Орал қаласында тірек-қимыл аппараты зақымданған мүмкіндігі шектеулі адамдар арасында үстел теннисінен өткен ел чемпионаты аяқталды.
Төрт күнге созылып, тартысты өткен сайыс шілденің 7-сі күні қорытындыланды. Жарыс нәтижесінде жалпы командалық есеп бойынша Атырау облысының үстел теннисі шеберлері 5 алтын, 2 күміс, 2 қола медальдарымен алға шығып, І орынды жеңіп алды.

Сондай-ақ павлодарлықтар 4 алтын, 1 күміс, 3 қоламен ІІ орынға ие болса, Нұр-Сұлтан қаласының командасы 3 алтын, 2 күміс медальмен ІІІ орынға жайғасты. Сонымен қатар батысқазақстандық спортшылар да табысты өнер көрсетті. Атап айтсақ, Гүлмира Батпақұлова командалық жарыста алтыннан алқа тағып, Қазақстан Республикасының спорт шебері атанды. Жанбол Ғалиев пен Нұралы Жақаналиев күміс жүлдеге іліксе, Азон Шаймарданов, Алексей Кириллин, Ақгүл Құдайбергенова, Гүлмира Жанғалиева қола жүлдегер атанды.
– Ел біріншілігі тағдыр талқысына мойымай, үстел теннисінен өнер көрсетіп жүрген спортшылардың шеберлігі шыңдалып жатқандығын көрсетті. Аталған чемпионаттың қорытындысына сәйкес Қазақстан құрамасы жасақталады, – деді БҚО мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының директоры Әскербек Нұрмұханов.
Аманжол Исламғали,
zhaikpress.kz