14.07.2022, 8:59
Оқылды: 625

Абысын-ажындар жарады!

Жуырда Нұр-Сұлтан қаласында «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің 1 жылдығына орай «Абысын-ажын» атты I республикалық байқау өткізілді.

7e22b937-5af5-4de1-afe3-f3fbd108d9f5

Байқауда еліміздің түкпір-түкпірінен келген қатысушылар арасынан біздің өңірден барған Сұлтанғалиевтер әулетінің келіндері 3-орынға ие болды.
Келіндердің мәлімдеуінше, жарыста олар ең әуелі өздерін таныстырған. Қатысушылардың бәрі тапсырмаларды тиянақты орындап, бар өнерін ортаға салған. Оралдық келіндер өздері жайлы ақпаратты көрініс арқылы жеткізген. Көріністі дайындауға Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі Нұргүл Жұбатова көмектескен.
– Жергілікті мамандар дайындаған келіндердің киімдері қатты ұнады. Дайындық кезінде келіндер жайлауға барып, бие сауып, күбі пісіп, сиыр сауып, құрт қайнатып, ішек-қарын тазалап, жүн түтті. Сахнада қосылып ән айтты. Біз соның бәрін таспаға түсірдік, – деді Нұргүл Өтемісқызы.
«Шебердің қолы алтын» кезеңінде алдын ала дайындалған тағам және қолөнер бұйымдары сынға түскен.
– Біздің келіндер «Үлпершек» дайындап апарған болатын. Бұл ұмытыла бастаған, малдың жүрегінен жасалатын тағам. Бұған қазылар алқасы оң бағасын берді. Үлкен келін шикі етті сахнаға алып шығып, көзін байлап жіберіп, еттің әр жілігін жіктеп айтып, малдың басын лезде екіге айырып берді. Көрермендер жақындап қарап, келіннің өнеріне тәнті болды. Үлкен және кіші жүкті келін әнші Майра Ілиясованың арнайы сыйлығын иеленді. «Өнерлі өрге жүзер» кезеңінде «Қазақ осы» және «Ақ Жайық – ару мекенім» әндерін домбырамен орындады. «Бабалар салған соқпақпен...» сұрақ-жауап аталымы да қызыққа толы болды. Бесінші кезеңде этно стильдегі ұлттық киімдер көрсетілді. Бізге қолдау білдірген облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовке, облыстық дизайнерлер қауымдастығына, «Мария», «Еркесылқым» сән үйлеріне, «Атамекен» өнер ордасы, Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония, облыстық ішкі саясат басқармасы ұжымдарына, жобадағы аналарға, аруларға алғысымыз шексіз, – деді «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша төрайымы Күләш Қуанышқалиева.
Байқау келесі жылы Маңғыстау облысында өткізілмек.
– 10 облыстың ішінен топ жарып, 3-орынды иелендік. Жарыс жоғары деңгейде өтті. Осындай қазақ қыздарына, аналарына, жалпы жастарға пайдасы бар байқаулардың көптеп ұйымдастырылғанын қалаймыз. Бізді сайысқа дайындаған жетекшіміз Күләш Қуатқызына рақмет! – деді Сұлтанғалиевтер әулетінің келіні Әйгерім Серікқызы.

Марлен Ғилымхан,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале