14.06.2022, 23:31
Оқылды: 108

Ауыл тұрғындарының базынасы баршылық

Еліміздегі саясаттың басты міндеті – ауыл-аймақты түлетіп, ондағы халықтың тұрмысын жақсарта түсу. Бұл бағыттарда атқарылған істерде аз емес. Дейтұрғанмен ауылдардың барлығындағы жағдай бір емес. Біреуі оқ бойы озық болса, екіншісіндегі атқарылар іс әлі жетерлік. 

Мәстексай (2)

Мәдениет үйінің құрылысы басталып кетті

Жуырда Жаңақала аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Рухолла Саматов және кеңес мүшелері Сәтжан Ғабдуллин, Еспол Сапаровпен Мәстексай ауылына барған едік. Аталған округте мәдениет үйінің ескі әрі тар екені бұған дейін де айтылып жүрді. Осы мәселеге байланысты жаңа мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Сондай-ақ мәдениет үйінің қызметкерлері жаңа музыкалық аппарат қажет екендігін жеткізді. Мәстексай ауылдық округінің жергілікті амбулаториясында түйіні әлі тарқатылмаған мәселелер жетерлік. Дәлірек айтсақ, төбе жабынының шифрын жел ұшырып әкеткен.

Мәстексай (3)

Содан бері қайта жабылмаған. «Біреуге қараған күн қараңғы түн» демекші, амбулатория қызметкерлерінің айтуынша, ғимараттың теңгерімі аудандық білім бөліміне қарайды. Ал аудандық білім бөлімі бұл істі облыстық білім басқармасына ысырып салып отыр екен. Төбеден су сарылдап ағатыны тағы бар. «ҚР денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният екі-үш жыл турасында бөлек амбулатория салынатынын қаперге берген болатын» дейді амбулатория қызметкерлері. Жерлесіміздің сол уәдесі жерде қалмай жаңа амбулатория салынса құба-құп болар еді. Қоғамдық кеңес мүшелерімен бірге амбулаториядан шыға салып дәл сол ғимаратта орналасқан «Алтын сақа» балабақшасының да жай-жапсарын білдік. Балабақшаның да жағдайы мәз емес екеніне көзіміз жетті. Балалардың ұйықтайтын жатын орындары ескі, сынып кету қаупі бар. Жиһаздар балабақша салынған жылдан бері жаңартылмаған. Балалар отыратын үстел-сөрелер мен орындықтар да көздің жауын алып тұрғаны шамалы. Ауылдағы үйлерде су қысымы жақсы болғанымен балабақшада төмен болатынын балабақша қызметкерлері жеткізіп, судың жүйесі әуел бастан дұрыс жасалмағанын айтты. Жаңартуды қажет етеді. Бүлдіршіндерге ыңғайлы горшок те қажет. Осы мәселелер бұған дейін де аудандық білім бөліміне ескертілген. Алайда әлі күнге шешімін таппай келеді. Тек жаңа төсек орын алып береміз деп шектелген. Сонда бүлдіршіндерге жаңа жиһаз, жаңа жатын орын, қайда қалмақ? Балалар жылында бүлдіршіндерге бар жағдай жасалуы керек емес пе?!

Пятимар (9) (1)

Электр сымдары орналасқан шағын бөлме де құлыпталмаған. Оған балалар кіріп кетіп, токқа соғылса не болмақ? Қауіптің алдын алсақ қана төтенше жағдайдың болмайтыны анық. Халықтың көкейінде «Аудандық білім бөлімі мен облыстық білім басқармасы не қарап отыр?» деген сұрақ жүргені сөзсіз. Еститін құлақ, көретін көз болса осы мәселелер тез арада шешілуі тиіс-ау.

Мектеп – күрделі жөндеуді қажет етеді

«Алтын сақа» балабақшасынан шыққан соң С.Меңдешев атындағы ЖОББ мектепке жол тарттық. Мектептің сыртын көріп құдды бір қараусыз қалған ғимаратқа тап келгендей болдық. Мектептің тек алдыңғы жағындағы терезелері ғана жаңартылған. Артқы жағынан келіп қалсаң төбе шашың тік тұрады. Сыртқы жағындағы қабырғасы мүжілген. Мектептің көп жылдардан бері жөндеу көрмегені соқырға таяқ ұстатқандай аңғарылып тұр.

Мәстексай (10) (1)

Жөндеу былай тұрсын, мектептің сыртқы қабырғалары әктелмеген де. Шұрық-тесік кафельдік плитка, жарылған терезе, сарғайып, қарайып кеткен төбе. Мектептің сыртын көргенде-ақ ішіне кірмей айналып өткің келеді. Тіпті жаңа пластикалық терезелерінің де жарылып қалғандары жетерлік. Қыс уақытында үшінші қабатқа кіру мүмкін еместігін білдік. Сол себепті үшінші қабат қыста жабылып, балалар бірінші және екінші қабатта сабақтарын оқиды екен. Мектептің мәжіліс залының орындықтары ағаштан жасалған. Аудандық қоғамдық кеңес мүшелері мектептен шығып ауылдық әкімшілікке барды.

3

Тесіліп, жыртылған линолеум, қараңғы бөлме. Жарық өте нашар. Жаңа Қазақстанды құру үшін алдымен ауылдағы мәселелерді жүйелі түрде шешкен жөн емес пе? Мәстексай ауылдық қоғамдық кеңесінің төрағасы Қобылан Мұхамбетов ұзақ жылдар бойы шешімін таппай жүрген өзекті мәселелерді талқыға салды.

«Ауылымызда мәселе аз емес»

- Ауылымыздағы Қ.Рысқалиев атындағы көше тұрғындарының сұрауы бойынша шағын футбол алаңын салу іске асса, солтүстік жағындағы көшеде тұратын балалардың спортпен айналысуына мүмкіндік туар еді. Мұқыр ауылы тұрғындары шағын футбол алаңын салуды сұрауда. Қазіргі уақытта ауа райының салқындығының ұзаққа созылуына байланысты, мектепті жылыту мерзімі ұзартылуы керек. Осы мәселе көтеріліп, құзырлы органдардан ұзартылуына келісім берілгенімен, мектеп әкімшілігі белгісіз себептермен бұл істі жүзеге асырмады. Биыл осы мәселелердің шешімін тауып, атқарылуын сұраймыз. Ауылымыздағы өзен-көл суларын бір деңгейде ұстап тұруға ауыл тұрғындарының қаражатымен «Ақтөбет» бөгеті қазылып, құбыр қойылып салынған болатын. Қазіргі уақытта жанынан қазылған айналма жыраға судың деңгейін ұстап тұру үшін екі құбыр салу керектігін құзырлы органдарға ескерттік, осы мәселемізді тез арада қолға алып, іске асырса дейміз. Әр түрлі бағытта хабар тарататын еліміздің бас радиосы - «Қазақ  радиосы» ауылымызға орнатылса дейміз. Амбулаториямыз физиотерапия қызметін көрсететін аппараттармен жабдықталса құба-құп болар еді. Елді мекен халқы интернет желісімен толық қамтылмай отыр. Қазіргі уақытта интернет желісімен жұмыс істеген жағдайда көптеген артықшылығы болар еді. Интернет арқылы онлайн атқарылатын түрлі бағыттағы қызметтерге қол жеткізіп, ұрпағымыздың сапалы білім алуына да ықпал ететін, бұл мәселеміздің шешімін табуына жұмыстансаңыздар, - деді Қ.Мұхамбетов.

Жатақхананың жай-күйі қиын

Қоғамдық кеңес мүшелері Мәстексай ауылынан соң ертесіне Пятимар ауылына барды. Алдымен Пятимар ЖОББ мектебінің жатақханасына кірдік. Ішіне кіріп жатақхана емес, адам аяғы баспайтын ғимаратқа көбірек ұқсаттық. Жыртылған линолеум, шұрық-тесік қабырға мен есік, бала түгілі үлкен адамның бойына қорқыныш ұялатады.

Пятимар (26)

Электр қосқыштары да түсудің аз-ақ алдында тұр. Жатақхананың жай-күйі мәз емес.

Мәстексай (7)

Содан соң қоғамдық кеңес мүшелерімен қоса Пятимар ЖОББ мектебінің жанындағы шағын орталыққа бардық. Балабақшадағы үстелдер мен орындықтарды бұрынғы жылдары мектеп бітірген түлектер алып берген. Балабақшаның өте тарлығы салдарынан ауылдағы бүлшіндіндердің көбісі балабақшаға бара алмайды. Жаңа, үлкен балабақша керек. Осы мәселелер жоғарыдағыларға жетсе жақсы-ақ. Балабақшадан соң қоғамдық кеңес мүшелерімен бірге амбулаторияға ат басын бұрдық. Амбулаторяның сыртқы сиқын көріп-ақ мәселесі көп екенін аңғарасыз. Іші өте қараңғы. Қызметкерлердің айтуынша жарық шамдары жиі жанып кетеді екен. Терезелері ескі, қабырғалары жарылған. Тіпті жатын дивандары да өте ескі. Ішіне кіргенде қараңғылықтан үрейленесің. Амбулаториядан шығып, ауылдық әкімшілікке жол тарттық. Аталған ғимараттың мәжіліс залы да сын көтермейді. Әкімшіліктің де жағдайы мәз емес екеніне көз жеткіздік. Соңында Пятимар ЖОББ мектебіне барып мектептің әдемілігіне тәнті болып қайттық. Мектеп күрделі жөндеуден өткен. Бәрі дерлік көздің жауын алады. Аудан орталығындағы мектептерден асып түспесе кем болмайтыны анық. Тек бір олқылығын атап өтпесе болмайды. Мектепте мәжіліс залы жоқ.

Пятимар (24)

Түйін: Аталған мәселелер шешімін тапқан жағдайда ғана ауылдың жай-күйі жақсармақ. Әңгіме көп, іс аз. Әлі де өзектілігін жоймай тұрған мәселелер жетерлік. Ұлтымызды ұлықтау ауылды аяққа тұрғызудан басталады.

Райхан Амантайқызы,

Жаңақала ауданы 

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале