20.06.2022, 9:30
Оқылды: 93

Ақбөкеннің Африкадағы гнудан несі кем?

Natinonal Geographic Qazaqstan/Табиғаттың таңғажайып жаратылысы – бөкеннің жаппай төлдеу науқаны мамырда басталады. Жылда киік облыс орталығы – Орал қаласынан 450 шақырым қашықтағы Жәнібек ауданындағы Жақсыбай ауылының маңында лағын өргізеді. Асфальт жабындысы жоқ, ой-шұңқыры көп ұзақ жолды алты сағаттай жүріп өтіп, осы ауылға кештетіп жеттік.

kik

«Киік қайда?» деп үздігіп те үлгермедік, ауылдан бір-екі шақырым жерде еркін  жайылған киіктің табынына тап болдық. Шеті мен шегі жоқ. Көкжиекпен астасып, көз ұшында теңіздің толқынындай көрінеді. Көпшілігіміз теледидардан қызыға кө­ретін Африканың алқаптарында өріп жүрген гнулар мен енекелер табынын еске салғандай. Маңыраған дауысы кешқұрым дала аспанын жаңғыртып тұр. Африкадан айырмасы – осынау ғажайып жануарларды тамашалап, сыртылдатып суретке түсіру үшін сафарилетіп жүрген туристер жоқ. Оның орнына шағын ғана журналистер тобы жүрміз. «Бізде де сондай туризмді неге ұйымдастырмасқа?» деген ой келеді еріксіз. Әйтпесе ән мен жырымызға арқау болған, негізінен біздің жерде ғана тіршілік ететін бөкенді Қазақстан халқының жартысынан астамы тірі күйінде көрмегені анық. Барды бағаламаймыз. Міне, жаңа туған төлдері де жап-жақын жерде ойнақ сап, шауып жүр. Тіпті бізге қарай жүгіріп келген екі-үшеуі көлікті көріп, жалт бұрылды. Камерадан да қорықпайды. Он шақтысы әрлі-берлі секіріп, «суретке түсті».

Тау-тасы жоқ жазиралы дала жап-жасыл. Аспан да батар күннің алауымен мың сан түске боялып, табиғат тылсым күйге енген. Күн суық. Желкем. Бізді қарсы алған қорықшылар биыл төлдеудің тым ерте, сәуірдің соңғы күндерінде-ақ басталғанын айтты.

...Таңғы 5-те операторлар асай-мүсейін арқалап, киік жүрген жерге шатыр құрды. Мақсат – енесі мен текесін неғұрлым жақын жерден таспаға түсіру. Киік те сақ. Шатырға көз үйреткенше, жақындамайды. Қауіп жоғын сезген соң, жайлап кеп айналшықтайды.

Ал иен далада құралайдан аяқ алып жүргісіз. Сыбыр еткенге селт етіп, орғи жөнеледі. Қашықтан қос құлағы тікірейіп, қоянға ұқсап кө­рініп жатады. Ал көк қалың болса, тіпті байқалмайды. Жаңа туғандары қимылсыз келеді. Топырақ түсімен астасып, төрт аяғын бауырына жинап, моп-момақан күйі бұйығып жатқан оларды байқамай да қаласың. Орташа салмағы – 2,5-4 келі, тұрқы 50-60 см болады. Құралайдың кірпік қақпайтын қап-қара, мөп-мөлдір, түпсіз тұңғиық жанары адамды баурап алады. Көзіне көзі түскен жанның елжіремеуі мүмкін емес. Ұлан-ғайыр даламызды әлімсақтан бері мекен етіп келе жатқан осынау ғажайып  жаратылысты бір кездері жер бетінен жойып жібере жаздағанымызды еске алсақ, жан түршігеді. Әзер-әзер сақтап қалған сол байлығымыз мемлекеттік деңгейдегі қорғау шараларының нәтижесінде енді-енді көбейіп еді, мал баққан шаруаларға «бәсекелес» болып шықты.

Жалпы, Қазақстанда киіктің Үстірт, Орал және Бетпақдала популяциясы бар екені мәлім. Осындағы Орал популяциясының саны биыл (Батыс Қазақстан облысында) 800 мыңға жетті. Қазақстанның биоалуандығын сақ­тау қауымдастығы (ҚБСҚ) жүргізген ресми санақ қорытындысы осылай дейді. Бұл – әлбетте қуанышты жаңалық. Алайда бұған батысқазақстандық жергілікті шаруалар аса мәз емес, керісінше «Басын азайтып, санын реттеу керек, мыңғырған киік жайылымды таптап, шөпті отап кетті» деп дабыл қағады.

Шаруалар жанайқайы

 Таңда киік түсіріп кеп, Жақсыбай ауылының әкімдігіне барғанымызда, ғимарат алдында бір топ адам тұр екен. Ат-көліктері сайлаулы. Жүрістері суыт, жүздері сұсты. Жөн сұрағанымызда, киік айдауға шығып бара жатқан ауыл тұрғындары екен. «Қазір төлдеп жатыр ғой» дегенімізде, осы әрекетке амалсыздан көшкендерін айтты.

– Киік мәселесі ушығып тұрғанына бес жыл болды. Биыл басы 3-4 есеге көбейді. Жігіттер жиналып, киік айдайын деп тұрмыз, – деді мотоциклін оталдырып, дайын тұрған Еркебұлан Тілеубалиев. – Ауыл тіпті қиналып кетті киіктен. Шөп жоқ. Иә, төлдеп жатыр, бірақ оған қарамаймыз деп тұрмыз. Халық­тың қиналғаны соншалық, тіпті шаршап кеттік. Жылда осы. Барынша ауылдан әрі қарай айдаймыз киікті.

Ал шаруа қожалығының иесі Жақсыбек Қаратаев «Киіктің кесірінен шығынға ұшырадым» деп күйініп тұр.

– Бес жылда бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады. Шаруашылықтар банкроттың алдында тұр. Бұрын 500 бас ірі қара ұстайтын едік, қазір 50 бастан қалды. Жыл сайын шөп жоқ, жыл сайын бір әңгіме. Киік келеді де көк көтерілер уақытында отап тастайды. Бұған бір қорық салып па, әйтеуір, бір айдайтын, ұстайтын жері болуы керек қой. Соған айдамай ма? Менің 589 гектар жерім бар, бес тал шөп шаба алмай қалам жылда. Ерте көктемде келеді. Одан төлдейді. Айдауға болмайды дейді. Айдатпайды. «Туу керек, төл­деу керек» деп. Ал біз ше?! Біздің мәселемізбен бас ауыртып жатқан ешкім жоқ. Енді осылай жалғаса беретін болса, біз «соғыс ашамыз» киік қорғаушыларға. Адам шығыны да болуы мүмкін. Басқа амал жоқ, – дейді.

1

Осы ауылдағы тағы бір шаруа Алик Досқалиев: «Біз табиғатқа қарсы емеспіз, болсын, өссін. Бірақ әр зат мөлшерінен асып көбейсе, зиян. Былтыр қуаңшылыққа қоса, осы киік те көбейіп, шөп жинай алмай қалдық. Немесе бізге үкімет осы шығынды субсидияласын, киіктен келген зардапты өтесін» деген ұсынысын айтты.

Бұдан соң ауылдықтар көліктеріне мініп, киік жайлаған жерге қарай бет түзеді. Жан-жаққа топ-топ боп бөлініп, бірнеше үйір бөкенді малдың өрісінен аулаққа қарай айдап тастады.

«Киік бізге келген жоқ, біз киіктің жерінде жүрміз»

Киік қорғаушы «Охотзоопром» ӨБ» республикалық мекемесінің инспекторлары да бөкеннің басы-қасында. Төлдеудің көп шығынсыз, бірқалыпты өткенін, қазір киіктердің үйір-үйір болып, Жә­нібек ауданынан бір жартысы құмға қарай, бір бөлігі Жайықтың оң жағалауына қарай көшіп жатқанын айтады.

– Бұл – киіктің жері ғой. Киік бізге келген жоқ, біз киіктің жерінде жүрміз. Сондықтан біз жануарларды браконьерлерден қорғаймыз, төлдеуін бақылаймыз. Өлекселері болса, акт толтырып, жинап, мал моласына апарып өртейміз. Биыл саны едәуір артты. Киік көбейгесін, біздегі инспекторлар санын да көбейту керек. Ареалы да кеңейді. Төлдейтін жері осы аумақ. Ал басқа мезгілдерде мына Казталов, Жаңақала, құм жақтағы Бөкей ордасы аудандарына, Атырауға дейін барып, көшіп-қонып жүреді. Бес жылдан бері осы жерде төлдеп жүр. Материалдық-техникалық базамыз бар, бірақ тозығы жетті. Техникамызды жиі жөндейміз. Әлі де көлік жетіспейді, – дейді бізбен әңгімелескен инспектор Алмас Тапалов.

«Киік  еркін  жайлаған  жерлер оңды-солды беріліп  кеткен»

«Киікті айдағанмен, мәселе шешілмейді» деген тәуелсіз экология шолушысы Сәкен Ділдахмет киіктің санын реттеп, басын шектеу үшін резерват құруды жеделдету керек екенін айтады.

– Халықаралық CITIS конвенциясына сәйкес Қазақстан киікті заңды түрде болса да атып, оның мүйізін, етін өндіріске қолдана алмайды. Себебі бізге нөлдік квота берілген. Енді біздің үкімет мемлекеттік реттеуді жүргізу үшін осы ұйымнан квота сұрау керек.

Екіншіден, киік қорғалатын ерекше табиғи аумақ керек. Және ол резерваттың көлемі 300-600 мың емес, млн-нан астам гектар болуы керек. Міне, көріп тұрсыздар ғой, қаншама киік жүр.

Үшіншіден, өсімнің де бір қайтарымы болуы керек. Ертең киікті өндірістік мақсатта қолданатын болса, осы ауыл-аймақтар да игілігін көрсін. Яғни өндірістен түскен қаражат жол, азық-түлік, басқа да әлеуметтік мәселелерге бөлінсін. Ол үшін министрлік нақты бағдарлама ұсыну керек. Ауыл адамдарын ынталандыратын, белгілі бір мөлшерде әрі пайдасын көретіндей, әрі қорғауға атсалысатындай етіп, бір жүйе қалыптастыру керек. Мысалы, Астраханда «Черные земли» деген қорық бар. Киік сонда бағылады, ауыл-аудан болып қорғалады. Немесе Моңғолияда қар барысын көріп, оған қамқорлық жасаса, мемлекеттік деңгейде сыйақы беріледі. Себебі бетін әрі қылсын, 2015 жылдағыдай пастереллез ауруы жайласа, киік бір күнде қырылып, қорғауға жұмсалған соншама күш-қаражат далаға кетеді. Сондықтан бұл өсімнің өз қайтарымы болуы керек.

Төртіншіден, қазір көп жер ауыл шаруашылығына оңды-солды беріліп кеткен. Кейбір латифундистер толық игеріп те жатқан жоқ сол жерді. Он мыңдап алып, түк атқармай жүргендер бар. Оны Президент те айтып келеді. Кезінде бос жатқан, киік еркін жайлаған жерлер ғой. Киікті сайын даланың еркесі дейміз, бірақ соншама жыл қырылып, енді, міне, басы өскенде, қазақтың бағына емес, сорына айналып отыр! Бұл – жер мәселесінің уақтылы реттелмегенінен!

Осы мәселелерді облыс әкімі де шет қалмай, көтеруі шарт. Үкімет қарауына енгізуі керек. «Ой, бұл Экология министрлігінің проблемасы» деп қашпауы қажет. Облыс әкімдігі, Экология министрлігі үкіметпен бірлесіп, мәселені тез арада қолға алғаны жөн. Уақыты келді, – дейді Сәкен  Ділдахмет.

«Киікті  аңшылық кәсіпке  беру  керек»

Алматыдағы ҚР БҒМ Ғылым комитетіне қарасты Зоология институтының жетекші ғылыми қызметкері, биология ғылымдарының кандидаты Юрий Грачёв «Бұл мәселені киікті бұрынғыдай кәсіби аңшылыққа беру арқылы шешуге болады» деген  ойын  айтты.

– Киіктер ерте кезден малмен қатар жүреді. Сол жайылымдарды мекендейді. Кеңес өкіметі кезінде екеуара бәсекелестік бұлай ушыққан жоқ. Өйткені киіктің саны аңшылық кәсіпті жүргізу жолымен реттеліп отырды. Бұл өте құнды олжа болды. Мүйізі жоғары бағаланды, шетелге экспортталды, еті халыққа сатылды, терісі де өндіріске жіберілді. Жыл сайын киік басының 20 пайызы өндірістік мақсатқа пайдаланылды. Бұдан киік популяциясы бұзылған жоқ әрі мал азығы тапталған жоқ. Тепе-теңдік сақталды, – дейді ғалым.

Оралдағы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, бір бас киік 20 гектар жерде жайылуы керек. «Өңірдегі бөкен саны облыстың сыйымдылық деңгейінен баяғыда асып кетті» дейді инспекцияның бөлім басшысы Қайрат Қадешев. Қазіргі көшіп-қонып жүрген жері 200 мың­дай киікке лайықталған. Яғни ереже бойынша 200 мың бөкен 4 млн гектар жерде өрістеуі керек. Ал бүгінде осы аумақта 1 млннан астам жануар көшіп-қонып жүр. Қара есеппен әр киікке 20 емес, 4 гектардан келіп тұр.

Мұны Юрий Грачёв та нақтылап отыр: «Қазір киік басы бұрынғы мемлекеттік реттеуден көп асып кетті, сондықтан шаруалар наразылығы туындап отыр. Жерге де, суға да бәсекелестік күшейді. Бұл барлық аумақта емес, белгілі бір бөліктерде. Қуаңшылық кезде мәселе бұдан әрі ушығады. Ал жайылым зардабына келсек, киік 70-інші жылдары Бетпақдалада тың жерлерге баратын, егіске түсіп, таптап тастайтын. Олар егінді жемейді, таптап кетеді. Бірақ шығын аса бір көп болды деп айта алмаймыз. Өйткені пайдасы да көп еді ол кезде».

– Енді қалай реттейміз дегенге келсек, сол көпжыл­дық тәжірибені ескеріп, киікті аңшылық кәсіпке беру керек, – дейді ғалым. – Ең нәтижелі жол сол. Сонда мал азығы ресурсына сай саны да реттеледі. Бұл өзі мамонт, мүйізтұмсықтылармен құрдас жануар. Бәрі өлді, киік қалды. Миграция, өсімталдығының арқасында басы көбейді.

Резерват  шілдеде құрылады

Мамырдың соңында облысқа жұмыс сапарымен келген Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова шілдеде Батыс Қазақстанда «Бөкей ордасы» мемлекеттік резерваты мен «Ащыөзек» табиғи қаумалы құрылатынын мәлімдеді. Үкімет қаулысы шыққан. Премьер-министр тапсырмасымен келген ол аудандарға барып, киіктен зардап шегіп отырмыз деп шағымданған шаруалармен кездесті.

– Ерекше қорғалатын табиғи аумақ 1 шілдеден бастап нақты іске кіріседі. Бұған республикалық бюджеттен 390 млн теңге қаржы бөлінеді. Табиғи аумақтың жалпы ауданы – 650 мың гектар. Штат бойынша 78 адам жұмыс істейді. Басты мақсат – киікті қорғау, оның көші-қонын қадағалау. Аумақта шамамен 250 мыңдай киік болады. Резерватта аңшылық жасауға тыйым салынады, – деді вице-министр.

Ал қалған 800 мыңдай киіктің тағдыры не болмақ? Киіктің көзін жоюға рұқсат етіле ме? Әлия Шалабекова бұл мәселенің әлі шешілмегенін, резерваттан тыс аумақта киіктің басын шектеумен «Охотзоопром» емес, басқа бір мекеме шұғылданатынын айтты.

Түйткілдің  түйінін туризм  арқылы шешсек

Біз сөз басында Африкадағы гнуды бекер еске алған жоқпыз. Natinonal Geographic журналы адам мен аңның жер үшін қақтығыстарын табиғат байлығын қорғау жолында қалай тиімді шешуге болатыны туралы әлемдік тәжірибелер мен ұсыныстарды тұрақты түрде жазып, жариялап келеді. Мысалы, сирек кездесетін алып гарпия қыранын Бразилиядағы жергілікті халық қозы-лақты алып кететіндігінен бұрын, «Бұл неғылған бұрын көрмеген құс» деген қызығушылықпен де атып алатын болған. Ал қазір жер иеленушілер өз жеріндегі орманда осы құс ұя салса, соны туристерге көрсету арқылы пайда таба бастаған.

Сол сияқты «Тылсым Серенгети» тақырыбы аясында «Ұлы көш», «Болмысы бөлек патша» сынды материалдар түгелімен Серенгетидегі гну антилопасының тіршілігіне арналып, олардың сол ұлан-ғайыр аумақты алып жатқан экожүйедегі маңызын кеңінен зерттеп, қыры мен сырын түгел ашады. Бір қызығы, бұл гнулардың тіршілігінің кей тұстары біздің киіктерге ұқсас. Жөңкіліп көшіп жүреді. Жайылым талғайды. Саны да бір көбейіп, бір азайып тұрады.

Ғалымдар осы гнудың көшіне ілесіп жүріп, бастан-аяқ зерттеген. Не үшін көшіп жүретінін, бұл көш қандай жүйеге бағынатынын, олар көшпесе немесе саны азайып кетсе, тұтас Серенгети экожүйесінде қандай өзгерістер мен апаттар болатынын түгел зерттей келе, аң патшасы арыстан емес, осы гну деген қорытындыға келген. Бұл туралы Natinonal Geographic Qazaqstan журналында жарияланған кең ауқымды зерттеу-мақаладан оқып білуге болады. Біздің айтпағымыз, осындай зерттеу мен ақпараттық насихат шетелдік туристерден бөлек, жергілікті халықтың да осы жануарға деген қызығушылығын арттырып, пандемия кезінде ішкі туризмнің кеңеюіне жол ашқаны.

«Ақбөкен-киіктің африкалық гнудан несі кем?» деп сауал тастауымыздың да сыры осында.

Неге бізге де киіктің Арқадан Атырауға, Үстірттен Ақ Жайыққа дейінгі алқаптағы экожүйедегі орнын, мәні мен маңызын зерттеп, соның төңірегінде туризм индустриясын құрмасқа?! Ұлан-ғайыр ұлы даламыздың киесі де, иесі де өзі деп қастерлеген, бағзыдан жеткен байлығымызға балаған бөкеніміздің саны енді ғана көбейгенде, қайтадан санын азайтуға кірісу қаншалықты қисынды? Киік шынымен көбейген күннің өзінде, ақбөкенді атуға рұқсат беру шаруалардың мәселесін шешіп тастамайтыны бесенеден белгілі. Мұны шаруалар да, үкімет те түсінуге тиіс. Өйткені жер тапшылығының түпкі себебі бүгінде бүкіл Қазақстан бойынша аса өзекті болып отырған, жайылымдық жерлер­дің жеке меншіктердің қолына өтіп кеткендігімен де байланысты болуы мүмкін. Сондықтан мәселенің мәнісіне тереңірек үңіліп, әлемдік тәжірибелерге жүгіне отырып, шешім қабылдаған жөн деп  ойлаймыз.

Біріншіден, киіктердің санын қолдан азайту, етін саудаға шығару тығырықтан  шығудың жолы емес. Қазақстан өз дамуының 30 жылында киік етінсіз де күн көрді. Ендігі даму кезеңінде киік етін саудалап, экономикаға қосымша серпін бере қояйық деу бүгінгі озық ойлы өркениеттің де, инновация мен цифрландыруға иек артқан ақылды экономиканың да бағыт-бағдарымен еш қиыспайды.

Екіншіден, резерват құрылғаны дұрыс болар, бірақ оның айтылған көлемі жеткіліксіз екені анық. Қалай болғанда да, біздің елде киікті қорғауға қорықшылар ғана емес, жергілікті халық та мүдделі болатындай жолдарды қарастыру керек. Яғни киікті қорғау шаруаларға да қосымша табыс әкелетіндей туристік қызметтер ұйымдастыру жағын ойластырған жөн.

Үшіншіден, ең абзалы, бізге де киіктердің тіршілігін, көші-қонын, табиғаттағы маңызын бүге-шігесіне дейін талдайтын заманауи зерттеу жүргізу қажет. Киіктің түрлі індеттен жаппай қырылып қалу ықтималдығы жоғары екенін, бұған дейінгі оқиғаларды ескерсек, оған қатысты барлық шешім сол зерттеулерге сүйене отырып жасалғаны жөн болар еді.

Маман  пікірі

«Киік  шөпті түп-тамырымен  отаптастамайды»

Мамырда Қазақстан биоалуандығын сақтау қауымдастығының бір топ зерттеушілері мен ғалымдары облыстың Казталов, Жәнібек аудандарына келді. Далада, шатырда бір ай жатып, киік жайылатын аумақтың өсімдігі мен топырағын, ылғалы мен төлін зерттеді. Солардың бірі ботаник Татьяна Сидорованың айтуынша, «киік шөпті отап, тұяғымен қиып тастайды» деген – ғылыми дәлелденбеген, жаңсақ пікір.

– Биыл көк қалың. Киік алуан түрлі шөппен қоректенеді. Шалғынды, боз-бетегелі даланы ұнатады. Биыл дала ылғалды, азық мол болғасын, төлдеу маусымы да жақсы өтті. Бұл жерде өсімдік жабындысы бай, сондықтан құм жақтан осында келеді. Қазір бетеге көп, селеу де гүлдеп жатыр. Бұл да қорек киіктерге. Олар әр маусымда азықты таңдап жейді. Көктемде шалғынды шөпті, жазда басқа түрін, күзде жусанмен қоректенеді. Дәнді дақыл, егіс өсімдігін жемейді. Егер жер тар болса, жолында кезіксе, таптап кетуі мүмкін. Бірақ ауыз салмайды.

Киік шөпті жапыруы мүмкін, бірақ тамырын қимайды. Жылқы тебіндеп, отап кетеді. Ал киік – аша тұяқты жануар, ол шөпті кеспейді. Жалпы қоректенгенде де шөпті тек «бір асап», жартылай қалдырады. Түгел жемейді. Себебі келер жылы өздері осы жаққа келетінін түйсігімен сезеді. Әр шөптің басын бір шалып, қайта оның әрі қарай тозаңдануына, өсуіне жағдай жасайды. Шөптің бәрін отап, жайпап, түк қалдырмай жеп кетпейді. Олай деу қате. Табиғатта бәрі  де есеппен, өлшеммен жаралған. Табиғи балансты киіктер де сақтайды.

Ал қойдан айырмашылығы, иә, ол да аша тұяқты жануар, бірақ қой бір жерде жайылып, жерді тып-типыл қылады. Ал киік бір жерде тұрмайды, көшіп-қонып жүреді. Төлдегенде осы жерге келеді де, бір ай азығын жеп, суын ішіп, басқа жерге көшеді. Олар кеткесін, бір жаңбырдан кейін көк қайта көтеріледі.

Тағы бір қасиеті, киік күзде даладағы қураған өсімдік қалдығын жойып, жаңа өскіннің шығуына септігін тигізеді.

Күзде көк қайта шығады. Тұяғымен топырақты қопсытып, өсімдіктің тозаңын шашады. Қалай болғанда да, киік – аймақтағы табиғи тепе-теңдікті сақтау үшін осы жерге керек жануар. Ал екі жақты келісімге келу үшін шаруалар мен жабайы табиғат арасын теңестіретін ақылды шешім табу керек. Біз сол үшін осында келдік.

«Ақбөкен-2022» әуе санағы

Санақ қорытындысы бойынша бөкеннің қазақстандық үш популяциясының саны – 1 млн 318 мың бас. Оның ішінде:

Бетпақдала популяциясында — 489 000 бас;

Орал популяциясында — 801 000 бас;

Үстірт популяциясында — 28 000 бас.

Барлық популяцияда тұрақты өсім байқалады. Бұған браконьерлікпен күрес және түрлі заңнамалық тұрғыда қорғаудың күшеюі себеп болды. Жайлы климаттық жағдай мен тұрақты қорғау қамы жасалғанда, бөкен санының жылда 35-40%-ға өсуі – қалыпты жағдай. Бұл киіктің аса жоғары табиғи өнімділігінен. Яғни ұрғашы бөкендер 8 айлығынан бастап бір және егіз лақтан төлдейді.

Дереккөз: Қазақстанның биоалуандығын сақтау қауымдастығы

Ардақ Мұратқызы,

журналист

Фото: Қайырбек Сариев

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале