29.06.2022, 14:45
Оқылды: 46

Оралда БҚО қоғамдық кеңесінің отырысы өтті

Оралда БҚО қоғамдық кеңесінің отырысы өтіп, онда облыс бюджетіне 2022-2024 жылдарға арналған нақтылаулар, сондай-ақ маусым айында ел астанасында өткен ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысының қорытындылары талқыланды.    

182fcaef-66c4-4806-9e60-e313a94d0d36

Қоғамдық кеңестің жиынында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрия Гайтпаева баяндама жасады. Баяндамада облыстық мәслихатының «2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» 2021 жылғы 15 желтоқсандағы №8-1 шешіміне (нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №25972 болып тіркелген) енгізілген өзгерістер туралы мәліметтер жария етілді. Халықтың көптеген проблемалық мәселелерін шешуге бюджеттен қомақты қаражат бөлінгені белгілі, олар 2022-2024 жылдары белгілі бір салаларға нақты бағытталады.  Мысалы, 2022 жылға арналған облыстық бюджет түсімдер есебінен жалпы сомасы 47 762 007 теңгеге, сондай-ақ бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қаражатын босату сомасы 1 720 167 теңгеге ұлғайтылды. БҚО қоғамдық кеңесінің төрағасы Ербол Салықов айтып өткендей, аталмыш  кеңес мүшелері бюджет жобасын жан-жақты зерделеп, осы жылы қандай өзекті мәселені шешу керектігіне сәйкес қандай да бір қажеттіліктерге қаражат бөлу туралы сұрақтар қойды.

– ҚР Ұлттық қоры есебінен 83 825 мың теңге сомасындағы қаражат ауылдық елді мекендерде сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамытуға бағытталатын болады. ҚР ҰҚ кепілдендірілген трансферт есебінен  36 014 686 теңге нәтижелі жұмыспен қамтуды дамытуға, мемлекеттік ұйымдар қызметкерлерінің жалақысын арттыруға, «Ауыл – ел  бесігі» жобасы шеңберінде ауылдық елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым бойынша іс-шараларды іске асыруға және басқа да бағыттарға жоспарланған. Жергілікті бюджет есебінен 17 706 026 теңге сомасындағы шығындар денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және ақпараттық кеңістік, қоршаған ортаны қорғау және жер қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және басқа бағыттарға бағытталған. Аталған өзгерістерді есепке ала отырып, облыстық бюджет кірістер мен шығыстар бойынша 382 202 433 теңгені құрайды, – деді Нұрия Ханзадақызы.

Қоғамдық кеңестің отырысының екінші жартысында БҚО атынан Ұлттық құрылтайға қатысып, жауапты іс атқарып келген Бауыржан Ғұбайдуллиннің баяндамасы тыңдалды.

– Ұлытаудағы Ұлттық құрылтайдың қатысушысы болып келдім. Ертең құрылтай деген күні маған Президент аппаратының басшысының орынбасары және Ұлттық құрылтайдың хатшысы Аида Балаева хабарласып, әр облыстан ұсынылған үміткерлердің атқарған ісімен Президет өзі танысып шығып, жеке шешім қабылдағандығын айтты. Солардың арасынан мен таңдалдым. Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы өте ауқымды баяндама жасады. Құрылтайдың басты миссиясы – халық пен билік арасындағы ашық диалогты орнату болды. Сол себепті құрылтайшылардың жауапты мақсаты – халықтың мұң-мұқтажын жеткізу. «Жаңа Қазақстан» деген сөз тіркесі біздің санамызға сіңе бастады. Ел Президенті құрылтайда жасаған баяндамасында Жаңа Қазақстанның басты синонимі Әділетті Қазақстан екенін баса айтты. Бұл – заңның үстемдік етуі. Хан да, қараша да, басшы мен қосшы да Ата заңымыздың алдында бірдей екенін ұқтыру болатын. Президент мәселе болып отырған жайт – ауылдық, аудандық жерлердегі масылдық психологияны жоюды қолға алу керектігін түсіндірді. Соның ішінде екпін түсіре айтқаны – жас ұрпақты қаршадайынан еңбекке үйрету. Себебі жалқау баладан арсыз ата-ана өсіп шығатыны белгілі.

Қазақ халқының тарихын біріздендіретін академиялық еңбек дайындалып жатыр. Осы бастама барысында Президенттік мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин тарих ғылымдарының өкілдері мен қоғам қайраткерлерінің жиналысын өткізді. Сонда бұл ортақ іске отандық тарихшыларды ғана емес, шетелдік ғалымдарды да тарту керек деген уәж айтқан-ды. Мен бұған келісемін. Себебі ұлттың өткеніне қатысты көптеген құнды дерек-дәйектер, қажетті мәліметтер шетелдердің – Моңғолияның, Иранның,  Ауғанстанның, Үндістанның архивтерінде сақтаулы жатыр. Оларға қол жеткізу үшін сол елдің ғалымдарымен тығыз байланыста болуымыз керек. Құрылтайда маған өз ұсыныс-пікірімді алдыңғы болып айтуыма мүмкіндік туды. Сол кезде шекаралас елдердегі халық санының азайып бара жатқандығы, шетелдегі отандастарымыздың әлеуметтік жағдайын көтеру туралы айттым. Сонымен қатар еліміздегі діни әркелкілік мәселесінде тілге тиек еттім. Себебі кешегі Қасіретті қаңтар оқиғасына да осы фактор әсер еткен-ді. Біртұтас халық болып қалу үшін ұлттық діни түсінігімізді ретке келтіруіміз керек екенін Президентке жеткіздім. Мен сөз еткен тағы бір мәселе – бос жатқан жерлерді игеру. Ол жерлерге тек қана мал жаюды емес, әр түрлі пайдалы, өндіріс нысандарын салуымыз керегін өз ұсынысымды қоса отырып айттым. Сондай-ақ елдегі, соның ішінде ауылдық, аудандық өлкелердегі жеңіл өнеркәсіпті дамыту мәселесін де сөзіме кірістірдім. Бұл айтылған мәселелер бойынша әлде де тереңірек зерттеулер жүргізуге пейілдімін,  – деді Бауыржан Файзоллаұлы.

 Нұртілеу Қадырқұл,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале