Сырым ауданына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева іссапармен келді. Партияның сайлауалды бағдарламасы бойынша «Жол картасы» шеңберінде Бұлан, Жамбыл, Алғабас ауылдарына жүргізіліп жатқан таза ауыз су құрылысы жұмысымен танысты.
Халыққа таза ауыз су таратылып отырған «Данил» нүктесінде «Сырым» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Тұрарбек Нұрғалиев судың «Қазсушар» компаниясы облыстық филиалынан 505 теңгемен сатып алынып, халыққа 274 теңгеден беріліп отырғанын айтты.
Бүгінде халыққа бір күнге 1000 текше метр су беріліп отыр. Бұл соманың айырмасын төлеу аудан бюджетіне оңай емес. Аудан әкімінің орынбасары Ерболат Ахметовтың мәлімдеуінше, бұл мәселеге орай Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитетіне су құбырын біздің ауданның теңгеріміне беру туралы хат жолданды, олар келісімін берді. Енді Орал қаласындағы «Қазсушар» компаниясы құжаттарын дайындау үстінде. Мәселе шешілгенше, екі ай уақыт өтеді, бұл аралықта ауданның суға бірнеше ондаған миллион берешегі ұлғая береді. Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева: «Осы түйінді шешу үшін менің атыма қызметтік хат жіберіңдер, жұмыстанатын боламын»,- деді.
Бұлан ауылына су құбырын тарту құрылысы қарқынды жүруде. Жобаның бас мердігері – «СМУ-Шығыс» ЖШС. Ауыл ішінде бір көшеге ғана су құбырын өткізу қалып тұр. Одан кейін Жамбыл ауылына жол тартады.
Алғабас ауылына ат басын тіреген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты мұнда да Алғабас, Қарағанды ауылдарына таза ауыз су тарту барысына қанықты. Су құбырының құрылысы үстіміздегі жылдың 18 сәуірінде басталды, желтоқсан айында аяқталады. Бас мердігер – «СМУ-Шығыс» ЖШС.
Снежанна Валерийқызы ауданда жер мәселесі, жер дауы қандай жағдайда екенін сұрады. Ерболат Әжмұханбетұлының айтуынша, соңғы екі жылда игерілмеген 140 мың гектар жер қайтарылды.
Алғабас ауылына 2020 жылы кіре беріс, ауылішілік жолдар салынды, су құбыры тартылып жатыр, енді тамыз айында ауылдық мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстары басталмақ.
– Біздің «Amanat»партиясының сайлауалды бағдарламасында айтылған жұмыстардың бірі – халыққа таза ауыз су беру, су құбырын тарту болатын. Бүгінде бұл жұмыстар Сырым ауданында қарқынды жүріп жатыр. Бес-алты жыл бұрын келгенімде, су мәселесі мұнда күрделі мәселе-тұғын. Партияның «Жол картасы» бойынша нысандарды бақылау, нендей мәселелері бар, қаражаттары жеткілікті ме, жұмыс тоқтаусыз жүргізіліп жатыр ма, мұның бәрін қадағалау – міндетіміз. Халықпен де жүздесіп, мұң-мұқтажын білдік. Жер мәселесі, жайылымдық жерлердің аздығы көпті мазалайтын сұрақ екенін аңғардық. Сырым ауданы судың бір текше метрін 505 теңгеден сатып алады екен. Ал, халықтың суға төлейтіні 30 теңге. 244 теңгеден осы айырмаға субсидия төленсе, қалған ақшаны тауып, төлеу жергілікті әкімдікке қиынға соғып тұр. Бұл мәселе бойынша министрлікпен бірге құжаттарын қарап, шешу жолдарын кеңесеміз.Қазір су алып отырған «Қазсушар» мекемесіне аудан берешек болып отыр. Мәселенің алдын алмасақ, «Қазсушар» су беруді тоқтатуы немесе сотқа беруі мүмкін, - дейді Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz