5.07.2022, 15:30
Оқылды: 137

Дина «Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері» атанды

Өткен аптада елордада биылғы XXIV Сурдлимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арналған салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Оған біздің жерлесіміз, Мичурин ауылының тұрғыны Дина Ержанова да қатысты.

8D254E73-0184-42D1-9DDE-80618E3619E1

-Қазақстандық спортшылар Олимпиадада ерекше белсенділік танытып, жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Сіздердің жеңістеріңіз Сурдлимпиадалық спортты дамытуға серпін береді деп үміттенеміз. Барлық спортшыларға, жеңімпаздарға, жаттықтырушыларға ерекше алғысымды білдіремін. Сіздерді жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймын, - деді жиында сөз алған ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.

Сурдлимпиадаға елімізде спорттың 8 түрінен 63 спортшы қатысып, жарыс нәтижесіне сай ұлттық құраманың қоржынына 28 медаль түсті. Атап айтқанда, 3 алтын, 7 күміс және 18 қола медаль. Сурдлимпиадада 3-орын алғандардың қатарында Дина Аралбекқызы да бар.

Марапаттау салтанаты кезінде ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Ақ Жайықтың аруына «Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері» атағын салтанатты түрде табыс етті.

-Облысымыздың спорт тарихында Асқар Шайхиев, Александр Акунишников, Елена Плотникова, Ерболат Байбатыров, Нұрлан Бекжанов, Екатерина Ларионовалардан кейін ҚР еңбек сіңірген спорт шебері атағын бәйтеректік Дина Ержанова иеленіп отыр. Жалпы бұндай атақтар үлкен еңбекпен, маңдай термен келетіні түсінікті. Дина облысымызда мүгедектер арасындағы олимпиадаға қатысқан тұңғыш спортшы және сол алғашқы жарысында қола жүлдені еншілеп те тұңғыш жүлдегер атанып отыр. Кейінгі толқын спортшыларға жұғысты болсын дегім келеді. Егер талантты мүмкіндігі шектеулі спортшылар болса, бізге кез келген уақытта хабарласуларына болады. Біздің мекеме Орал қаласы Н.Назарбаев даңғылы 242Н (бұрынғы паспорт үстелі ғимараты) мекенжайында орналасқан,- деді бізге берген сұхбатында БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған клубының директоры Әскербек Нұрмұханов.

Мичурин ауылында тұратын Динаның ата-анасы да қызының еңбегінің еленіп жатқанына қуанышты. «Мен өзім спортқа жақын болған соң, «Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері» атағының мән-маңызын білемін. Бұл үлкен жетістік,- дейді әкесі Аралбек Ержанов.

-Оны қызымның төккен терінің өтеуі, оған тәлімін берген бапкерлерінің, спорт клубы басшыларының еңбегінің арқасы деп білемін. Мұның бәрі Динаның талпынысын арттырып, алдағы үлкен жеңісіне бастау боларына сенім мол».

Айта кетейік, XXIV Сурдлимпиадада бірінші орын алғандарға 250 мың АҚШ доллары мөлшерінде сыйақы және тұрғылықты жері бойынша үш бөлмелі пәтер беріледі. Екінші орын алған спортшыларға - 150 мың АҚШ доллары және екі бөлмелі пәтер, үшінші орын үшін - 75 мың АҚШ доллары және бір бөлмелі пәтер беріледі.

Дина елге оралғаннан кейін оны арнайы қабылдап, жеңісімен құттықтаған облыс әкімі Ғали Есқалиев пәтер кілтін табыстағанын газетіміздің өткен сандарында жазған едік.

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале