27.06.2022, 12:03
Оқылды: 58

Мақсат Тәж-Мұрат: «Ерлiкке әрқашан орын бар»

 

(Жалғасы. Басы "Орал өңірі" газетінің №72, 21 маусым күнгі санында)

– Хайыр, енді қотанымызға қайтып оралайық. «Бәрін қойып, Манасты айт» демекші, жиырмаға енді толған жап-жас көкөрім қызды қанқасап майданға өзі тіленіп барып, ерлік көрсетуге не итермелеген деп ойлайсың?

Mametova

– Бисмилла дегенде-ақ сөздің басын ашып алатын бір мәселе бар: Мәншүктің бойын осыншама құлшыныс, соншалықты жігер неге биледі? Соғыс жағдайындағы моральдық-психологиялық рух – жауыңды мерт қылуға дайын болу ғана емес, сол жолда өзін құрбан етуге де әзір болу дейміз ғой, сонда-дағы Мәншүк неге өлімге бақұл болды? Не үшін? Кім үшін? Осы сұрақтар бүгінгі бізді мазалауын қояр емес. Арада талай жылдың жүзі жаңғырса да, оларға тұшымды жауап ала алмай отырмыз. Анық жауап өзін таптырта да қоймас. Сонда да бұл сауал өзін барынша жан-жақты қарастыруды қажет етеді дер едім. Бір нәрсенің басы ашық:

Мәншүктің ерлік жасау себебі – жалғыз-жарым емес, оның сабаудай-сабаудай бірнеше себебі болуы әбден мүмкін, яғни ол қат-қабат, көп мағыналы нәрсе. Соған орай себептік-салдарлық байланысы да тереңде жасырулы. Оны факті-деректерді құм ішінен алтын жуғандай екшеп, іріктеп, таразыға тартып барып қана таба аласың.

– Аштың ба енді сол себеп-байланысты?

– Солай деуге ықтиярлымын.

– Айтсаңшы енді, үздіктірмей.

– Айтсам, былай: Мәншүктің ерлігі – Мәншүктің өмірінің өзі екен, ал ғұмыр жолы объективті және субъективті жағдай-жағдаяттарға толы болғандықтан қаһармандық ерлігі де соған сай отандық, отансүйгіштік сезімдермен, сондай-ақ жеке өміріндегі және дүниетанымындағы драмалық, трагедиялық жағдайлармен қалыптасады. Яғни Мәншүктің соғысы, Мәншүктің майданы – бір мезгілде әрі бүкілхалықтық соғыс, Ұлы Отан соғысы, әрі өзіне ғана тән жеке соғыс.

– Беу, не депті-ау! Сонда манағы сабаудай себептер осы жалпы мен жалқыдан келіп шығады ғой?

– Өтежан ағамызша жіберсек, «метко» айттыңыз. Жалпы мен жалқы. Мұның алғашқысына келсек, Мәншүк семсерін сертке байлаған жұрттың өкілі екенін алдымен есте ұстау жөн. Батыр қашанда халықтың қанасынан жаралады. Қазіргіше айтқанда, зәузат қоры рөл ойнайды. Ал қазақтың зәузаты – негізінен батырлықтың зәузаты, жауынгерлердің ДНҚ-сы. Елдің шетін жауға бастырмау, жеріне көз алартып егесе келген дұшпанды мұқату біздің қанымызда бар және ол қан кезі келгенде ұйқысынан оянып, орыс «поступок» дейтін экшн, яғни батыр батыл қадам жасататынына тарих турашы. Кешегі соғыста орыстардың жазуынша, ұрыс басталған кезде қазақтар шамалы қорқасоқтап тұрады екен де, шайқас қызған шақта екі көздері шоқтай жанып от болып кетеді екен. Содан кейін-ақ оларды ештеңе тоқтата алмаған. Орыстардың айтуымен жіберсек, «Казах долго терпит, но потом, накопив гнев, не спустит». Яғни қан көргесін қандары долырған. Бұл – қазақтың экстрим тарихты халық, шынайы сапа қасиеттері экстримал жағдайларда ашылатын жұрт екендігіне ыспат.

Осы сөз біздің қыздарымызға да әбден қатысты. Толық емес мәлімет бойынша, Екінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстаннан 5183 әйел заты қатысқан. Соның басым көпшілігі қазақ қыздары. Яғни қиын-қыстау күндерде қазақ әйелінен үлкен қайсар-қайрат шыға алады. Өңменіңнен өтер өткірлік жігіттерде болғанда сүйсінтеді, ал қыз баланың қасқырдай өжеттігі қаншалықты жарасымды, әйелдің мықты қаруы нәзіктігі, сынықтығы емес пе дейсің ғой. Әйел генетикалық тұрғыдан бейбітшілік ұрығын себуші екендігі бүгінде дәлелденген. Бірақ бұрынырақта қазақ сахарасын аралаған орыс және Батыс саяхатшы-ғалымдарына айтқызсаң, қазақ әйелдері атқа мініп, найза-сойыл алып жаумен соғысуға келгенде еркектермен тең түскен, ал тасшайнар долықтылық жағынан тіпті ерлерінен асып кеткен. «Смерть до того презирают, что охотнее соглашаются умереть, нежели уступить неприятелю, и будучи разбиты грызут оружие, если уже не могут сражаться или помочь себе», – деп жазады Д.Флэтчер. Қасқырдың құртқасы жаны барда қолға түспеуге тырысатыны сияқты.

– Мұхит бабаң шырқаған «Бала Ораз» әнінің тәу аты – «Жылқышы» екен. Кедей жылқышы жігіт байдың қызын алып қашады. Қуғыншылар жетіп, сойыл ұрыста жігіт өледі. Қыз ілгері кеткен екен. Қайтып келіп, қуғын­шының біреуін қосауызбен атып түсіреді де, қанжарын қақ жүрегінің тұсына тіреп, өліп жатқан жолдасының үстіне құлайды...

– Байсал байдың қызының хикаясы да осыған ұқсас – атақты Шұбыртпалы Ағыбай батырдың басынан кешкен уақиғасы. Таңқаларлық нәрсе, шынында да. «Әлі екі көзіне ғана жететін әйел» деп жатамыз ғой әдетте.

Онымыз еркектік шовинизм, бәлки басқа халықтардың әйелдерін көріп айтылған сөз сияқты, меніңше. Мысалы, ала топылы ағайындарымыздың арасынан майданға барған Мәриям Юсупова ғана белгілі. Сірә, соғыс Шығыстың езіліңкі әйелдерінің салтына қарама-қайшы, табиғаты жат нәрсе болса керек. Ал қазақ өз қыздарын құлындай ерке, құстай еркін қып өсірген. Объективті түрде, өжеттік сол еркіндікпен келген. Ал оның арғы жағында сақ, ғұн замандарындағы «дала амазонкалары» дәстүрі жатыр. Қазақтар отырықшы өмірге өзге түркі халықтарымен салыстырғанда көп кейін көшті ғой, соған сәйкес Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін де қазақ қыздарының бойында көшпелі амазонкалардың жауынгерлік оты сөне қоймаған деп ой­лаймын. Ілгеріде «батыр көптің қанасынан жаралады» дедік қой. Бірақ оның жаралған, туған сәтін көрген адам некен-саяқ. Ал Мәншүк, Әлия, Хиуаздар жиырмасыншы жастарында-ақ тұтас бір халықтың намысы болып жарылып, қанмайданның өтінде найзағай отындай жарқ етті. Біздің аталарымыздың көз алдында жарқ етті. Ертек емес бұл. Батыр қыздардың тап осылай тобымен намысты сәтте көз алдыңда төбеден түскендей болуы, жалпы Шығыс елдерінде ілуде біреу. Сондықтан үш шолпанымызды және олармен бірге ат-ерлігі әлі толық мәлім бола қоймаған Алтыншаш Нұрғожинова секілді қаһармандарымызды қазақ қыздарының баяғы батырлық дәстүрін жалғастырушылар дейміз. «Қарағай, басын кессең, түбі қалар» демей ме Мәди әнші.

– Мәншүктің осы Оралдағы музейінен тобылғы сап қамшысын көріп едім. Атқа еркін шапқан, қыз сияқты бұлданшақтық, әсемсу, паңсу жат, тура сөзді, өткір мінезді болыпты апамыз...

– Қарап отырсаң, өмір жолдары қамшының таспасындай қатар өрілген үш қызымыздың – Мәншүк, Әлия, Хиуаздың (үшеуі бірін-бірі білген, әкелері өзара аралас-құраластықта болған), шақпақ тастай үш торымыздың бітім-болмыс, мінез, тіпті түрәлпет жағынан бір-бірінен алыс-қалысы шамалы. Хиуаздың аяқ киім өлшемі 33 см, ал Мәншүктің аяғы 35 см, салмағы 46 кг екен. Ал батырлықтары, табандылықтары, ерік-жігер, өжеттік, намысқойлықтары тау қопарып, арна бұзардай. Мұның асыл құпиясы: үшеуінің де тұқымдарында «тоқал әже» болмаған. Қандары сұрыпталған, таза, текті жерде өсіп-өнгендерді бұрын қазақ солай деген. Көңіл күйін ашық білдіретін, ойындағысын жасырмай айтатын, алған беттен қайтпайтын, біліп тұрып, білгенін істейтін қайсар-қасқыр мінездері бүгінгі бізге «Қаһармандық қашанда өрлікпен, намыспен, өзінің бағасын білетін арлылықпен біте қайнасып келеді» деген белгілі қағидаттың әбден дұрыс екендігін де ұқтыра кетеді.

Мәншүк өте арлы, намысқой болған. Үйінен жатақханаға кетіп, жағдайсыз жүрген шақта оқуға екі көйлегін кезек ауыстырып киіп келеді екен. Шоқтай жасанып жүрген құрбылары мұның себебін сұраса, «Осы екі көйлегімді бек ұнатамын» дейтін көрінеді. Жағдайын айтып шағыну онда атымен болмаған. Не десе де батыр адам сұрамайды, «берсе – қолынан, бермесе – жолынан» алады ғой.

Сонымен қатар апамыз пікірін де көпке бермепті. Көзі жеткен нәрсеге табандап тұрып алған. Өзінің шын ныспысы – Мәнсия (арабша мән+сия= мән, мағына, білім-білік) кейін Мәншүк болып өзгергені мәлім. Соңғы есім де арабта бар, «белгілі, мәшһүр жан» деген сөз. Бірақ, негізінде, Мәншүк – үйдегі үлкен­дер баланы еркелете, ықшамдап айтудан шыққан гипокористик (Мәнсия – Мәншүк), ал ел аузындағы одан да дұрыс ілкі нұсқасы – Мәншөк. Батыс қазағы Мәнсияны кішірейте-еркелете осылай дейді. Батыр апамыз жайлы кітап шығарған марқұм Исатай Кенжәлиев те Мәншөк деп айтып-жазып кетті, бұл пікірге құлақ асуымыз керек. Жуылған қарақаттай дөңгеленген бадам көзіне қарап Моншақ атаған деген сөз – жаңсақ параллель.

Айтайын дегенім, Александра Прокопенконың куәлік етуінше, 100-інші бригада майданға кетіп бара жатқанда вагон ішінде славян текті қыздар үйреншікті «үлкен ауылдықтарына» салып, Мәншүкті Маша деп атай бастайды. Артёмді Тёма, Анас­тасияны Тася, Александраны Ася дейтіндері сияқты. Бірақ Мәншүк бұған болмай, «Я – не Маша, я – Манчук!» деп тұрып алады. Қыздар құйтақандай қыздың мына қайсарлығына таңғалып, айтқанына келісуге мәжбүр болады. Айтса айтқандай еді. Қыз тұрмақ, оның көкесіндей Ыбырай Алтынсарин өзін Иван Алексеевич, Әлихан Бөкейханов Алексей Николаевич деп атағанға, тіпті Әлия – Лияға, Хиуаз – Катяға келіскенін ескерсек.

– Иә, ұрқына тартпайтын зат жоқ. Қазақ халқы жүзден құралған, ал «Кіші жүз қазақтарының 250 жылдық тарихы қанмен жазылған», – деп жазыпты профессор Халел Досмұхамедов. Сол айтқандай, Мәншүктің майдан даласында денесі қалған ата-бабасы да аз болмаған шығар. Басқаша айтқанда, қайтпас қайсарлықты, батырлықты, ұрыс алаңында ерлікпен жан беруді табиғи өлім деп білушілік апамыздың өз арғы зәузатында да болуы мүмкін бе?

– «Құлмамбеттен қалған құлын» демекшісіз ғой?! Иә, бұл солай. Соған орай жоғарыдағы «ұрқына тартпай­тын зат жоқ» деген сөзіңізді «ұрығына» деп шамалы өзгертсе де болар еді. «Мен – бір ысыққа сыймайтын адаммын ғой, мен – қазақтың Зейнолласымын ғой» деуші еді Зекең, Зейнолла Қабдолов. Сол айтқандай, Мәншүк – алдымен мұқым қазақтың Мәншүгі. Дегенмен, «руға бөлме, руды сұра» демекші, осы жерде Рақаң (Рақымжан Отарбаев) айтатын «кішкентай рулық көрпенің» де шетін аздап сыпырып өткеннің артықтығы болмас. Бұл орайда Мәншүктің өз руы – шеркештігін жоғарыда сөз болған ерекше мінез-темпераментімен, арлылық қасиеттерімен, сосын қара қылды қақ жарған әділетсүйгіштігімен ғана шектеп қоюға болмас. «Шеркеш» ру атауын өз дегенін істейтін, яғни сарқаш (шәлкес) сөзімен шендестірушілер бар. Десе де, баяғыда бір шал айтты екен деп, шеркештердің сапалық қасиеттерін билікпен, оқымыстылықпен шектеп тастау тарихи әділеттілік болмас еді. «Қойыс пен Дербіс серт еткен,  / Серт еткен жауын мерт еткен, / Шеркештен батыр көп шықты, / Ол заманда ерте өткен» деп келетін ескі сөз­дің төркіні шындықтың ауылында жатса керек. Айта берсе, «шеркеш», «серкеш» бинарының түбі «берсерк, серк», яғни «берсеркиер» сөзімен аталас. Бағзыда «берсерлер» («бөрісерлер») деп құтырған қасқырдай жауынгерлер тобын, айрықша әскери кастаны айтқан. Осы «бөрісұрлар» – «бөрі терісін жамылғандар» ұғымы скандинавтарда «берсерлер» болып сақталып қалған, мысалы, олардағы Байғұт, Өтрөк, Қылдыр есімді берсерлер. Шеркеш таңбасы бақан – көшпелілік пен жауынгерліктің символы. XVIII ғасырда жасаған сүйініш қойыс Шағырай батыр Жәдікұлының аты шеркеш руының ұранына шыққан. Ұлы Отан соғысында бір ғана Батыс Қазақстан облысы ішінде Мәншүктен бөлек жақау шеркеш Ерденбек Ниетқалиев пен шумақ шеркеш Темір Масин бар үш бірдей Кеңес Одағының Батырын берді. Шеркеш жайын­дағы қалған әңгімені жуырда баспа бетін көрген Нұрлыбек Бірманов ағамыздың «Большой путь славного народа» дейтін кітабынан табуға болады.

– Ал нағашылары жағынан қалай Мәншүк?

– Ол жағынан да қамшы салғызбайды апамыз. Өз әке­сі Жеңсікәлі нәті жуастау, биязы, шаруаның адамы екен. Ал анасы Тойылша – беріш руынан, оның ішінде бегіс бөлімі, ауылға ықпалды, пысық, қайратты кісі болыпты. Қазақ бала жақсы болса өзінен, жаман болса нағашыларынан көреді ғой, бірақ ол әдет бұл жерге жүрмейді. Мәншүктің көптеген қасиеттері әкенің қуатымен және бірқатар қасиеттері ананың сүтімен дарыған деу жөн. Дана халқымыздың «Алып – анадан, ат – биеден» деген сөзі, «Әр алыптың артында әйел адам тұрады» деген ислам лұғаты осы жерге дәл. Тойылша анасы батыр туатын алтын құрсақ болғанда, беріш атасы заманында жүрген жерін талқан қылған батыр жұрт болғандықтан да Мәншүктей қаһарманды бұл дүние тіршілігіне келтірген.

Құдай-ау, жиырмаға жаңа шыққан жасында қай жерде жүріп, қандай жағдайда мінез қалыптастырып үлгергеніне қабағат қайран қаласың. Мәншүк мектепті бітіргенде-ақ ешқандай бұралаң жолды білмейтін бүтін бітім ретінде қалыптасып үлгерген. Мақсаткер, алғыр және төзімді болып ерте жетілген. Майданға бел буған алғашқы сәттен-ақ ол Т-34-85 танкісі сықылды тосқауыл атаулыны бұзып-жарып өтетін бөлекше характерін танытады. Салғыласып емес, серттесіп, өзінің қалайда майданға баруын дәлелдей ал­ған. Сол кезде оның бұл шешімталдығын айналасы, тіпті Әмина шешесі, іс басындағы адамдар, аяушылық білдірген мейірі асқан ағалары да түсінбей дал болады, кейбіреулері тіпті ессіздік көріп, шекелерін бұранда жасап көрсеткен. Біреуін де пысқырмады. Айтты – бітті. Үзді – кесілді.

Бұл – мақсаткерлігі, ал енді алғырлығына, төзімділігіне келсек, ол да өз алдына бір жыр. Таланттының талаптысы Мәншүк өзін алдағы өмір асуларына дәл бір спартандарша дайындаған. Жоғары сыныптарда-ақ ол республикадағы болашағынан үміт күттіретін жас спортшылардың қатарына қосылып, тапаншадан, мылтықтан нысана көздеу бойынша үздік нәтижелер көрсетеді. Ол нысана көздеуден республика құрама командасының мүшесі болған. Осы алғырлығының арқасында және әскер­ге «көңілді болып жазылуы», яғни өз еркімен баруы себепті жауынгерлік-әскери өнерді кейбір жігіттерден де тез меңгеріп кетеді. Оқыған мамандығы медик болғандықтан медсанитарлық курсты үздік аяқтауы таңдандырмайды, ал 100-інші бригадаға алынғасын Тоқмақ маңында радистер курсынан өткен кездегі әскери жіткірлігін құрбылары айта алмай отырады екен. Негізі, Морза әліппесінің өзі үйренушіден жоғары есте сақтау қабілетін қажет етеді. Ал Мәншүктің есте сақтау қабілеті өте жоғары болған.

Сол сияқты Мәншүк майданда да медсанитарлықты, штаб ісін шемішкеше шашып тастаған, құжатпен тез, ұқыпты жұмыс істеп, мәшіңкені жүгері қуырғандай бытырлатқан. Сол күндердің бірінде атақты мерген Ыбырайым Сүлейменов Мәншүк екеуі штаб жұмысымен алғы шепке бара жатқандарында жап-жас қыздың винтовканың оқжатарынан затворына жып-жып еткізіп оқ жытырып, қаруын жауды қарсы алуға заматта дайын қылғанын көріп, құлап қала жаздайды. Ал Мәншүктің таңдап алған «ғашығы» – пулемётпен жұмыс істеуі қаруластарының арасында аңызға айналады. Ол өзі майданда өткізген 424 тәулік ішінде пулемётпен шайқасқа аса жиі түспеген, алайда осы мардымсыз ұрыс тәжірибесіне қарамастан ол оқу-жаттығу кезеңінде-ақ бүткіл армиядағы санаулы шебер пулеметшінің қатарына қосылады, ал 3-інші екпінді армия бойынша алғанда бұл таза «еркектік» девайсты қапысыз меңгерген жалғыз жауынгер қыз атанады. Тіпті тәжірибелі еркек атқыштардың өзі Мәншүктің гашетка үстіндегі жинақылығына, есту және көру перифериясына сүйсінген. Ол флангіден жанасалап, қиғаштап қиып атудан үздіктердің қатарында болған. Сөйтіп, аз уақыт­та пулемет расчётінің командирлігіне жоғарылатылып, сержант, кейінірек аға сержант әскери шені беріледі. Расчётін пулемёт ісіне баулуы да өзінше бір хикая. «Максимнің» ату бөлігін сарт-сұрт бөлшектеп, тез қайта жинап, нысананы туралап қырқып атып та, қиғаштап, кесіп атып та көрсеткен кезде қарамағындағы пулемёт ата алмай, маңқасы ағып жылап отырған өзі құралпы жігіттер әлгі «тра-та-та-та»-ны көріп, қарадай жасиды екен. Бірақ мен керіммін деп мақтану, асқақтау Мәншүкте атымен болмаған. Аспай-саспай, салқынқанды шыдамдылықпен үйретуден жалықпаған. «Бөлекше болмысына қарамастан, ол өзі айрықша сезімтал, сыпайы, салмақты, тыңғылықты жан болатын» деп жазады қаруластары.

Иә, шаруаны шамалы ұзартып алатынымыз болмаса, қолға алған ісіне жан-тәнімен берілу, жұмысты өмірдің мәніне айналдыру жалпы біздің қанымызда бар нәрсе. Құдайдың сәулесі түскен адамдар алғыр, тез үйренгіш ұғымтал болатын көрінеді ғой. Мәншүк те сондай Алланың сансыз нығметімен жарылқануы себепті қай істе болсын бірінші сұрыпты шебер, таңдаулылардың ішіндегі біріншісі дәрежесіне көтерілген. Соғыс – өзінше бір оқу, жаттығу өткелегі, майдан – практика, тәжірибе жинау кезеңі ғой, осы орайда біз Мәншүктің жауынгер ретінде де, командир ретінде де тез жетіліп, тез өскелеңдегенін көреміз.

Изоча стансасы түбіндегі соңғы шайқасын алайық. Қараңыз, станса маңындағы 173.7-інші төбе басында бір өзі қалғаннан кейін оқпананы бойлай қойылған үш пулемётке кезек-кезек ауысып соғысады. Неге десеңіз, зеңбіректегі сияқты пулеметтің де ең осал жері – ұңғысы, ол үздіксіз атыста қызып, істен шығып кетіп отырады. Су құйып салқындатқанша талай уақыт. Бұл – бір. Екіншіден, бір атып болғасын хронометраж іске қосылады, әдетте бұл шамамен 5-6 минутты құрайды, сол аралықта атқыш қаруымен жаңа ұяға көшіп үлгеруі керек, әйтпесе жаудың снаряды төмпешінің астында қаласың. Мәншүк осы орайда үш пулемётке кезек жүгіріп позициясын көлбеу ауыстырып қана қоймай, бір сәт оқпанадан шығып, өз оқшашарымен жонды беткейлей алға жетпіс метрдей жылжып барып, атысты жаңа, бойлау позициядан жалғастырған. Бұл экспозиция пулемётшінің алдын ала ойластырылған динамикалық қорғаныс тәсілін қолданғанын көрсетеді. Яғни ұтқыр, маневрлік қорғаныс. Осы қалпында бұл тәсіл заманауи тактикалық соғысқа тән жаһаткерлікпен шайқасу, яғни бір орында қалып қоймай, үнемі қозғалыста жүріп соғысу әдісін еске түсіреді. Бейнелеп айтқанда, Мәншүктің «Максимі» қазірде украин әскері сәтті қолданып отырған, иыққа қойып ататын «Джавелин» ракетасына, «Стрингер» зенит комплексіне айналған десе лайық.

Сонымен бірге Изоча маңындағы жон үстіндегі Мәншүктің ақтық айқасы жан саны мол, қаруы күшті жауға аз күшпен, өз коэффициентіңмен-ақ ұтымды қарсы тұруға әбден болатынын көзапара көрсетуімен де құнды. Осы қалпында гвардия аға сержанты Мәншүк Мәметова imperator – әскери командир. Екінші дүниежүзілік соғыстың үлкен бір сабағы – алғы шепте сержанттар мен кіші командирлердің жоғарыдағы бағдаршы-басшылар не айтады деп күтіп отырмай, қиын кезде өз беттерінше жалтақсыз жол тауып кетуі. Ол кездегі майдан жағдайында қазіргідей рация яки GPS болмаған, телефон ғана, оның өзі штабта, командалық пунктте. Жау болса саған штабтан бұйрық келіп түскенін күтіп отырмайды, кәлләңді шырт еткізіп қиып алып, окоптан асыра лақтыра салады. Міне, әлгіндей жан алқымға келген сын сәтте кіші офицерлер алғы шепте бастамашылдық танытып, ұрыс тағдырын өз қолдарына алған. «Жоспар қолбасшының шатыры астында емес, аспан шатырының астында ойластырып жасалған» дейтін қытай метафорасы осы жерге дәл. Яғни кешегі соғыста Мәншүк сияқты бастамашыл, батыл, талантты сержанттар, старшиналар мен кіші құрам командирлері алғы шептегі негізгі бірлікке айналады. Бұлар болмағанда кеңес әскерінің Еуропадағы ең жауынгер халық – дойчты еңсеруі екіталай-тын.

Ғажап емес пе, Мәншүктердің осы ұтқыр маневрлік тәсілін кейін Батыс елдерінің әскерилері қолданды: бүгінде НАТО альянсы өзіне кеңінен енгізген бір орталықтан басқармау философиясы бойынша шешім қабылдау еркі жоғары командалық буыннан алғы шептегі офицерлерге – сержант, капрал, басқа да кіші шенділерге ауыстырылған. Ал кеңес әскерінде бұл деңгейдегі шешімді шені лейтенанттан жоғары офицерлер ғана қабылдай алатын, сол себепті жоғары шенді командирлердің қазаға ұшырау пайызы да жоғары еді. Мұны біз сол кеңестік тәртіптің мирасқоры – Ресей әскерінде Украинадағы арнайы соғыс операциясы кезінде полковник, генерал шеніндегі әскербасылар арасында өлім-жітімнің шамадан тыс жиі кездесуінен де көріп отырмыз.

Қызығы сонда, жоғарыдағыдай әскери амалдар Мәншүктерге көктен аяғы салбырап түсе қалмаған. Еуропалық зерттеушілер көне түркі әскерінде өздері «вагенбург» деп атаған, Батыс армиясы үшін мүлде тосын әскери маневрлік қимылдар кешені қолданылғанын жазып жүр. Әлгіндей алқа-қотан жасап қорғану, яғни жаяуланып алып, ат-мат, арба, нәрсе қараны үйіп, арқау-күзеу жасап, өздері соны айнала қорғанып, кейінгі жақтан көмек жеткенше беріспей соғысу қазақта соңғы кезге дейін қолданылып келген. Мәншүктер осы мирасты мұраны жаңғыртып, жаңа тұрпатты соғыс тәсілдерін модельдеуге таған қылып тартқан десе лайық.

Есенжол Қыстаубаев

(Жалғасы бар)

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале