– Тоғыз жолдың торабында орналасқан үлкен ауданның тұрғындары үшін бүгін ерекше күн. Негізінен, ауданда кәсіпкерлік қарқын алып келеді. Айталық, 2000-ға жуық азамат жеке кәсіппен айналысса, олардың басым бөлігі – мал шаруашылығының еңбеккерлері. Енді, міне, көпке танымал тұрмыстық жабдықтар дүкені ашылып жатыр. Осындай ғимарат салып, қолжетімді бағамен заманауи технологиялар сатылатын дүкеннің ашылуына сеп болып, Чапаевтың көркін әсем ғимаратпен ажарландырған кәсіпкер Салтанат Нығметқызына және «Sulpak» дүкеннің басшылығына жұртшылықтың ризашылығын жеткіземін, – деді аудан басшысы
Салтанатта тұрғындарды құттықтаған «Sulpak» желісінің Ақжайық филиалының директоры Альбина Махметқызы осы нысанның Қазақстан бойынша ашылған 200, облыста 13-ші дүкен екенін айтып, ашылуына орай мұнда 7 күнге кез келген тауар арнайы жеңілдікпен сатылатынын хабарлады. Осыдан кейін дүкеннің лентасы қиылды.
Үш қабатты ғимараттың аталмыш дүкен 2 қабатын түгел, 604 шаршы метрді жалға алыпты. Жаңа дүкенде алты жаңа жұмыс орны ашылды. «Хоумкредит», «Каспи», «Еуразиялық», «Халық», «Алтын», «Жусан», «Фридом» банктері арқылы заттарды несиеге алуға болады. Мұнда әлемнің жетекші өндірушілерінің аудио, видео, тұрмыстық және кеңсе жабдықтары, фото және бейнекамералар, тоңазытқыштар мен кір жуғыш машиналар, компьютерлер, планшеттер, сондай-ақ электроника әлеміндегі барлық заманауи гаджеттер мен жаңа құрылғылар саудаланады.
Сонымен қатар алдағы уақытта тауарды 50 шақырым қашықтыққа дейін тегін жеткізіп беру қызметі де көрсетілмек. Айта кету керек, жаңа бұйымдармен көздің жауын алатын дүкенде тұтынушыларға бар жағдай жасалған.
Нұрбек Ихсан,
Ақжайық ауданы
Суреттерді түсірген автор