16.06.2022, 14:30
Оқылды: 83

Қожалықтардың жанайқайын естір құлақ бар ма?

Киік мәселесі бойынша Батыс Қазақстан облысы аумағына пресс-тур ұйымдастырылды. Пресс-тур құрамында ҚР Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғанбаев, «Охотзоопром» РМҚК бас директоры Марлен Айнабеков, «Охотзоопром» РМҚК мамандары, блогерлер, 7kun.kz, BAQ.kz, Forbes.kz сайттары, «Айқын» газетінің редакторлары мен журналистері, ғылыми ұйымдардың төрағалары және облыстық мәслихат депутаттары болды.

IMG_4051

Бірінші күні Ақжайық, Казталов аудандарында болған мобильді топ, екінші күні Жәнібек ауданына бет бұрып, Жақсыбай ауылы маңында киіктен зардап шегіп отырған қожалық иелерімен кездесті. Кездесуде алғаш болып аудан әкімі Азамат Сафималиев сөз алып, жалпы ақбөкендерге қатысты аудандағы мәселелерді атап өтті. Әрмен қарай сөз Данияр Ғалымұлына берілді.

-Киік мәселесі бойынша түрлі ұсыныстар түсіп, пікірлер айтылуда. Аталмыш мәселені кеңінен насихаттап, көрсету үшін журналист пен блогерлерді бірге ала келдік. Киік бойынша ғылыми негіздеме дайындалып жатыр. 20 маусымда ғылыми негіздеме комитетке беріледі. Сол арқылы ақпаратты білетін боламыз. Яғни Үстірт, Бетпақдала және Орал популяцияларында киіктің санын анықтап, әрмен қарай қалай жұмысты жоспарлаймыз. Қазіргі таңдағы ауданға қатысты мәселені біліп отырмыз. Бейнежазбалар мен суреттерді көрдік. Жол бойы киіктің қай аумақта шоғырланып жүргенін де көріп келеміз. Мамыр айынан кейін киіктер  жан-жаққа кетті. Орал популяциясында ақбөкендердің көбейіп тұрғаны белгілі, - деді Д.Тұрғанбаев.

IMG_4058

Жиынға қатысқан қожалық иелері аталған мәселе бойынша ойларымен бөлісті.

-Аталмыш мәселені айтып, арыз жазып келе жатқанымызға бес жыл болды. Бізді еститін құлақ бар ма? Отбасымызды қалай асыраймыз? Киіктердің көбеюі біздер үшін күйіп тұрған мәселе екенін қалай жеткіземіз? Не істеуіміз керек? Киіктен осы жақтағы Талов, Жақсыбай, Борсы ауылдық округтері көбірек зардап шегіп отыр. Жылдан-жылға мал азығы азайып барады. Жерді тырналаумен боламыз. Шөп жоқ. Басқа ауылдарға қарасты жерден шабуға тура келеді, - деді Жақсыбай ауылының тұрғыны Набиолла Мекетаев.

Сонымен қатар «Шопан ата» қауымдастығының Жәнібек ауданы бойынша басшысы Бауыржан Сабанов та өз ойын білдірді.

«Жуырда Нұр-Сұлтан қаласында құрылтай өтті. Киік мәселесін көтерген болатынбыз. Премьер-министр 15 шілдеге дейін шешімін тауып беруге көмектесетінін айтты. Пресс-турдың келген мақсатын түсініп отырмыз. Қандай жоба болса да, ол жоба болып есептеледі. Жақсы, киік ұлттық қазына дейік. Оған да келістік. Бірақ экономикалық тиімділікке неге назар аудармаймыз?! Болжам, мониторинг жасалмаған. Пандемияның киікке еш қатысы жоқ. Киік саны көбейіп кетті. Халықтың жан айқайын ешкім естімейді. Киікке біздер қарсы емеспіз. Дегенмен оның санын азайтатын уақыт жетті. Бұл жерде Кеңес үкіметі кезінде ақбөкен саны 300 мыңнан асқан емес. Бүгінгі кездесуге ауданның барлық шаруа қожалық иелері қатысуда. Мал азығы жоқ. Мал шаруашылығын дамытсын деген Үкіметтің бағдарламасы, Президент жолдауы бар. Шұғыл түрде, күзге дейін бір шешім шығаруларыңызды сұраймыз. Себебі ауданда жұмыс көзі жоқ. Аудан мал шаруашылығымен күн көріп отыр. Өздеріңіз көргендей, айналаның бәрі тықыр, шөп жоқ. Мал шаруашылығын дамытамыз деген қожалықтардың көбінде несие бар. Олардың көпшілігі несиелерін төлеу үшін малын сатуда. Мысалға, Ресейде зардап шеккен қожалықтарға материалдық көмек қарастырылған. Осындай көмекті біздің қожалықтарға да қарастыруды ұсынамыз. Биыл қайта-қайта жаңбыр жауып, жағдай жақсарды. Дегенмен болашақта не боларын ешкім білмейді», - деді ол.

IMG_4076

Кездесу барысында Данияр Ғалымұлы қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беруге тырысты. Оның айтуынша, биыл, яғни 15 шілдеге дейін киіктерге қатысты нақты шешім шығады.  Ал материалдық көмек қарастыру үшін аудан әкімдігімен бірлесіп жұмыстану керектігін тілге тиек етті. Пресс-турды экология министрлігі басқарып келгеннен кейін, бұндай шешімді басқа да құзырлы органдармен ақылдасып шешу керек екен. Соңғы екі жылда бөкендер күрт көбейді. Комитет төрағасы былтыр киік саны 545 мың болса, биыл 801 мыңға жеткені жөнінде ақпарат берді. Ал аудандағы шаруа қожалық иелері киіктің саны 2 миллионға жуықтайтынын айтады.

Аудан әкімі Азамат Сафималиевтің сөзіне сүйенсек, аудан бойынша тоғыз ауылдық округтің барлығында киік мекендейді. Жалпы аудан бойынша 389 шаруа қожалық бар. Соның 170-сі киіктен зардап шегіп отыр. Ауданда 823 мың гектар жер болса, соның 210 мың гектарын киік таптап кетті.

-Биыл ауданда жаңбыр көп жауды. Бірақ, Алла сақтасын, келесі жылдары не боларын ешкім білмейді. Келесі жылы жаңбыр болмаса, шаруа қожалықтар барлық малын сатып, киік бағып кететін жағдайға жетеді. Айтылған цифрлар, бұл тек бүгінгі көрсеткіштер. Аталған сан күнде өзгеруде. Жағдай өте күрделі әрі сыни. Құралайдан кейін киік басқа жаққа кеткенмен қайтып келеді. Аудан бойынша тек қана 500 гектар ғана егістік бар. Қалғаны шабындық пен жайылымдық жерлер, - деді аудан басшысы.

Бұдан бөлек аталмыш мәселеге қатысты Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің профессоры, ветеринария ғылымдарының докторы Қайсар Қошалиев зерттеуімен бөлісті.

- 2012 жылы осы жақта киіктер жаппай қырылды. Сол уақыттан бастап біздер ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізудеміз. Жаппай қырылған кезде, басты мақсат киікті қалай сақтап қаламыз деген мәселеден болды. 2012 жылы киік пастереллез ауруынан қырылды делінсе, біздің зерттеу бойынша бөкендер инфекциялық энтеротоксемия ауруынан өлген. Киікті аман алып қалу үшін оларды университет жанындағы тәлімбақта бағып, 38 басқа дейін жеткіздік. Киіктердің қандай аурулары, ауыл шаруашылық малына қандай қаупі бар екенін зерттедік. Ғылыми әдебиеттерде киіктердің аурулары көп жазылмаған. Алайда, ол кезде гельминтозға (құрт ауруы) ешкім мән бермесе, қазіргі таңда аталған ауру көбейіп жатыр. Әсіресе Казталов, Жәнібек аудандарындағы малдан аталмыш ауру көптеп анықталуда. Он жыл бұрын киік азайып барады деп халықтың жанайқайын естігенбіз. Енді мінекей, көбейіп кетті дейді. Халық оның санын реттеуді сұрап отыр. Себебін айтып өтейін. Зерттеу нәтижесінде осы аймақта далада ұсталған киікте гельминтоз, мониезиоз, ценуроз, бұрын болмаған жіңішке лешай, өкпе ауру эхинококкоз табылды. Бұл аурулар киіктен бе әлде малдан жұқты ма? Ветеринариядапатогендермен алмасу деген термин бар. Бұрын мал ауруы көп тіркелмеген  кейбір ауылдардан  киік келгеннен кейін осы аурулар көбейіп жатқаны жасырын емес. Сондай-ақ, патогендік алмасу нақты бір аймақта бір жануардың көптеп шоғырлануы болып табылады. Жануар бір-біріне тығыз орналасқаннан кейін ауру пайда болады. Міне, аурудың бастамасы бар. Эпизодиологиялық мониторинг бойынша бұл жағдай жалғаса беретін болса, панзоотия, эпизод пен эпидемияға айналып кетуі мүмкін. Киіктерде пастереллез, инфекциялық энтеротоксемия, паратуберкулезден бөлек эхинококкоз, мониезиоз, ценуроз, цистициркоз аурулары бар. Ал бұл аурулардың адамға қандай қаупі бар? Бұндай жағдайда адамоба, сібір жарасы, бруцеллезбен ауырады. Халықтың айқайын түсінуге болады. Себебі алдағы уақытта ауру өршіп, адамға, жануарға жұға бастауы мүмкін. Халықтың шырылдағаны да осыдан. Киік санын реттеу керек деген ұсынысты қолдаймын. Реттеудің 3-4 тәсілі бар. Мәселен, кәсіби аулау, загонда ұстау, басқа жаққа айдау сияқты тәсілдерін қолдану арқылы киіктің санын азайту керек. Биологиялық негіздемелерде норматив бойынша бір киікке 20 гектар жер керек делінген. Олар күніне 7-8 литр су ішеді, 5-6 келі шөп жейді. Мәселен, мамыр айынан бастап санағанда, сегіз айда бір киік 900 мың сиырдың азығын жеп, 325 литр суын ішіп қояды екен. Осы көрсеткіштер арқылы киік санын реттеу керектігі көрініп тұр,- деді профессор.

«Мемлекеттен мал шаруашылығын дамыту үшін субсидия беріледі. Дегенмен, қазіргі таңда экономикалық дағдарысқа байланысты       субсидияның құны дым емес. Былтырғыдай биыл да субсидияның көлемі өзгеріссіз  қалды. Алайда, нан, жанар-жағармай бағасы, логистика, жем-шөп, су мәселесі тағы тұр. Қандай субсидия берілсе де, киік санын реттеу қажет. Популяция көбейіп тұрғанын біле тұра халыққа салық бойынша преференция берілу керек. Сонымен қатар мал азығына көмек қарастырылуды жөн санаймыз» - деді Б.Сабанов.

Басқосуда Бөкей ордасы, Казталов, Жәнібек аудандарының шаруа қожалық иелері кезек-кезегімен өз ойлары мен ұсыныстарын айтты.

Пресс-тур қатысушылары жеке-жеке сұхбаттасып, мәселені өз көздерімен көрді. Сондай-ақ олар киіктердің көптеп шоғырланған жеріне барып, бейнежазбаға түсіріп алды.

Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале