16.06.2022, 9:15
Оқылды: 116

Зияткерлік меншік саласы қай деңгейде?

Қадыр Мырза Әли  атындағы мәдениет және өнер  орталығында ҚР Әділет вице-министрі Ақерке Ахметова өнер иелерімен кездесті.

AF348B01-5A92-424D-B511-AB68C427B0A1

ҚР Әділет министрлігінің «Ұлттық зияткерлік меншік институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Ербол Оспанов, тауар белгілері, тауар шығарылған жердің атауы және өнеркәсіп үлгiлерi департаментінің басшысы Аягүл Абитбекова, өнертабыс, пайдалы модельдер мен селекциялық жетістіктер департаментінің басшысы Алтынай Батырбекова және облыстық әділет департаменті басшысының міндетін атқарушы Естай Рашқалиев вице-министрмен бірге Қадыр сарайын аралады. Олар орталықтағы әдебиет және Қадыр Мырза Әлидің мемориалдық мұражайымен танысып, өңіріміздегі ақын-жазушылар шығармашылығы және ақынның тұлғалық қасиеттері, өмірі турасында біраз ақпаратқа қанықты. Ақерке Естайқызы мұражайдағы пікір кітапшасына өз ойын жазып қалдырды.

AC11D402-C465-450A-938D-BE4ADE40B89B

Қазақстан Күйшілер одағының төрағасы, домбырашы-ұстаз Асқар Кенжеғалиев қонақтарға Күй бөлмесін көрсетті. Ол қазақтың ұлттық аспабының көне түрлері, ертеректе табылған үлгілері жайында ой қозғап, домбыра мен қазақ күй өнерінің тарихына, жергілікті күйшілік мектептердің сабақтастығына арналған бірнеше көрнекілік тақтаны сөйлетті.

– Бұл бөлмеге облысымыздағы шеберлер жасаған көне үлгідегі домбыраларды қойдық. Жалпы, ең көне домбыра 1500 жыл бұрын жасалған деп есептелінеді.

Ұлы тұлғалар ұстаған ұлттық аспаптардың фотосуреттері де бар. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, көне домбыраларға арналған байқау-фестиваль өткізу ойда жүр. Мұнда шегінен шертіп қалсаңыз, күй төге жөнелетін электронды домбыра орнатылған. Бұған қызығушылық танытатындар көп. Ең кішкентай дом­быраның ұзындығы – 4 сантиметр. Ол кәдімгі үлкен домбыраның функциясын орындайды, – деді Асқар Мұхамбетқалиұлы.

Іс-шара ашық пікірталасқа, еркін отырысқа жалғасты. Сұхбаттасу сәтінде өңіріміздегі ақын, жазушы, суретші, композиторлар идея-ойларын ортаға салып, сұрақтарына жауап алды.

– Ақ Жайық өңіріне алғаш рет келіп отырмын. Қонақжайлылықтарыңызға бек ризамын. Біз зияткерлік меншік саласында жаңаша бағытта жұмыстанып жүрміз. Ауторлық құқық объектілерін құқықтық қорғау, жеке туындыға ауторлық құқықты тіркеу бағытында жоба дайындап, тексеріске ұсындық. Тіркеуде бар тоғыз мыңға жуық қазақстандық аутор сыйақы алуға құқылы. Қазіргі таңда Қазақстанның құқық иеленушілерінің көбі бірнеше ауторлық құқықты қорғаумен айналысатын ұйымның мүшелері.

Халықаралық тәжірибе бойынша осындай ұйымдар өздерінің қаржылық есептерін ғаламторға енгізеді. Жапонияда компьютерлік бағдарламаларға ауторлық құқықтарды тіркеу депозитке салу тәртібімен жүргізіледі. Депозитке салуды Жапонияның Патенттік ведомствосы жүзеге асырады. Ал Ресейде мемлекеттік тіркеу тек компьютерлік бағдарламалар мен мәліметтер базасына арналған. Кітаптар, журналдар, мақалалар, деректер базасы, музыка, графикалық кескіндер, әдеби туындылар және басқа да өнер туындылары ауторлық құқық объектісі болып табылады. Ұлттық зияткерлік меншік институтында екі негізгі бағыт бар. Біріншісі – ауторлық, екіншісі – патенттік. Шығармашылық тұлғалардың құқы қашанда қорғалады, – деді Ақерке Естайқызы.  

Кездесу барысында шығармашылық одақтардың өкілдері ауторлық құқық туралы мағлұмат алып, тың жобалары туралы айтты. Осы саладағы түйткілді мәселелердің шешілу жолдары мен төл туындысын заң жүзінде жекешелендіру бағытында қандай қадамдар жасау керек екенін сұрап білді.

– Өнер туындыларын заңнамалық фактілерге сәйкес тексерулер жүргізіп, соның қорытындысы бойынша тіркейміз. Зияткерлік меншік саласының көркеюі сіз бен біз атқарған істің нәтижесіне байланысты. Мақсатымыз – жаңа туындыларды елге көрсету, таныту. Кез келген шығармашылық тұлғаның бір тәуліктің ішінде төл туындысын тіркеуге мүмкіндігі бар. Өтінімдер жеке кабинеттерде электронды нұсқада ғана қабылданады. Бұл үдеріс электронды цифрлық қолтаңба арқылы жүзеге асырылады. Қажет болған жағдайда қосымша құжаттар сұраймыз. Құжаттарда қателік кездессе, өтінім мен төлем кері қайтарылады. Әлеуметтік желілерде парақшаларымыз бар. Хабарласып, сауал жолдауға болады. Біз қуана-қуана жауап береміз. Мамандар тілдесуге әр кез дайын. Олар сіздерден ақыл-кеңесін аямайды. Жалпы, ауторлық құқық туындының алғаш жарияланған күні пайда болады, – деді Алтынай Бақбергенқызы.

Іс-шара барысында домбырашы Асқар Кенжеғалиев әдістемелік құрал ретінде «Ортеке» атты телефонға жүктеліп, домбыра үйрену мақсатында пайдаланылатын қосымшаны қолданысқа енгізуді ұсынды. Зияткерлік меншік саласындағы мамандар жиынға қатысқан басқа да өнер иелерінің пікірін тыңдап, бағыт-бағдар сілтеді.  

Марлен Ғилымхан,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале