«Қыз Жібек» фильмін білмейтін қазақ кемде-кем. Тіпті әлемнің көптеген елінде экранға шығып, түрлі кинофестивальде оң бағасын алған өнер туындысы - қазақ кино тарихының алтын қорына енген шоқтығы биік көркем картина. Бұл фильмде махаббат оқиғасы ғана емес, ұлтымыздың терең тарихы мен таза болмысы көрсетілген. Сұлтан Қожықовтың режиссерлігімен түсірілген фильмде Қыз Жібектің даңқына қылау түсірмей, рөлін шебер сомдаған сол кездегі он жеті жасар актриса, бүгінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Меруерт Қаратайқызы Өтекешова туған жеріне келген болатын. Сол мүмкіндікті пайдаланып, қазақтың Қыз Жібегімен жүргізген сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.
– Қадірлі Меруерт Қаратайқызы, Оралға түрлі себеп-мұраттармен ат ізін суытпай келіп тұрасыз. Осы жолғы сапарыңыздың мақсаты мен бөленген әсеріңіз жайлы айтсаңыз.
–Әрине, туған жерге сағынышыңды арқалап келіп, ауасын жұту – зор қуаныш. Алайда көңілімдегі құлазуды да жасыра алмаймын. Себебі қайда да барсақ қосақтасып, қол ұстасып жүретін Құман ағаларыңыз жанымда жоқ. Жалғыз келдім. Биыл дүниеден озғанына бес жыл толады. Осыған байланысты өзімнің ұстазым – Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрында Құман Тастанбековты еске алуға арналған үлкен бір кеш өтті. Ол жерде керемет деректі фильм көрсетілді. «Қыз Жібек» фильміндегі әндер орындалды, камералық оркестрдың өнерін тамашаладық, бір сөзбен айтқанда, жоғары деңгейде болды. Дән ризамын. Менің сапарымның мақсаты – Құман ағамыздың еңбек жолын елге таныстыру. Ниет-жоспарымды Оралдан бастауды жөн көрдім. Алда еліміздің басқа да жерлеріне, әсіресе ауыл-аймақтарға барып, өнер тарланын дәріптемек ойым бар.
– Бастамаңыз оң болсын ендеше. Меруерт апай, елу жыл бойы экраннан түспеген «Қыз Жібек» фильмі туралы айта кетсеңіз.
– Бұл фильм әлі күнге дейін кеше ғана түсірілгендей экрандардан көрсетіліп келе жатыр. Мұның сыры неде дерсіз. Себебі бұл картинаға даңқты ірі дарындар үлес қосты. Сценарийін ғажайып жазушы Ғабит Мүсірепов жазды. Музыкасын жазған – атақты композитор Нұрғиса Тілендиев, суретші ретінде атсалысқан әйгілі Гүлфайруз Исмаилова болса, көреген режиссер Сұлтан Қожықов жанын сала еңбектеніп, аса білікті оператор Асхат Ашрапов таспаға түсірді. Әрбір кішкентай да болсын эпизодтар мен рөлдерге сол кездегі мықты деген актерлер таңдалып алынған еді. Осындай ұжымның арқасында туған ұлы туынды бұл. «Қыз Жібекті» бүгінге дейін Еуропа елдері де сүйсіне тамашалап келеді. Жақында бір израилдік дәрігермен сөйлескен едім. Сонда ол кісі осы фильмді көріп, қазақтың салт-дәстүріне, ұлтымыздың этикасы мен эстетикасына, жеріміздің, даламыздың сұлулығына таң-тамаша болғанын айтқаны бар.
– «Қыз Жібек» - уақыттың сынынан өткен кинотуынды. Алайда жас ұрпақ, күйбең тіршілік қамымен жүрген қоңырқай халық бұл фильм туралы білмеуі де таңғаларлық құбылыс емес. Мұндай терең фильмді жалпы жұртшылық білуі, көруі керек қой...
– Әрине, мұны дұрыс айтасың. Біз, яғни «Қыз Жібектің» түсірілім тобы, осы бағытта жұмыстанып жатырмыз. Әрине, ол ұжымнан мен және Асанәлі аға Әшімов, бұған қоса тағы екі-үш адам ғана қалдық. «Қыз Жібекке - 50 жыл» атты 40 минуттық документальды фильмнің дайын болуы жақын. Онда елімізге белгілі қоғам қайраткерлері мен өнер майталмандары сөйлейді. Фильмнің редакторы болған Олжас Сүлейменовтың да сөзін тыңдайсыздар. (Кезінде осы фильмге Асқар Сүлейменов те редакторлық еткен.) Деректі фильмнің алғашқы көрсетілімі Алматыда өтеді. Содан кейін Орал халқына да ұсынылатын болады. Бұған қоса түсірілім барысындағы фотосуреттерден, фрагменттерден топтастырып кітап-альбом жасап шықпақ ниетіміз бар. Бұл негізінен Құман ағамызға арналғанымен, ол жерде басқа да кино шеберлерінің өмірбаяны мен суреттері болады. Бұл бастама – біздің өнер алдындағы азаматтық парызымыз деп есептеймін.
-Сіз осы бағыңызды ашқан үлкен рөлге қалай келдіңіз?
– Ол кезде оныншы сыныпты енді ғана бітірген шағым. Кастингке келдім. Ол жерде ән айттым, өлең оқыдым. Әдеттегідей конкурс өтті. Менімен қатар кастингке қатысқан қыздар өте көп еді. Шамамен бес жүздей ару бақ сынапты. Олар бірінен-бірі өткен сұлу, бәрі де талантты-тұғын. Бағыма орай сол көп қыздың арасынан Қыз Жібектің жауапкершілікті талап ететін үлкен рөліне мен таңдалдым және жеті-сегіз қыз қосалқы рөлдерге алынды. Бәлкім, ол жерде өзіме сенімділігім мен киноға деген шексіз махаббатымның көмегі тиген шығар. Мен – өнер атаулыға алапат құштарлықпен қарайтын адаммын. Махаббатсыз, сенімсіз өнерде жетістікке жету мүмкін емес. Сол кезде кастингтің комиссиясында жоғарыда аталған түсірілім тобының мүшелері отырған еді. Алайда мен қорқыныштан ада болып, барлық тапсырмаларын батыл орындадым. Себебі тіс қаққан әділ қазылар бойымдағы қобылжу сезімін байқап қалса, менің үлкен кемшілігім болар ма еді. Қыз Жібекті сомдамаған да болар ма едім, кім білсін...
– Өзіңіздің сүйген жарыңыз Құман Тастанбековпен таныстығыңыз сол кезде басталды ма?
– Иә, Құман ағаларыңызбен алғаш рет сол кинокастингте жолықтық. Әрмен қарай танысып-білісіп, сыйластығымыз нығая берді. Сезіміміз ұлғая берді. Ол Төлегенді, мен Жібекті ойнадым дегендей... (өзі ала келген түсірілім кезіндегі фотосуреттерге қарап ойланып қалды).
– Сіз киномен қатар театр саласында да біраз қызмет еттіңіз. Қандай қойылымдарда, кімнің рөлін сомдадыңыз?
– М.Әуезов атындағы театрда М.Әуезовтың «Қарагөзінде» басты рөлді, «Еңлік-Кебегіндегі» Еңлікті, Т.Ахтановтың «Жоғалған досында» Ғайниді, Д.Исабековтың «Әпкесінде» Гауһарды, Ә. Әбішевтің «Кәусарында» Кәусарды, Н.Әбутәлиевтің «Өттің, дүниесінде» Ханшаны, А.Сүлейменовтың «Жетінші палатасында» медбикені, Ғ.Мүсіреповтың «Амангелдісінде» Бануды, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» Бәтестің анасын және басқа да рөлдерді сомдағаным бар.
–Қазіргі замандағы кино немесе театр саласында өзіңізге ізбасар деп санайтын талантты актрисалардан кімдерді айта аласыз?
– Бұл сұраққа нақты жауап бере алмаймын. Есімдерін атап шығуға болады, әрине. Бірақ бұған уақыт керек. Мен Нұр-Сұлтан қаласындағы Шабыт университетінде сабақ беремін. Сондағы оқитын студенттердің дарыны мені үнемі тәнті қылады. Яғни, болашақ жарқын. Оларға тек пісіп-жетілу қажет. Сонымен қатар қазақ өнерінің тарихындағы тұлғаларды зерттеп, еңбектері мен атқарған істерін біліп, өнер жолында қалай жанкешті болғандарын әрдайым естерінде ұстап, үлгі алса деймін. Тарихыңды түгендемей, шығармашылығың шыңдалмайды деп жиі айтамын.
– Актерлік жолға жаңа қадам басқан жастарға не айтасыз?
– «Адамгершілігің болмаса, актер бола алмайсың». Бұл сөзді Хадиша апайым үнемі тәрбие қылып айтып жүретін бізге. Қай өнердің саласында жүрсең де, адамдық пен жүрек тазалығы болуы керек. Онсыз өнер болмайды. Тағы да маңызды бір дүние бар. Ол шығармашылық адамының шаңырағының шайқалмауы. Отбасыдағы келісім мен түсіністік. Бұл сөзімді өнерлі отбасының отанасы ретінде айта аламын. Себебі жеке өміріңде жетіспеушілік болса, өнер жолыңда кесе-көлденең кедергі болады да тұрды.
– Сұхбат беруге келіскеніңіз үшін көптен-көп рақмет!
Сұхбаттасқан Нұртілеу Қадырқұл,