Өткен айдың басында өңірдің түйе палуандары сайысында Батыс Қазақстан облысының барысы анықталды. Ақсай қаласында өткен Ақ Жайықтың апайтөс, атан жілік палуандары додасының бас жүлдесін тағы да бөрлілік Темірлан Көлбай иеленді. Осымен төртінші мәрте «Жайық барысы» атанған Көлбайдың шеберлігіне көп жанкүйер таңдай қағып жүр. Сөйте тұра, біздің облыстың бас палуанының республикалық белдесулерде лайықты өнер көрсете алмай жүргені қынжылтады.
Темірландай түйе палуанымыз қазақ күресінен бірнеше рет байрақты бәсекелерде бақ сынағанымен, біздің облыстың барысы алысқа шаба алар емес. Күрес десе, делебесі қозатын Жайық жұрты әлі күнге дейін Еділ Үсеновтің 2012 жылы 1/4 финалға шыққанын үлкен жетістікке балап жүр. Десе де, биылғы додаға жанкүйер қауым үлкен үміт артады. Ретті жерінде айта кетейік, Темірланға қоса, биылғы «Қазақстан барысында» облыс намысын сырымдық Мерей Бердіғали қорғайды.
Шыны керек, бірнеше жыл қатарынан облыстың бас палуаны атағын ешкімге бермей жүрген Темірлан Көлбайдың бабын сақтап, жолын кесер жігіттерді алып ұрып жүргені керемет. Десе де, «Төрт жыл бойы білдей бір облыстан Ақсайдың арланын жеңер жігіт шықпағаны ма?» деген ой да мазалайды. Ол аз десеңіз, Жайық жұртының үмітін арқалап, қазақ күресінің басты додасына барғанымен, үйге ерте қайтып жатқанын көргенде облыстағы қазақ күресінің деңгейі соншалықты төмен болғаны ма деп тағы бір қынжыласың...
Көлбай гегемониясының сыры неде?
Не себепті Темірлан палуан бірнеше жыл бойы «Жайық барысы» атағын ешкімге бермей келеді? Оның сыры неде? Ең бастысы – бәсекелестік. Қазір Бөрлі ауданында жоғары деңгейде күресіп жүрген аса ауыр салмақтағы үш палуан бар. Олар: әңгімемізге арқау боп отырған Темірлан Көлбай, жас барыс Замир Хамзин және Теміржан Көлбай.
Соңғысы – Темірланның туған інісі. Бұл ақпаратты бізге Бөрлі ауданы спорт бөлімінің басшысы Армат Исанов берді.
Осыдан-ақ не себепті әлі күнге дейін Темірланға төтеп берер палуанның төбе көрсетпеуін аңғаруға болады. Себебін жоғарыда жаздық. Ең бастысы, қаршадайынан спорт мектебінде оқып, одан кейін де күрестен алшақтамаған Темірлан үнемі барынша бабында жүреді. Түрлі оқу-жаттығу жиындары мен жарыстар спортшыны шыңдай түсетіні бесенеден белгілі. Сосын да әзірге Ақсайдың арланын жеңер жігіт таппай жүрміз.
– Ауданда үш бірдей түйе палуанның болғаны өте жақсы. Өйткені өзара бәсекелестік болады. Ал алыспай беріспейтін бәсеке бар жерден нәтиженің ауылы алыс қонбайды. Басқа аудандарда күресетін жігіттердің ерекше түрі саналатын түйе палуан іріктеу, оны баптау ісін мықтап қолға алса, өңірде қазақ күресінің өрлері анық. Әрине, өзге аудандар жұмыс істемей отыр дегенім емес, десе де көңілді көбірек бөлген жөн, – дейді Бөрлі ауданының бас спорт шенеунігі Армат Исанов.
Иә, Армат Исанов пікірінің жаны бар. Кей жарыстарда ауыр салмақта бар болғаны екі-ақ палуан қатысатынын көріп-біліп жүрміз. Сүйегі ірі, салмағы ауыр бозбала жоқ емес, әр ауданнан табуға болады. Тек соның бабын келістіруді жүйелі жолға қойсақ жөн болар еді-ау.
Қос палуанға қолдау бола ма?
Біздің жігіттер ешкімнен кем емес. Тек «Қазақстан барысындай» басты бәсекеде бірде жеребе жолдас болмаса, кейде бабы келіспегеннен ұтылып жүр. Осы жерде сөздің шынын айтайық, өңірде ұлт спортына деген көзқарас қажетті деңгейде болмағанын мойындаған ләзім. Оны осыдан бір ай бұрын «Орал өңірі» газетіне берген сұхбатында спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Қаймен Есендияровтың өзі де айтты.
Сол сұхбатында облыстың бас спортшысы осы кезге дейін ұлт күресі палуандары үшін жөнді оқу-жаттығу жиыны өткізілмегенін де атап өтті. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін биыл қазақ күресі палуандарының оқу-жаттығу жиынына бөлінетін қаржы көлемі өсті. Бұл сөзді де Қаймен Есенаманұлының сұхбатынан алдық. Сонымен қатар барлық ауданда қазақ күресін дамыту ісі мықтап қолға алынуда.
Енді бір айдан кейін қазақ күресінің биылғы басты додасы өтеді. Еліміздің кілең сен тұр, мен атайын дейтін сайдың тасындай іріктелген апайтөс, бура сан, атан жілік жігіттері «Қазақстан барысының» биылғы бас бәйгесін алмақ үшін білегін сыбанып, белін түйіп,
балағын түріп бозкілемге шығады. Оңтүстік пен солтүстік, батыс пен шығыс, Сарыарқа мен Алатау баурайынан жиналатын сайыпқырандардың арасында, әрине, біздің Мерей мен Темірлан да болады.
«Қазақстан барысы» жарысында Жайықтың қос жампозының тілеуін тілейтініміз рас. Ел үмітін ақтасын десек, оғландардың бабын келістіру маңызды. Жігіттердің жағдай жайын білмек оймен қазақ күресінен ересектер арасындағы облыс құрамасының аға бапкері Қайрат Берсекеновке жолықтық. Қазіргі қызметіне өткен жылы тағайындалған бапкер «Қазақстан барысындағы» көрсеткішіміз төмен екенін жасырмады. Десе де, палуандарға қолдау болып, көрсеткішті жақсарту мақсатында біраз амал жасалатынын жеткізді.
– Біз жолыққан күндері Темірлан Щучинск қаласында оқу-жаттығу жиынында жүрді. Биыл самбодан Моңғолияда өтетін Азия чемпионатында ел намысын қорғайды. Ал Мерей Қостанайдан оралды. Қазір ауылында. Жуырда облыстың барлық түйе палуандарының басын қосып, толыққанды оқу-жаттығу жиынын өткізбек ойдамыз. Өйткені осы жолы намысты қолдан бермеуге тырысуымыз керек. Ал жиын – сол мақсатқа жетудің басты амалдарының бірі, - деді қазақ күресінен облыс құрамасының аға жаттықтырушысы Қ.Берсекенов.
«Қазақстан барысы» – көп жарыстың бірі емес, имидждік жарыс. Бұл айтулы спорт бәсекесіндегі жеңіс бүтін бір облыстың спортқа, соның ішінде ұлттық спортқа деген көзқарасын көрсетеді. «Қазақстан барысында» палуаны жеңіске жетіп, тіпті жүлдеге іліккен өңірдің басшы-қосшысының жалы күдірейіп шыға келеді. Сол себепті кей өңір палуандары тек ел ішінде ғана емес, Жапония, Грузия, Дағыстан сияқты елдерге барып, шеберліктерін шыңдайды. Біздің жігіттерді сырт асырмай-ақ, өз өңірімізден мықтап дайындап жіберсек те жаман болмас еді.
– Боз кілемдегі бес минуттық белдесу – палуанның бір жылдық еңбегі мен маңдай тері. Ал үлкен жеңіс – өмір бойғы дайындығы мен азды-көп жарақаттар мен жеңіліс-жеңістердің жемісі. Сол себепті ұлт күресін ұлықтар басты додаға барар жігіттердің бабын мықтап келістіргім келеді, - дейді аға бапкер Қайрат Берсекенов.
Облыстың аға жаттықтырушысы өңірдің апайтөстерін бір жерге жиып, күніне екі мезгіл жаттығу өткізіп, палуандардың дұрыс тамақтанып, уақтылы жатып-тұрғанын да мықтап қадағалаған жағдайда ғана жетістікке жетуге болатынын тілге тиек етті. Сол себепті барыстардың оқу-жаттығуын жылдың бас жоспарына енгізген екен. Ең бастысы басшылық тарапынан қолдау баршылық.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz