Жәнібек ауылының орталығындағы №1 мектеп-лицейде «Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдары, кенттері, ауылдық округтері әкімдерінің сайлауын өткізу кезінде сайлау үдерісінің құқықтық негіздері және сайлау комиссиясының жұмысын ұйымдастыру» тақырыбында семинар өтіп, оған аудандық аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері қатысты. Семинарды аудан әкімі Азамат Сафималиев кіріспе сөзбен ашып, сөз кезегін облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақовқа берді.
-Маусым айының басында, дәлірек айтқанда, 5-інде өздеріңіздің тікелей қатысуыңызбен Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде жалпыхалықтық референдум өткені белгілі. Референдумға байланысты көптеген өзгерістер енгізілуде. Алдағы уақытта Парламент Мәжілісі мен түрлі деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары, аудан әкімдері сайланады. Осыған орай сайлауға деген көзқарас, сайлаудың тәртібі өзгеруде. Аудандық аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін халық білуі керек. Бес жылға сайланған сайлау комиссиялары мүшелерінің атқаратын міндеттері белгіленіп берілуі тиіс. Аудандық аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары жоспарлы жұмыс атқаруы және олардың күнделікті жұмыс жоспары болуы қажет. Сонымен қатар олардың жұмысы барынша ашық болуы керек, - деген Ғайса Хамедулаұлы референдум барысында кейбір орын алған олқылықтарға қатысты нақты мысалдар келтіре отырып, егжей-тегжейлі түсінік берді. Алдағы уақытта ондай кемшіліктердің қайталанбауына, барлығы да Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» конституциялық заңы аясында атқарылуы қажеттігіне көпшіліктің назарын аударды.
Сондай-ақ ол ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының референдумды өткізуге қатысты облыстық аумақтық сайлау комиссиясына жолдаған алғыс хатын оқып берді. Сол сияқты референдумды өткізуге белсене атсалысқан бір топ сайлау комиссиясының мүшелеріне мемлекет басшысының, облыс әкімінің және облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының алғыс хаттары салтанатты түрде табыс етілді. Одан кейін семинарға қатысушылар алты топқа бөлініп, сайлау кезінде кездесетін түрлі жағдайларға байланысты берілген тапсырмаларды сәтті орындады. Соңында семинарға қатысушыларға аталған тақырыптағы семинар бағдарламасын нәтижелі аяқтағанын куәландыратын сертификаттар табысталды.
А.Есіркепов,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz