Бүгін БҚО әкімі Ғали Есқалиев Орал қаласы тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында қала әкімі Миржан Сатқанов биылғы жылы жасалған жұмыстар мен жоспарлар туралы айтты.
Кездесу еркін форматта өтті. Кездесу соңы әдеттегідей сұрақ-жауаптарға ұласты.
Халық көкейінде жүрген өзекті мәселе – азық-түлік бағасының шарықтап кетуі. Кездесуге келген қала тұрғыны Айнұр Серікқызы осы мәселені көтерді.
«Өздеріңіз көріп отырсыздар, азық-түлік бағасы апта сайын емес күн сайын өсуде. Күні кеше ғана бір нанды 200 теңгеге сатып алдым. Осы уақытқа дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы көтерілмейді дедіңіздер. Күн сайын өскен баға халықтың наразылығын тудырып отыр. Осы бағаны тұрақтатуға бола ма?»,- деді ол.
Бұл сұраққа БҚО әкімінің орынбасары Арман Өтеғұлов жауап берді.
«Қазір ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан Азық-түлік корпорациясы арқылы 15 мың тонна бидай алдық. Ай сайын вагонмен 2-3 тонна алдырып отырмыз. Осы арқылы бірінші сортты ұннан жасалған нан 90 теңгеден сатылуда. Ал көтерілген баға - жоғары сортты ұнның наны. Облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын 127 кәсіпорын бар. Солар қараша мен мамыр арасында бағаны тұрақты ұстап тұрсын деп мемлекеттік қолдауды көбейтудеміз. Күзде олар картоп, қырыққабат, пияз, сәбізді нарықтағы бағадан 15 пайызға төмен бағамен халыққа сататын болады»,- деді Арман Өтеғұлов.
Ал біздің облыстан шықпайтын қант, күріш, қарақұмықты Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарынан тасымалдайды.
zhaikpress.kz