Құс өсіріп, кәсібінен нәсіп тапқан теректілік қос кәсіпкер «Ерінбегеннің еңбегі жанады» дейді. Дегенмен, бұл салаға мемлекеттің көмек-қолдауы да қажет екенін айтып отыр.
Мәселен, Мерхат Исағали төрт жылдан бері құс өсіріп келеді. Бүгінде ол жетекшілік ететін «Науша» жеке кәсіпкерлігінде 7-8 мыңдай құс бар. Торларға бөлініп орналастырылған тауық, үйрек, қаз балапандары жамырай шиқылдағанда, құдды «құстар ансамблі» ән салып тұрғанда көрінеді. Сүйкімді балапандарды баптап, күтуге зор ықылас керек. Олар ақ бидай, құрама жеммен қатар, түрлі дәрумендермен, құнарлы азықпен қоректенеді. Кәсіпкер аулаға жоңышқа егіп қойған. Жап-жасыл болып жайқалып тұрған шөп те құстардың сүйікті «асы». Кейіпкеріміз жазда балапан, қыста құс етін сатады.
– Негізі, ата-анамның құс өсіре бастағандарына 10 жылдай болды. Мен солардың бастамасын жалғастырып жатырмын. Құс бағу оңай емес. Оның азығы қымбат. Әрі жұмысшы табу қиын. Еңбегіне күніне 4-5 мың теңге төлесек те, жұмысқа келген кісілер тұрақтамайды. Сондықтан өзім, ағам, ата-анам бар бірлесіп еңбек етіп жүрміз. Бүгінде тұрақты сатып алушыларымыз бар. Атырау, Ақтаудан да сұраныс түседі. Жалпы, ерінбей еңбек еткен адам табыссыз қалмайды, – дейді Мерхат.
Кәсіпкер биыл жаңа бизнес-бастамаларды жүзеге асыруға мемлекет тарапынан бөлінетін грантты алу үшін конкурсқа қатысқан. Алайда ұсынған жобасы комиссияның қарауынан өтпеген.
Мерхат Аманкелдіұлы тұрғындардың қоқысқа лақтырған нан қалдықтарын қайта өңдейтін цех ашқысы келген екен. Үйден құрама жем шығаруды жоспарлапты. «Құс өсіретін кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көмек жоқ. Құсты Ресейден әкелеміз, салығымыз бен басқа төлемдер бар. Жем-шөп те қымбат. Құс пен еті сондықтан да қымбатқа бағаланады. Бізге үкіметтен демеуқаржы берілсе, халықтың қалтасы көтеретіндей бағаға сатуға болар еді», – дейді Мерхаттың анасы Тойған Сағатқызы.
* * *
Жаны нәзік әйел заты болса да, жеке кәсібін дөңгелетіп отырған жанның бірі – Анар Қайрекенова. Кәсіпкер «Жылдың үздік жас кәсіпкері» атты республикалық байқауға қатысып, «Үздік жас кәсіпкер» төсбелгісінің иегері атанған.
Анар Қуанышқалиқызы 2020 жылы «Нариман» жеке кәсіпкерлігін ашқан екен.
«Еңбек» бағдарламасы бойынша 555 600 теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткізеді. Осы қаражатқа 300 бройлер балапанын, екі инкубатор, брудер, тоңазытқыш алған. Кәсіпкер жұмыртқа сатып алып, балапанды инкубатордан шығарады. Мысалы, инкубаторға салынған жұмыртқадан жиырма бір күнде балапан шығады. Ол бройлер етінің келісін 1600 теңгеден сатады. Негізі, құс өсіретіндер балапанды «старт», «финиш» тәсілдері бойынша баптайды. Құсты «финишке» дейін жеткізіп бақса, салмағы 4,5 келіге дейін жетеді екен. «Алайда мен оларды мұндай салмақ қосқанша өсірмеймін. Себебі құстың салмағы 4 келіден асса, бағасы қымбатқа шығып кетеді. Сондықтан олардың 2-2,5 келі болғаны тиімді», – дейді кәсіпкер.
– Негізгі мамандығым мұғалім болғанмен, қазір жұмыссызбын. Үш балам бар. Тұңғышым биыл Орал «Мақсат» медицина колледжін бітірді. Қызым Абай атындағы ҚҰПУ-дың бірінші курсын аяқтады. Кіші балам денсаулығына байланысты үйден оқиды. Жолдасым қайтыс болды. Қазір осы кәсібім арқылы табыс тауып отырмын. Менің ойымша, құс өсіру – өте тиімді бизнес. Себебі мал бағу үшін қысы-жазы тұратын үлкен орын болуы керек. Оның азығын жинау, қора-қопсысын тазалау да оңай емес. Ал құс өсіру көп уақыт алмайды. Тек тамағын уақтылы беріп отыру керек. Әрине, қай жұмысқа да ынта-ықылас қажет қой, – дейді Анар Қуанышқалиқызы.
Кәсіпкер аумағы 3х3 құстың қорасын өзі сайлап алған. Олардың су ішетін ыдыстарын, басқа да қондырғыларын өзі орналастырыпты. Бұларды қалай жасағанын бейнежазбадан көріп, тәнті болдық. Құрқылтайдың ұясындай ғана қора құстардың құтты мекені іспеттес. Құстар тұратын сөрелерге керамикалық инфрақызыл шам мен ауареттегіш (терморегулятор) қойылған. Өйткені құсқа жылы да жайлы мекен керек. Мәселен, қыс мезгілінде тауық тұратын жердің температурасы 14 градустан, ал инкубатордан шыққан балапандардың орны 28 градустан түспеуі керек. Өте ыссы болса да зиян, себебі олар биттеп кетеді. Едені де жылы болғаны жөн. Саңғырықтары тез кеуіп, тазалауға жеңіл болады.
– Алдағы уақытта кәсібімді кеңейткім келеді. Жоспарым көп. Құс шаруашылығымен айналысатын ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін (АӨК) құру ойымда бар. Онда еңбекке жарамды мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуға болар еді. Айналамдағы қыз-келіншектер де осы бағытта бірлесіп еңбек еткісі келеді, – дейді кәсіпкер. Анар Қуанышқалиқызының қыс мезгілінде гидропоникамен шөп өсіруі де шаруаға икемділігінің бір қыры болса керек. Осылайша ақ бидайдан өсіп шыққан шөпті де құстарына азық етіп жүр. Кәсіпкердің тағы бір өнері – тамақ пісіру. Еттің нанын илеп, самса, пирог және басқа да тәтті-дәмділерді дайындап, сатады. Осылайша асүйдегі күнделікті жұмысы да табыс көзіне айналған. Осындай шаруа да шебер жан еңбегімен елге танылып келеді.
«Құс шаруашылығына грант берілмейді». Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан осындай жауап алдық. Аталмыш басқарманың мәліметінше, өңірді құс етімен қамтамасыз ету және құс етін импорттауды төмендету мақсатында жұмыс істеп тұрған құс фабрикаларының қуаттылығын кеңейту, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда. Айта кету керек, бүгінде батысқазақстандықтардың құс етіне деген сұранысы 73,3%-ға қамтылып отыр. Жетіспейтін ет мөлшері көршілес шетелдерден импортталуда. Ал өндірілетін жұмыртқа облыс тұрғындарына толықтай жеткілікті.
Қазір облыста 1 млн 514,6 мың құс тіркелген. Оның ішінде жеке қосалқы шаруашылықтарда 343,8 мың, шаруашылық құрылымдарында 1 млн 170,7 мың құс бар. Былтыр жыл қорытындысында өңірімізде 193,9 млн жұмыртқа, 12,0 мың тонна (тірілей салмақта) құс еті өндірілді.
Ясипа Рабаева,
zhaikpress.kz