Жыл сайын Қазақстанда 4,5 млн тонна қалдық шығарылады. Мұны елдегі экологиялық жағдай туралы баяндаған Экология вице-министрі Зүлфия Сүлейменова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жыл сайын 4,5 млн тонна қалдық шығарылады. Былтыр 4,2 млн тонна қоқыс төгілді. Оның 21,1% қайта өңделді. Биыл бұл көрсеткіш 24%-ға жетеді деп жоспарлап отырмыз. Оң динамика байқалғанымен, жетіспей жатқан тұстар да бар. Мәселен, қоқыс кейбір аймақтарда көп, кейбір аймақтарда өте аз өңделеді», - деп мәлім етті Зүлфия Сүлейменова.
Вице-министр ақпаратына сай, енді ведомство қауіпті қалдықтарды өңдеу және оларды жоюмен айналысатын компаниялардың жұмысына бақылау жүргізетін болады.
«Экологиялық кодекске өзгеріс енгізу туралы шешім маңызды болды. Себебі біз бұл уақытқа дейін нарықта қоқыс шығару, өңдеу және сұрыптаумен айналысатын бизнес субьектілерін білмейтін едік. Енді шағын кәсіпорындар қалдықтарды шығаратын болса, онда оны қай жерге төгетіні туралы бізге хабарлама береді. Бұрын белгіленбеген орындарға қоқыс төгу фактілері көп тіркелген еді. Мәселен, былтыр 7 мыңнан астам рұқсат етілмеген қалдықтарды төгу орны анықталды. Оның 89% жойылды. Ал биыл мамыр айынан бастап 1,5 мыңға жуық рұқсат етілмеген үйінділер анықталды», - деді Зүлфия Сүлейменова.
Бүгінде аса қауіпті қалдықтарды жоюмен айналысатын 60-қа жуық компания лицензия алған. Ал жалпы қоқысты шығару, өңдеу және сұрыптау қызметін көрсететін 990-нан астам бизнес субьектісі бар.