21.06.2022, 10:00
Оқылды: 44

Оралда халықаралық симпозиум өтті

Оралда 15-19 маусым аралығында шығармашылық өнерді дамытуға арналған халықаралық симпозиум өтті.

ed0c2e41-f662-422c-acba-c0a533dc1e14

Симпозиумның мақсаты – тәжірибелі суретшілермен тығыз байланыс орнатып, мәдени қорды молайту, Қазақстанның қазіргі кескін-келбетін сурет арқылы жеткізу, бейнелеу, өскелең ұрпаққа патриоттық-эстетикалық тәрбие беру.

Жоба авторы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, «Batik Kami» мәдени қорының директоры Камила Жапалованың айтуынша, суретшілер арасындағы достық, мәдени-шығармашылық байланысты дамыту және нығайту бағытында өткізіліп жатқан бұл симпозиумда сурет өнерін дамыту жолындағы мәселелер егжей-тегжейлі талқыланды.

Іс-шара барысында бейнелеу өнері әлеміне енді ғана қадам басқан жас суретшілер кәсіби суретшілермен тәжірибе алмасып, біліктілігін арттырып, шығармашылық тұрғыда шыңдалды. Олар алдағы уақытта халықаралық көрмелерге қатысып, құнды дүниелер жасауға талпынбақ. Мұндай басқосулар отандық және шетелдік суретшілер арасында тәжірибе алмасуға негіз болады. Осылайша Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Тәжікстан және отандық қылқалам шеберлері Ақ Жайық өңірінде бас қосты.

Қатысушылар арасында Түркияның Анкара қаласында тұратын Замира Шахин, Әзербайжаннан Рамина Саадатхан, Өзбекстаннан Сардор Аллабергенов болды. Сондай-ақ Жеңіс Молдабеков, Сембіғали Смағұлов, Дәуренбек Бекназаров, Бақытнұр Бердісбеков, Айнабек Оспанов, Оралдан Нұрбек Жәрдемов секілді қылқалам шеберлері симпозиумның жоғары деңгейде өтуіне атсалысты.

Еліміздегі және алыс-жақын шетелдегі жиырма бір суретшіні бір-бірімен байланыстырған бұл жоба 2018 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, биыл ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Жоба аясында плэнер, конференция, көрме және шеберлік сағаттары өтті. «Batik Kami» мәдени қоры – симпозиумның бас ұйымдастырушысы.

Еркін суретші көркем ойлайды

15 маусым күні «Атамекен» өнер ордасында симпозиумның ашылу салтанаты өтті. Оған қазақстандық шығармашылық интеллигенция, қоғам белсенділері және суретшілер қатысты. Камила Әбенқызы «Бейнелеу өнерінің бүгіні мен ертеңі» тақырыбында баяндама жасады.

– Сұлулық әйел затына ғана тән дүние емес. Сұлулық – бізді қоршаған орта һәм жан дүниеміз. Сондықтан да біз симпозиум атауын «Сұлулық әлемді құтқарады» деп қойдық. Туындыларды талқылап, өнерге қатысты идея-ойларымызды қашанда айтып жүргеніміз дұрыс. Сурет өнерін дамыту үшін жұмыла жұмыс істейік. Мұндай шаралар ел өркениетінің дамуына септігін тигізеді. Суретшілер толық ашылу үшін еркіндік керек. Белгіленген тақырып бойынша этюд жазу оның талантына тұсау болады. Симпозиумның ұйымдастырылуы барысында бізге қол ұшын созғандарға алғысымыз шексіз. Оралдай әдемі қалада суретшілер жұмыс істеп, жақсы нәтиже көрсетеді деген ойдамын. Жастар шеберлік сағаттарына қатысып, тәжірибелі суретшілерден дәріс алады. Көне шаһардың көрнекті жерлерін, әсем табиғатын қылқалам шеберлері қағазға түсірмек, – деді Камила Жапалова.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Өнер кавалері» орденінің иегері, «Әлемдік бейбітшілік суретшісі» құрметті атағының иегері Сембіғали Смағұлов бейнелеу өнері саласындағы түйткілді мәселелерді атап өтті.

– Симпозиум қатысушылары емін-еркін ойларын айтуда. Осындай ауқымды шаралар өнер иелеріне тың серпіліс сыйлайды. Көрші мемлекеттерден келген қонақтарға бек ризамыз. Жас суретшілердің болашақтары жарқын болуы үшін жұмыстануымыз керек. Ашықтық, ой бостандығы қылқалам шеберлерінің шабытын шыңдай түседі. Шараны ұйымдастырып, жақсы жобаның ұйытқысы бола білген өнердің шын жанашырларына мың алғыс. Осындай шаралар жас суретшілердің халықаралық деңгейдегі көрмелерге қатысуға деген ынта-ықыласын оятатынына сенемін. Тақырып аясында шектелуге болмайды. Еркін түрде ойланып, қабілетіміздің мүмкіндіктерін толық пайдалана білуіміз керек. Халық руханиятына қызмет қыла берейік! Құлдырау кезеңдерінде көптеген құндылығымыздан айырылып қалдық. Соларды тірілтуге тиіспіз, – деді Сембіғали Абзалбекұлы.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Көркем академиясының академигі, Халықаралық Тұран сыйлығының лауреаты, Суретшілер одағының мүшесі Айнабек Оспанов «Суретшінің дарынды ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі» тақырыбында баяндама жасады. Ал Әзірбайжан Суретшілер одағының мүшесі, фотограф Рамина Саадатхан Қазақстан және Әзірбайжан суретшілерінің шығармашылық ынтымақтастығы туралы сөз қозғады.

– Қазақстанға алғаш рет келіп тұрмын. Баку қаласында тұрамын. Суретшімін. Көбінесе живопись жанрында жұмыстанамын. Кескіндеме арқылы өз-өзімді тапқым, тазарғым келеді. Неоэкспрессионизм бағытындағы картиналарым көпшіліктің көңілінен шығып жүр. Аңыз-әңгімелер, адамның өз-өзін тануы – менің негізгі тақырыптарым. Неоэкспрессионизм – 1970 жылдардың соңында пайда болған кеш модернистік немесе постмодернистік кескіндеме мен мүсін стилі. Шагал, Матисс, Пикассо шығармашылығы жаныма жақын. Орал – өте таза қала екен. Маған жақсы әсер етіп жатыр. Адамның қоршаған ортасы оның ішкі дүниесіне байланысты өзгеріске ұшырайды. Біз өзімізді өзгерту арқылы өзгені өзгертеміз. Қазақстандықтар – аса қонақжай халық. Жоғары деңгейде қарсылауда. 20 маусымға дейін осы қалада бір картинаны жазып шығуым керек. ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне өзіммен бірге әкелген бір-екі картинамды сыйға тартамын. Симпозиум тәжірибе алмасу үшін керек. Жобаны жүзеге асырған Камила ханымға рақмет! Бұл бастама болашақта да жалғасын табады деген ойдамын. Қазақстанда дарынды суретшілердің көп екенін білеміз. Алдағы уақытта қазақстандықтарды Карабахта өтетін шараға шақырамыз. Әзірбайжанда шәкірттерім бар. Оларды бейнелеу өнеріне баулып жүрмін, – деді суретші Рамина Саадатхан.

Өз кезегінде басқа да шетел суретшілері ұйымдастырушыларға алғыс жаудырып, осындай тәрбиелік мәні зор шараға қатысқандары үшін қуанышты екендерін жеткізді. Іс-шара соңында облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев игі бастаманың алдағы жұмысына сәттілік тілеп, суретшілерге картиналарын музейге қалдыру жөнінде ұсыныс тастады.

– Осы симпозиумда дүниеге келетін жаңа туындылар арқылы Ақ Жайық өңірінің сұлу табиғатын, терең тарихын, көркем архитектуралық келбетін әлемге көрсетеміз. Бейбітшілік пен келісімді, бірлікті кеңінен насихаттаудамыз. Оралда алғаш рет оздырылып отырған симпозиум қатысушыларына сәттілік серік болсын! – деді облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Қуанышбек Мұханғалиев.

Көрмеде – көне қала көріністері

16-18 маусым күндері қонақтар Оралдағы мұражайларды және мәдениет ошақтарын аралады. Ашық аспан астында шеберлік сабақтарын өткізді. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде дизайн және бейнелеу өнері мамандығына оқитын студенттермен де кездесті. Студенттермен бірге практикалық жұмыс істеп, еркін тақырыпта сурет салды. Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері – Бақытнұр Бердісбеков «Портрет», Алмас Нұрғожаев «Орал қаласының табиғаты мен тарихы» тақырыптарында шеберлік сағаттарын өткізді. Теория мен практика ұштасқан шеберлік сағаттарында студенттер де сурет салды.

c3c85c6e-21aa-42fc-8ced-a1d1ea23748d

19 маусым күні «Сұлулық әлемді құтқарады» көрмесі ашылды. ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов сөз алып, қатысушыларға министр Дәурен Абаевтің  алғысын жеткізді.

– Еуропа мен Азияны жалғап жатқан Ақ Жайық өңірінде керемет іс-шара өтті. Суретшілер бес күн бойы Оралда суреттер салды, өз тәжірибелерімен бөлісті. Жалпы, еліміздің тарихы мен мәдениетін бедерлеп, мәңгілікке қалдыруда сурет өнерінің маңызы зор. ҚР Мәдениет және спорт министрі өңірлерде түрлі шара өткізуді қолға алды. Алматыда, Түркістан және басқа да қалаларда ауқымды шаралар өтуде. Оралда оздырылған симпозиумнан жастар көп нәрсе үйренді, білді деп ойлаймын, – деді Нұрғиса Мұратұлы.

Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов ұйымдастырушыларға, суретшілерге алғыс білдіріп, осындай халықаралық шараларды көптеп өткізу керектігін жеткізді. Өз кезегінде сөз алған Камила Жапалова қатысушыларға, қолдаушыларға рақмет айтты.

– Ескілікті жаным сүйеді. Көбіне реализм жанрында жұмыстанамын. Оралда екі картина жаздым. Назарбаев даңғылын суретке түсірдім. Хорезм облысының орталығы Үргеніш қаласында туып-өстім. Әкем Атахан Аллабергенов та суретші. Живописьпен айналысамын. Үнемі ізденісте жүремін. Суретшілік үлкен еңбекті талап етеді. Мен өмірде суретші болғаныма өкінбеймін. Ұйымдастырушыларға ризамыз. Исаак Леветан, Винсент Ван Гог шығармашылығы маған қатты ұнайды, – деді Өзбекстан Республикасы суретшілер академиясының мүшесі Сардор Аллабергенов. Ол Оралда «Байланыс жоқ» («Нет доступа») картинасын жазыпты. Бұл сурет Басқақ және Хан тоғайларының түнгі келбетін еске салады.

– Анкара қаласында тұрып жатқаныма 15 жылдай уақыт болды. Шыңғарлау ауданында дүниеге келдім. Көп жылдар бойы Оралда тұрдым. 3 картинаны өзіммен бірге әкелдім. Туған жерімде «Сексеуілде» атты суретті салдым. Қазақстан гүлдене берсін! Камила ханымға мың алғыс, – деді Замира Шахин.

Көрме 7 шілдеге дейін жалғасады. Іс-шара соңында суретшілер және олардан дәріс алған студенттер марапатталды. Атырау облыстық ішкі саясат басқармасы «Азаматтық орталығы» КММ-ның бөлім басшысы Әнел Маратова Камила Әбенқызына алғысхат табыстады.

Айта кетейік, симпозиумның бас ұйымдастырушысы – «Batik kami» мәдени қоры 2016 жылдан бері белсенді жұмыс істеп келеді. Бүгінгі таңда қазақ халқының мәдениеті мен өнерін дамыту мақсатында қызмет атқаруда. Сондай-ақ батик тәсілімен сурет салуды насихаттап жүрген батыс өңіріндегі тұңғыш қор. Қор шет мемлекеттерге ою-өрнегіміз бен ұлттық киімдерімізді де таныстырып жүр. Олар жас түлектердің жоғары оқу орындарына түсуіне де жәрдемдеседі.  2019 жылы жыл сайын АҚШ-та суретшілердің өнерін әлемге таныту мақсатында ұйымдастырылатын «ART-Expo-New York» халықаралық галереясында үздіктер қатарынан көрінген. Швеция елшілігінің шақыруымен Стокгольм қаласында жеке көрмесін өткізген.

Марлен Ғилымхан,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале