23.06.2022, 12:30
Оқылды: 32

«Дала дидары» Бішкекке барады

Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының «Қадыр жолымен...» жобасы аясында «Дала дидары» көшпелі өнер ұжымы концерттік бағдарламамен ел аралауға шықты.

WhatsApp Image 2022-06-23 at 11.04.48

23 маусымда Ақ Жайықтың ақтаңгер ақындары мен дарабоз әншілері Қызылорда қаласына табан тіреді. Жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасатын жоба мақсаты – облыс орталығынан шалғай жатқан аудан-ауылдардың, сондай-ақ өзге де өңірлердің тұрғындарына көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әлінің шығармашылығын кеңінен насихаттау.

Концерттік бағдарламада Қадырдың қанатты сөздері, ғибратты әңгімелері, қағытпа қалжыңдары және ұлы тұлға туралы естеліктер айтылады. ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері Қайрат Какимов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жаңылсын Хасанова, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Дастан Есентеміров, Ернар Өмірәлі, республикалық конкурстардың лауреаты Мәди Сабыров және «BatysStar» тобы ақын өлеңіне жазылған әндерді шырқайды. Ертеңіне Түркістан төрінен табылған «Дала дидары» ел оңтүстігінен одан әрмен асып, Қырғызстан Республикасының Бішкек қаласында және Талас аймағында төбе көрсетпек.

WhatsApp Image 2022-06-23 at 11.06.49

Облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен жүзеге асып жатқан жоба 1 шілде күні Шымкент қаласында түйінделеді. Алыс сапарға шыққан өнер ұжымын «Uniserv» ЖШС-ның бас директоры, жергілікті меценат Нұрғазы Сәтбаев автобуспен қамтамасыз еткен.

Нұртай Алтайұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале