. Сексеннен асқан қариялардың қолы әдетте мақтадай жұмсақ, үлбіреп тұрады ғой. Ал бұл кісінің қолы темір қысқаштай. Қатты ауырып кетті деген ештеңе емес, сындырып жібере жаздады саусақтарымды. «Кәрі жезде» деп күле бердім. Мәкең әлі жұмыстан қалған жоқ. Кардиолог-дәрігер болып еңбек етіп жүр. Жігіт ағасына пара-пар қутыңдап тұрған кәрі жездені мақтап қойып, сонау алыста қалған жылдарға саяхаттап кете бардық.
Марат Сәрсенғалиұлы Ақашаев 1937 жылы 13 маусымда Орал қаласында дүниеге келген. Одан кейін Чапаев орта мектебін тәмамдайды. Әкесі Сәрсенғали – Атыраудың Қанішкенінің тумасы. Соғысқа дейін Алматының рабфагінде оқыған. Одан соң кеңес-фин соғысы басталып, оған бастан-аяқ қатысады. Бұл қырғыннан аман-есен келіп, Оралдың ауыл шаруашылығын механикаландыру мектебінде директордың орынбасары болады. Осында жүргенде Ұлы Отан соғысы басталып, Сәкең тағы да майданға аттанған. Бұл жолы барлаушылар отрядының командирі болады. Талай рет түнделетіп жаудың алғы шебіне жүрекжұтқан жігіттерін бастап барып, «тіл» әкеледі. Қысқасы, соғыстан өңірі мен кеудесі орден-медальға толып оралған. Барлаушылардың жаужүрек командирі бейбіт өмірде де жерде қалған жоқ. Өмір тәжірибесі бай, білімі кемел, бір емес, екі соғыстан өткен азаматты бірден лауазымдық қызметке тағайындайды. Чапаев аудандық атқару комитетінде төрағаның орынбасары болды. Кейін одан да жоғары қызметтерде абыроймен еңбек етті. Осындай азаматтан туған ұл осал бола ма?
Марат мектепте жақсы оқыды. Орта мектепті тәмамдағаннан кейін бір жыл жұмыс істеп барып, 1955 жылы Оралдың медициналық училищесіне оқуға түсіп, оны да жақсы аяқтады. 1957 жылы жас маманды Чапаев ауданының Дөңгелек ауылындағы фельдшерлік пунктіне жұмысқа жолдады. Анау-мынау емес, пункт меңгерушісі болды. Арасында әскерге алынып, үш жыл борышын өтеді. Санинструкторлықты ұршықтай үйірді. Әскерінен босап келіп, Ақтөбенің медициналық институтында оқыды. Сосын Дөңгелектегі жұмысын жалғастырған. Осында жүргендегі мына бір оқиға есінен кетпейді. «Кордон» дейтін бөлімшеде жас әйел босана алмай жатыр» деген суыт хабар түсті. Ол кезде бүгінгідей жер тарпып тұрған «Жедел жәрдем» қайда?.. Салт ат немесе ат-арба табылса, соған рақмет айтасың. Екі аяқты мотоциклдың ыңғайы шығып қалды, сонымен «Кордонға» құйғытып жетті. Келсе, үй толған әйел, бәрі шулап, бұған қарсы өре түрегелді: «Масқара! Әйелді еркектің босандырғанын қайдан көрдің, қарағым?... Қой, әрі тұр! Өзіміз бірдеңе қылармыз» дейді жарыса айқайлап. Қиналып жатса керек, үйдің ішінен шыққан әйелдің шыңғырған дауысы құлақты тесіп барады. Өре түрегелген әйелдерді жапырып, ішке кіріп барды. Жас ананы үй ішіне керілген арқанға ішінен асып қойыпты. Аяғының астына құм төселген... Жас ана әбден шаршаса керек, есінен танып кете береді. Мәкең барлық әйелді бөлмеден қуып шығып, біреуін өзіне көмекшілікке қалдырды. Дәрігерлік талаптарды қатаң сақтай отырып, сүт пісірім уақыттан кейін аман-есен босандырып алды. Ұл бала! Бірақ балада сыбыс жоқ, дем алмайды. Кіндігі мойнына оратылып, қылғынып жатыр екен. Кіндікті еппен тарқатып, сәбидің май құйрығынан шапалақпен тартып кеп жіберсін. Шар ете түсті! Сол-ақ екен, есіктің арғы жағында ентелеп тұрған әйелдер лап етіп кіріп келсін. «Ақсарыбас! Босанды! Аман-есен жаны қалды!» деп шулап жатыр. Онымен қоймай, жиырмадағы мұны таласа-тармаса құшақтап, бетінен кезек-кезек сүйіп, естері шыға қуануда. «Сәбидің есімі Марат болсын!» дейді мұны айналып-толғанып. Сөйтіп, Марат деген сәбиге кіндік әке болғаны бар.
Тағы бірде мынадай оқиға орын алды. Бұл кезде Марат Сәрсенғалиұлы Ақтөбенің медициналық институтын бітірген, Карша учаскелік ауруханасында бас дәрігер. Жаңақалаға баратын автобус Оралдан келе жатты. Жолаушылар лық толы. Марат та осы автобусқа мінген. Кенет алпыстан асқан азамат өзінен-өзі дем жетпей, өңі қашып, есінен танып, отырған жеріне қисая кетті. Жұрт шу ете қалды. «Әй, шопыр, тоқта! Үлкен кісі жүріп бара жатыр!..» Біраз адам дәрігер Маратты сырттай танитын. «Ойбай, дәрігер, бірдеңе істей гөр...» Бұл науқасты жерге жатқызып, әуелі есін жинатқандай болды. Ышқына дем алған үлкен кісіге Марат кездейсоқ қалтасында жүрген, ішті жүргізіп жіберетін Пурген дәрісін беріп, «Осыны ішіңіз, бес минуттан кейін жақсы болады» деді сендіре сөйлеп. Ана кісі сенді-ау, сірә, дәріні қиналып жатса да, ішіп үлгерді. Сенімнің күші ғой, арада бес минут өткенде үлкен кісі тәуір болды, орнынан өзі тұрды! Автобустағы жолаушы біткен аң-таң... Марат институтта оқып жүргенде ұстазы, профессор-клиницист Мудровтың бұлардың құлағына құя беретін бір қағидасы болатын. Ол: «Егер дәрігер қатты ауырып жатқан науқаспен сөйлескеннен кейін, науқас өзін жақсы сезінбесе, онда одан жақсы дәрігер шықпайды» дейтін. Яғни сөзбен емде, сендіре біл дегені ғой. Пургенмен о дүниеге кетіп бара жатқан адамды аман алып қалғаны, сол профессорының айтқанын қағып алған шәкірттің алғырлығы ғой. Арада бір-екі күн өткеннен кейін өткендегі ақсақал мұны жұмысына іздеп келіп тұр... «Балам, сен маған не дәрі бердің? Бір ажалдан арашалап қалдың! Алайда ішім біразға дейін тоқтамады» дейді күліп. «Аға, іш дегеніңіз ерунда! Ең бастысы, аман қалдыңыз. Ал менің сол сәтте қалтамда ішті өткізетін дәріден басқа ештеңе болмады, амал жоқ, соны беруіме тура келді. Сіз сеніп, ішіп қойдыңыз» дегенде ақсақал мұны айналып-толғанып, алғысын айта беріпті.
* * *
85 жасқа толып жатқан Мәкең әлі еңбектен қол үзген жоқ. Осы жасының 65 жылын өзінің бір кезде жүрегімен қалап таңдаған мамандығына қалтқысыз арнап келеді. Марат Сәрсенғалиұлының еңбек жылдарының дені бұрынғы Чапаев кейін Ақжайық атанған ауданның денсаулық сақтау саласына арналды. Сонау 70-жылдары Чапаев ауданында бас дәрігер болды. Сосын 80-жылдары республикалық кәсіподақ ұйымына қараған «Орал» демалыс үйінде бас дәрігерлік қызметті абыроймен атқарды. Чапаев ауданының орталығында үш қатарлы, Аңқаты ауылында екі қатарлы аурухананың құрылысында бастан-аяқ жүріп, салынуына бір өзі ұйытқы болғаны бар. Ал «Ақжайық» шипажайы Мәкең үшін екінші үйіне айналғалы қашан... Мұнда да бас дәрігер болып істеді. Әлі де осы шипажайда кардиолог-дәрігер міндетін мінсіз атқарып келеді. Шындығына келгенде, «Ақжайық» шипажайының қалай ашылып, қалай жұмыс істей бастағаны Мәкеңнің көз алдында. Шипажай сонау 1985 жылы 10 шілдеде ашылып еді. Сонда сол кездегі облыс басшысы Мұстахим Біләлұлы Ықсанов салтанатты ашылу үстінде сауықтыру үйінің кілтін бұған, жуырда ғана бас дәрігер болып тағайындалған Марат Ақашаевқа тапсырып тұрып: «Іске сәт, айналайын! «Ақжайықтарыңыздың» алдынан ақ күн тусын!» дегені әлі күнге құлағында күмбірлеп тұр. Сонда дейміз-ау, дүние-ай, Мәкеңнің 47 жасқа шығып, «кемеліне келіп» тұрған шағы екен ғой...
Сынаптай сырғыған жылдар Мәкеңнің алқаусыз еңбегіне қарай талай рет абырой биігіне көтерді. «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағының иесіне талай мәрте марапаттар табыс етілді. «Тыл ардагері», «Еңбек ардагері», тағы да басқа медальдарға ие болды. Теректі ауданының құрметті азаматы атағы тағы бар. Екі ұл, бір қызынан жеті немере, он шөбере сүйіп отыр. Тек алпыс жыл отасқан Сара апамыздың үш жыл бұрын бақилық болғаны Мәкеңнің қабырғасына батады. Жайсаң жар еді, мұның алаңсыз еңбек етуіне барлық жағдайды туғызып, жаны қалмайтын сол бір тамаша жан. Қайтесіз, бұйырмысқа не шара?..
Сонау бір жылдары облысымыздың ол да бір аймаңдай азаматы (Мұрат Насимуллин) сырқатына байланысты Мәскеудің атақты академигіне барып қаралады. Академик Мұрат ағамызды мұқият тексеріп, соңынан Оралдық кардиологтің қойған диагнозына көз салады. Қараса, өзінің қойған диагнозымен айна-қатесіз бірдей екен. «Настоящий кардиолог!» депті сонда академик.
Иә, Марат Ақашаевты Ақжайықтың настоящий кардиологі десек, біз де қателеспеспіз.
Есенжол Қыстаубаев,
zhaikpress.kz