Казталов аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен, ветеринария саласы мамандары және БАҚ өкілдерінің қатысуымен жол бойында бағымсыз жүрген малдың иелерін анықтау мақсатында рейд жүргізілді. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін өткізілген рейд барысында Казталов – Чапаев – Орал бағытындағы республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдар бойы тексерілді.
Аудандық полиция бөлімі ұсынған дерекке сүйенсек, 2021 жылы бағымсыз жүрген үй жануарының қатысуымен бес жол-көлік оқиғасы тіркелсе, биыл екі дерек тіркелген. «Сақтансаң, сақтаймын» демекші, абырой болғанда, адам өлімі жоқ. «Малым – жанымның садағасы» деген қазақтың да заман талабына сай үй жануарына еге болатын уақыты келгелі қашан?..
Жол-көлік оқиғасына тағы бір себеп – бағымсыз жүрген мал. Ұшарын жел, қонарын сай білетін қаңбақ емес, төрт аяқты, екі көзді, екі құлақты тіршілік иесінің күндіз-түні жол бойында жайылып, көлігіңіздің өзіне де, үніне де елең етпей тұра беретінін, тіпті жатып алған орнынан тапжылмайтынын қайтерсіз? Бағымсыз жүрген мал әрекетінен талай жолаушының өмірі қиылды. Заманына сай адамы десек, заман заңына бағынуымыз керек.
Осыны түсіндіру үшін аудандық полиция бөлімінің, ветеринария мамандары, БАҚ өкілдері тұрғындармен кездесті. Сарықұдық ауылы тұрғындарының да үніне құлақ астық, шағымын тыңдадық. Ал құқық қорғау органдарының өкілдері рейдтің мақсатын түсіндіріп өтті.
–Жол-көлік оқиғасының алдын алу мақсатында жол жиегінде қараусыз және бағымсыз жүрген төрт түлікті анықтап, олардың иелеріне қатысты "ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы" Кодексінің 408-бабымен әкімшілік хаттама толтырылды. Рейд барысында төрт хаттама толтырылса, қалған малдың иелері анықталуда. Бүгінгі таңда "ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы" Кодексінің 408-бабымен (ауыл шаруашылық жануарларын жаю қағидаларын бұзу) 122 адамға қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылды. 2021 жылы 200-ден астам азаматқа аталған заң бойынша әкімшілік хаттама толтырылған. Басталған іс-шара бір ай бойы жалғасады, – деді аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция бөлімшесі бастығы, полиция майоры Мейіржан Тілеубаев.
Сарықұдық ауылы маңында ауыл тұрғындары, мал дәрігерлері мен шаруа қожалығы жетекшілері де болды. Олардың талабы – жол бойына жол белгілерін көбейтіп, қашықтан нысанаға алатын бейнебақылау камераларын орнату.
– Аудандық полиция бөлімінің жол-көлік оқиғасының алдын алу мақсатында жүргізіп отырған рейд жұмысын қолдаймыз. Бірақ мәселенің екі жағы барын назардан тыс қалдырмаған жөн. Себебі малдың қатысымен болатын жол-көлік оқиғасына жүргізушінің жылдамдықты шамадан тыс асыратыны да себеп. Біздің ауылымыздың маңынан да қатты жылдамдықпен өтіп, талай үй жануарын жазым қылды. Маңдай терімізді төгіп, еңбектеніп баққан малымыз әлдекімнің қателігінің құрбанына айналады. Бұл жалғаса берсе, төрт аяқты тұрмақ, адамды да мерт қылуы әбден мүмкін. Сондықтан жол-көлік оқиғасының алдын алу мақсатында Орал – Чапаев – Казталов бағытындағы облыстық маңызы бар жол бойындағы ауылдар мен елді мекендерге жылдамдықты қашықтан бақылайтын бейнебақылау камераларын, жол белгілерін, жылдамдықты тежейтін арнайы белгілер орнату керек. Сонда ғана үй жануарымен болатын жол-көлік оқиғалары саны, жылдамдықты шектен тыс асыратын жүргізушілер азаяр еді, – дейді «Дархан» ШҚ жетекшісі Нұрлыбай Жолдыбаев.
Төрт түлікке келгенде, бағымсыз жүрген малды қақса, мал иесі кінәлі болатыны бар. Егер жол бойында үй жануарын немесе бақташысы бар малды қаққан болса, жүргізуші айыпты болмақ. Құқық қорғау органдарының мамандары солай дейді.
Түптеп келгенде, заңнан әрі аттай алмаймыз. Заңды белден басқандар да жазадан құтылмайды. Сала мамандарына рейд барысында Ойсыл қара, Қамбар ата, Зеңгі баба, Шопан ата және Шекшек атаның түліктері түгел кезікті. Ауданда төрт түліктің түгел екеніне іштей ішіміз жылығанымен, әттеген-айы – бағымсыз жүр. Бағымсыз жүргені жол-көлік оқиғасына ғана себеп емес, әккі ұрының оңай олжасына да айналады.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz