Таңертеңгі мезгіл, жұмыс жаңа басталып жатқан шақ еді. Бөлмемізге қабағы қатулы, ашудан ширыққан азамат кіріп келді. Бірден таныдым. Амандасып, аузымызды жиып үлгергенше, Ерболат барлық ашуын жайып салды.
– Бұл не масқара, заң деген ойыншық па, сот, прокуратура, полиция дегендер шетінен ақшаға сатылатын болғаны ма? - деп барып, демін бір-ақ алды. «Қаһарына» мініп, редакцияға ертелетіп келген азаматтың ашуланған себебін жайып салмас бұрын жалпы мән-жайды оқырмандарымызға таныстырайық. Ол үшін әңгімені әріден бастаған жөн болар.
Сонау 2017-2018-2019 жылдары «Орал өңірі» газетінде осы жолдардың ауторының бірнеше материалы жарияланды. Онда аутор 2015 жылдың наурыз айынан бермен қарай Қаратөбе халқын үш жыл бойы қан-қақсатқан ұры Ескендір Төлегенұлы бастаған қылмыстық топтың «операцияларын» дүркін-дүркін баяндады. Тіпті арасында олар «Қорыққан бірінші жұдырықтайды» дегендей, мақалалардың ауторы Есенжол Қыстаубаевтан «Жала жапты» деген желеумен 5 000 000 (бес миллион) теңге моральдық шығын талап етіп, сотқа да берді. Алайда талапкерлер сотта тас-талқан болып жеңілді. Сол материалдарда ұрыны бүркемелеген полиция қызметкерлерінің шынайы бет-бейнесі әшкере болды. Айналып келгенде, Қаратөбе аудандық полиция бөлімінің басшысынан бастап, төрт қызметкері жұмыстан қуылды. (Полицияның ішкі қауіпсіздік қызметі анықтағандай, Қаратөбенің шенді полициясының біреуі бір айдың ішінде ұры Ескендірмен 360 рет телефонмен сөйлесіпті. Бұл кезде «Орал өңірі» ұрының ізіне мықтап түсіп, малын ұрлатқан 35 адам аудан, облыс арасын жол қылып, арыздануға көшкен еді. Сірә, сол кездерде ұрымен сыбайлас полицей оны сақтандырып, ақыл-кеңестерін беріп, жанталасып жатса керек). Айналғанда, ұры сыбайластарымен ұсталды. Тұтқындалды. Ескендір Төлегенұлы, Оралбек Дәулетьяров, Сабыржан Бисембаев жауапқа тартылды. 2019 жылдың 28 маусымында үш айға созылған сот судья Б. Баймуханованың төрағалық етуімен Қаратөбе халқын зар еңіреткен ұрылардың ісіне нүкте қойылды. Осылардың ішінде ұрылардың «серкесі» - бұрын мал ұрлағаны үшін екі рет сотталған Ескендір Төлегенұлына ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының (ұрлық) 4-бөлігі 1-3 тармақтары, (қылмыстық топ құру және аса ірі мөлшерде ұрлық жасау), 262-бабының (ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу) 1-бөлігі (ұйымдасқан топты немесе қылмыстық ұйымды құру, сол сияқты оған немесе қылмыстық ұйымның құрылымдық бөлімшесіне басшылық ету) және 28-бабының 3-бөлігімен айып тағылды. Ол сегіз жылды арқалап, жазасын орташа қауіпсіз мекемеде өтеуге кесілді. Арам жолмен келген мол ақша не істетпейді, күндіз-түні ұрының қорасына мөңіреп кірген сиырлар, кісінеп келген жылқылар кейін қыруар қаржыға айналып, Ескендірді әбден есірткен ғой. Есіргені сонша, есірткіге еліткен. Содан да болар, сот үкімінде «Төлегенұлы Ескендірді бас бостандығынан айыру мекемесінде нашақорлықтан мәжбүрлі түрде емдеу міндеттелсін» делінді. Ал оның «аса маңызды тапсырмаларды орындайтын» көмекшісі, оң қолы болған Оралбек Дәулетьяров жеті жылға түрмеге (төтенше қауіпсіз мекемеде өтеуге) аттанды. Сабыржан Бисембаев болса, тергеу орындарымен процессуалдық келісімге келуі есебінен жазасы жеңілдетілді. Оның бас бостандығы 5 жыл 6 айға шектелді.
Ескендір бастаған ұрылар үш жылдың ішінде жалпы нобайы 35 адамның жеке малын ұрлап, 118 бас ірі қараны, 27 бас жылқыны барымталап, жәбірленушілерге 28 миллион 515 мың теңге залал шектірді. Бұл малды Ескендірдің өзі жеке көлігімен берісі Орал, әрісі Ақтөбе мен Атырауға асырып отырған. Ұрлықтан тапқан ақшасын ешкіммен бөліспеген, жамбасына баса берген. Ал анау Дәулетьяров пен Бисембаев күндік тамағын, темекісін, арасында арақ-шарабын ғана қанағат тұтқан. Осы арада айта кететін бір мәселе, ұры Ескендірге ұрланған малды қалаларға апарып тапсыруға қажетті анықтама қағаздарды ауылдық әкімдік, сырғаларды мал мамандары ылғи кедергісіз беріп отырған. Яғни ұрыға жан-жақты көмек көрсеткен. Қылмыскерге қолдау жасаған олардың әрекеттері де заңды тұрғыдан безбенделіп, жауапқа тартылмады. Неге?..
Малын ұрлатқан сонау 35 адамның ішінде жалғызбасты қария әжей де бар. Оның жалғыз сиырын өрістен айдап кеткен ұрылар 8 мамыр күні, Ұлы Жеңістің мейрамы қарсаңында Қаратөбенің орталығына әкеліп, килограмдап сатып, халықты семіз етке «қарық» қылып тастаған. Анау Сабыржан Бисембаев тергеу орындарымен процессуалдық келісімге келгендіктен, жазасы жеңілдетілді дедік. Сол Бисембаев тергеу барысында қандай малды, қай жерден, қашан, қай күні,
қалай барымталағанын тәптіштеп тұрып айтқан. Сотта да сол сөздерінен танбады. Оның жауабында Ескендір күндіз көлігімен малдың өрістерін аралап, қоңды малдарды «нысанаға» алады. Түрін, түсін, енін, жынысын, қай маңайда жүргенін ұрыларына тәптіштеп тұрып түсіндіреді. Ал Оралбек пен Сабыржан салт атпен күн батып, қараңғылық қоюлана әлгі Ескендір айтқан малдарды қуып әкеліп, Ескендірдің қорасына қамайды. Малы жоғалғандар іздеп шықпай ма? Солай іздеп жүріп, Ескендірге келмей ме, «Мал жоғалттық» деп. Ондайда жоқ іздеп жүргендерге қарсы шыққан Ескендір қорасын қарауға ешқашан ұрықсат етпеген. Тіпті айқай шығарғандарды «Әуелі соттан, прокуратурадан, полициядан қорамды қарауға рұқсат әкел!» деп маңайлатпайды екен. Осы жерде Бисембаев мынадай дәлел келтіреді. «Бір күні қораның ішінде түнде қуып әкелінген 18 басты жайратып сойып жаттық. Сол кезде ізбен келді ме екен, малдарын іздеушілер келіп қалды. Олар үйдің жанында Ескендірмен сөйлесіп, біраз айналды. Ал біз қораның саңылауынан сығалап, зәреміз ұшып, «Біттік!» деп ойлап тұрдық». Бірақ Ескендір: «Кеше біздің қораның жанымен анау жаққа қарай он шақты бастың үстінде сиыр малдары өтті» деп тіпті түстеріне дейін тәптіштеп айтып, оларды алдап жіберіпті. Ал қуып әкеліп, сойған малдардың бас-сирақтары мен мүйіздері, терілері кейін қора ішінен әдейі қазылған нән шұңқырлардан шықты. Олардың арасынан малын ұрлатқандар кейін өздерінің малдарының қалдықтарын танып, полицияға қаттатқан.
Енді Ерболаттың ертелетіп редакцияға келіп тұрған себебін баяндайық.
- Маусым айының 20 күні Ақтайсай ауылында қайтыс болған жігіттің садақасына бардым. Сонда 2019 жылы сегіз жылға сотталып, түрмеде жатқан Ескендір тұр. Есім кетіп қалды. Рахымшылыққа жатпайтын ауыр қылмыс – ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, ірі мөлшерде ұрлық жасаған қылмыскер бостандықта тайраңдап не істеп жүр? Алдында ұзын хабардан «Ескендір өткен жылы колония поселениеге шығыпты. Ақтөбеде жүрген көрінеді. Біреулер көшеден көріпті, базардан көріпті» деген хабарды естісем де, өсек-аяң болар деп мән бермегенмін. Енді оны өз көзіммен көргенде сенерімді де, сенбесімді де білмедім. Есік алдында, адамдардың арасында тұрғанын сол бойда ұялы телефоныма түсіріп алдым. Үстінде тойда жүргендей ақ көйлек, қара шалбар. Айналасына шікірейіп, «Маған не істейсіңдер?» дегендей менсінбей қарайды. Осыдан үш жылға жетпейтін уақыт бұрын 35 адамды қан қақсатып, малдарын (кейбіреулердің жалғыз сиырын) ұрлаған ол сол адамдардың көзіне қалай көрінеді? Ар-ұяттан мүлдем безген адам ғана осылай істейтін шығар... Мен осы жасыма дейін талайды көрдім деп айта аламын. Бірақ түрмеде жатқан, қылмысына байланысты сот кескен жазасының жартысын да өтемеген қылмыскердің бостандықта тайраңдап жүргенін көрген жоқпын. Мұны сонда не деуге болады? Ол әуелі Оралдың түрмесінде жатты. Одан Ақтаудың түрмесіне ауыстырылды деп естідік. Ал енді ол жақтан колония поселениеге қалай шықты?.. Статьясы мүлдем келмейді ғой. Ауыр қылмысқа жатқандықтан, рахымшылық жасауға да жатпайды. Сонда мұны қалай түсінуге болады? Бұл жерде сыбайластықтың (сот, түрме, колония бастықтары) исі мүңкіп тұр емес пе? Сосын бір таңғалғаным, ол өзі бас болып ұрлаған 118 бас ірі қараның, 27 бас жылқының бір басын да, мал иелеріне келтірілген 28 миллион 515 мың теңгенің бір тиынын да өтеген жоқ. Бұл жерде мен оның өтеуге тиісті моральдық шығынын, тіпті сөз қылып тұрған жоқпын... Сөйте тұра, колония поселениеге қалай шығады? Оның үстіне, сот үкімінде есірткіге тәуелді болғаны үшін «Ескендір Төлегенұлын бас бостандығынан айыру мекемесінде нашақорлықтан мәжбүрлі түрде емдеу міндеттелсін» деген. Сонда ұрыны, нашақорды қалай түрмеден шығарып тұр?..
Біз, малын ұрлатқан 35 адам, мұның анық-қанығын білмейінше, ұрыдан оның келтірген шығынын өндіріп алмайынша, тыным таппаймыз, – деді Ерболат Ситалиев.
«Ал Ескендір Ақтайсайдағы садақада бастан-аяқ болды ма? Сені көрді ме?» деп сұрадық біз. Ерболат Ситалиев: «Көргенде қандай... Менің фотоға түсіріп жатқанымды байқап қалды, «Ұрының арты қуыс» деген бетін көлегейлеп, адамдардың арасына қарай қашты. Сәлден соң «Джипке» мінде де зытты... Машинаның нөмірін байқап қалған едім, сол бойда Қаратөбенің, Оралдың полициясына хабарладым. Олар екі облыс аумағында (полицияның маған айтқаны) план «Перехват» жариялап, Ақтөбенің Қобда ауылының іргесінен ұстапты. Ол көлігін қойып, (біреулер «Сені полиция іздеп жатыр» деп хабарлап үлгерген ғой) ұзын жолдың бойында машина тоқтатпақшы болып тұр екен. Ұсталды. Қамауға алынған. Ол жөнінде полициядан маған мынадай хабарлама келді» деп Ерекең әңгімесін аяқтады. (Полицияның хабарламасы жоғарыдағы суретте).
Барлық мән-жай осы. Біздің бұған алып-қосарымыз жоқ. Қазақта «Бассыз үйдің иті осырақ» деген қолайсыздау бір мақал бар. Еліміздің соты, прокуратурасы, полициясы дәрменсіз болса ұрылар, қылмыскерлер әбден есіріп, басқа шықпағанда не істейді?..
P.S. Газеттің осы саны хатталып жатқанда, Қаратөбе ауданынан Ескендір малдарын ұрлаған тағы да бірнеше азамат хабарласып, «Түрмеде жатқан ұры бостандықта неғып жүр?» деп сұрап жатты. Олардың сұрауларын біз құқық қорғау, сот құрылымдарына жолдаймыз. Бұл тақырыпқа алдағы күндерде де оралмақшымыз.
Есенжол Қыстаубаев,
«Орал өңірі» газетінің арнаулы тілшісі,
Қазақстанның Құрметті журналисі