Үнемшіл адам тиыннан теңге құрайды. Ал ысырапшылдың тапқаны қайда кетіп жатқаны белгісіз. Әйтеуір, маңдай терін төгіп алған еңбекақысының түк берекесі болмай, шақшадай басы шарадай болып жүретіндер аз емес. Кейбір отбасында ері – қарапайым жұмысшы, әйелі баламен отырса да, қаражатының берекесі бар. Себебі теңге ғана емес, тиынның да кіріс-шығысы жоспарлы жұмсалады. Қаржыгерлер әр адамның табысты болуы тікелей өзіне байланысты екенін айтады. Басты мәселе адамның өз қаражатын дұрыс басқара алмауы ма? Қаржылық тәуелділіктен қайткенде құтыламыз? Олай болса, түйткілдің тінін бірге тарқаталық.
Суреттің дереккөзі: Otyrar.kz
Қазақстан нарығында қаржы компаниясының лицензиясы болуын қадағалау – сан соғып қалмаудың басты кепілі. Ол үшін Ұлттық Банктің қаржылық білім сайтына кіріп, сенім артқан компанияның лицензиясы барын анықтауыңызға болады.
Соңғы кездері әлеуметтік желілерде қаржы пирамидасы сияқты аты бар да заты жоқ компанияларға миллиондап ақша құйып, дымсыз қалғандар жайында жиі жазып жүрміз. Тиын салып, «триллионға» кенелесіңдер дейтін «лыпасыз миллионерлерден» аяқ алып жүре алмайсыз. Алаяқтардың құрбанына айналып, өзін-өзі өртеуге дейін барған келіншектің әрекеті сөзіміздің дәлелі. Бұл тек бір мысал ғана...
Мамандар қаржылық сауатсыздық нақты отбасылық жоспардың болмауынан дейді. Алайда айту керек, киім түгіл тамақты да несиеге алғызып отырған бүгінгі қымбатшылықтың да әсері жоқ емес-ау. Үнем үйге құт кіргізеді. Десек те аядай ауылда тірлік кешіп, екі қолға бір күрек таба алмай отырған бүгінгінің Мақтымы мен Күлпәші не істеуі керек?
Ынтымақта ырыс бар
Гүлмира – ұзақ жылдан бері шағын балабақшада қарапайым тәрбиеші. Азаматы Әміре үй маңындағы мектепті күзетеді. Ерлі-зайыпты – үбірлі-шүбірлі алты баланың ата-анасы. Жалдамалы пәтерде тұрады. «Отбасы банкінен» шот ашып, болашақ баспанаға ырымдап азын-шоғын ақша жинауды әдетке айналдырған. Балабақша мен үй арасы 5-6 аялдама.
Таңертең сағат 5-те тұрып, үйін жайлап, жол шығынын қысқарту үшін жұмысына жаяу жетеді. Олар ешқашан несие алып көрмеген. Жұмыста өзі тәрбиеші бола жүріп, еңбек не бала күтімімен отырған техникалық қызметкерлердің де орнын алмастырады. Отағасы қыс пен көктемде шаруа қожалығының малын бағып, 5-6 қара жинап алған. Тер төгуден қашпайды. Бала-шағаны әр тиынды адал табуға тәрбиелейді. Үйге де жетеріне, күйдің де оңаларына сенімді.
Жүзік те,
ішік те ломбардта...
Бақтыгүл – мектепте мұғалім. Өз ісінің білгірі. Табысы да көп әріптесінен жоғары. Әдемі киінгенді, уақытты қызықты өткізгенді ұнатады. Бір өзі жеке пәтерінде тұрғанымен, табысының басы соңына жетпейді. Алтын алқа, жүзіктері мен құндыз ішігінің ломбардтан шықпағанына екі жылдан асқанын айтып, құрбыларына жиі шағымданады. Несиесі тағы бар. Қомақты қаражаттың есепсіз желге ұшқанына ол да таң, ел де таң...
Қазақстанда қарапайым отбасы табысының 50 пайы- зын азық-түлікке, ал 46 пайызын өзге тауар түрлерін сатып алуға жұмсайды екен. Finprom.kz порталының мәліметінше, елімізде отбасы бюджетінің шығысы бір жылдың ішінде 17 пайызға артса, кіріс 16 пайыз ғана бо- лып отыр.
Маман не дейді?
Светлана Нұрғалиева,
«Әулет» ЖШС
компаниясының қаржы
кеңесшісі:
– Үкіметтің 2020-2024 жылдарға арналған қаржы сауаттылығы жайында бағдарламасы бар. Осы бағдарлама аясында біз ақшаны қандай инвестицияға бағыттауға, қалай қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізуге болады деген сияқты мәселелерді талқылап жүрміз. Жалпы, Қазақстан нарығында қаржы компаниясының лицензиясы болуын қадағалау – сан соғып қалмаудың басты кепілі. Ол үшін Ұлттық Банктің қаржылық білім сайтына кіріп, сенім артқан компанияның лицензиясы барын анықтауыңызға болады. Осындай инвестициялық компанияның бірі ретінде сақтандыру компанияларын айта аламын. Отбасы бюджетінің бір бөлігін өзім де сақтандыру компаниясына саламын. Бірнеше жылдан бері кіріс- шығысымды күнделікті есептеп отыру – бұлжымас қағидам. Табысымның он пайызын өзіме, балаларымды сақтандыруға жинаймын. Сонымен бірге міндетті түрде жинап жатқан девиденттерге салып отырамын. Бұл тәсілді отбасы бюджетін сақтаудың ең тиімді жолы деп білемін.
Кіріс конфигурациясы
«ҚазАқпарат» тілшісінің зерттеуі бойынша, Қазақстанда қарапайым отбасы табысының 50 пайызын азық-түлікке, ал 46 пайызын өзге тауар түрлерін сатып алуға жұмсайды екен. Finprom.kz порталының мәліметінше, елімізде отбасы бюджетінің шығысы бір жылдың ішінде 17 пайызға артса, кіріс 16 пайыз ғана. Жыл ішінде отбасының ақшалай кірісі 15,5 пайызға өсіп, осы жылдың І тоқсанында орташа есеппен 777,8 мың теңгені құраған. Ал үй шаруашылығына жұмсалатын шығын 17 пайызға ұлғайып, 754,6 мың теңгеге жеткен. Бұл жерде кіріске қарағанда шығыс бір жылдың ішінде 95,8 пайыздан 97 пайызға дейін өскен. Яғни кірістің 97 пайызы тұтынушылық шығысқа, туған-туыстар мен таныстарға материалдық көмек көрсетуге, алимент, сонымен бірге салық және өзге де төлемдерге жұмсалған. Қазақстанның өзге аймақтарында 2022 жылдың І тоқсанындағы ең жоғары шығыс Алматы қаласында (935,9 мың теңге) байқалған. 2022 жылдың І тоқсанында тұтынушылық шығыс 92 пайызды құраған – 693,2 мың теңге. Оның ішінде 377,4 мың теңге азық-түліктен өзге тауарлар сатып алуға жұмсалып, 133,1 мың теңге ақылы қызметтерге кеткен. Өзге де шығыстар 25,5 пайызға артқан. Орташа есеппен алғанда бір үй шаруашылығына 61,4 мың теңге шығын шыққан. Тағы бір қызықты мәлімет, шығыстың басым бөлігі азық- түлік пен сусындар сатып алуға жұмсалады екен. Оған кететін шығын 349,2 мың теңгені құраған. Бұл – барлық шығыстың 46,3 пайызына және азық-түлік алуға арналған шығыстың 92,5 пайызына тең деген сөз.
Үйде керексіз жарықтың жануына жол бермеу, судың ағысын баяулату, азық-түлік аларда арнайы дүкенге баруға ерінбеу сынды қарапайым ережені естен шығармаңыз!
Артық болмас білгенің...
Ал енді көпшілік үшін маңызды мәселеге назар аударып көрейік. Ай сайын кесте жасап отырудың маңызын бүгінде барлығы біледі. Отбасы бюджетін қанша үнемдеуге тырыссаңыз да, қолыңыздан келмей, шарасыз күй кешсеңіз, төмендегі кеңеске құлақ түріп көріңіз. Бұл – өте үнемшілдер үшін таптырмас қағида. Мәселен: үйде жанұя мүшелерінің киімдерін бөлек үтіктеуден гөрі бәрін бірге үтіктеу, ыдыс-аяқты да бөлмей, бірге жуу, керексіз жарықтың жануына жол бермеу, судың ағысын баяулату, азық-түлік аларда арзанын алу үшін арнайы дүкенге баруға ерінбеу сынды қарапайым ережені біле жүргеннің артықтығы болмас. Қаржы мамандары дүкеннен не сатып алатының жазылған тізімнің болуы басты қажеттілік екенін ескертеді. Депозитке табысыңның белгілі бір бөлігін жинауды әдетке айналдыру – алдағы қомақты табыс кепілі.
Гүлнар Қадырова,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz