Мемлекеттік реттеудің күрделі салаларының бірі – мемлекеттік сатып алу жүйесі. Бүгінде осы саладағы ашықтықты қамтамасыз ету үшін аталмыш жүйе толықтай цифрландырылған. Облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Бибігүл Ниетқалиевамен кездесіп, осы жүйедегі өзгерістер жөнінде сұрап білген едік.
– Бибігүл Әбдіғалиқызы, мемлекеттік дербес бөлім, мекеме басшыларынан мемлекеттік сатып алу жүйесіне қатысты өкпе-ренішті жиі естиміз. Мұндай жағдай қандай факторларға байланысты қалыптасып отыр деп ойлайсыз?
– Мемлекеттік сатып алу жүйесі – өте күрделі және жауапты сала. Бюджет қаражатынан қаржыландырылатын мекеме-кәсіпорындардың қызметі мемлекеттік сатып алу үдерістерімен тығыз байланысты. Себебі мемлекеттік сатып алу үдерісі мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын әзірлеуді және бекітуді, өнім берушіні таңдауды және онымен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасуды, жасасқан шартты орындауды қамтиды. Аталған үдерістерді ұдайы қадағалап отыру қажет. Мемлекеттік сатып алу жүйесіне қатысты мемлекеттік мекеме басшыларының өкпе-реніші, біріншіден, «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңды және мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын жетік меңгермеуден туындайды. Ал заңнама талаптарын бұлжытпай орындау – мемлекеттік сатып алудың ең маңызды шарты. Бұған қоса, рәсімдік қателіктерге жол беретін қызметкерлер бар. Мемлекеттік сатып алу рәсімдері мемлекеттiк сатып алу веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Аталған веб-портал қолжетімді және ашық түрде жұмыс істейді. Онда пайдаланушыларға қажет нұсқаулықтар орналастырылған. Пайдаланушылар осы нұсқаулықтарды тиісті дәрежеде меңгермегендіктен де қателіктер орын алады.
Екіншіден, мемлекеттік сатып алу саласындағы мамандардың жетіспеушілігінен кемшіліктер кездесіп отыр. Себебі оқу орындарында мемлекеттік сатып алумен айналысатын арнайы мамандарды даярламайды. Мемлекеттік сатып алушы деген мамандық та жоқ. Қазір мемлекеттік сатып алумен айналысатын қызметкерлердің басым көпшілігі экономист, есепші, қаржыгер, заңгер мамандар. Дегенмен олар білімдерін арнайы ұйымдастырылатын семинарлар мен оқыту курстарында жетілдіріп отырады. Сонымен қатар олар мемлекеттік сатып алу барысында заңсыздықтарды болдырмау мақсатында басқармада тағылымдамадан өтеді. Мемлекеттік сатып алумен айналысатын мамандар ақылы курстарға да қатысып жүр. «Мемлекеттiк сатып алу туралы» заңды бұзған адам Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 207-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады.
– Мемлекеттік сатып алуға қатысты заңнамаларды өзгерту жөнінде көптен бері айтылып келеді. Осы бағытта өзгерістер бар ма?
– 2021 жылғы 15 қарашада «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу, жер қойнауын пайдаланушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуы, байланыс, автомобиль көлігі, қорғаныс және ғылымды қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Бұл заң биыл 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді. «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға енгізілген түзетулер бір көзден сатып алуды қысқартуға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған.
Бір көзден сатып алуды қысқарту барысында мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасудың 4 негізін алып тастады. Сатып алуды бәсекелестік тәсілдермен басым жүзеге асыру туралы талап белгіленген. Енді бір көзден сатып алу айрықша жағдайларда, мемлекеттік сатып алуды өзге де бәсекелестік тәсілдермен жүзеге асыру мүмкін болмаған кезде ғана жүзеге асырылады. Яғни бұл тәсіл конкурс, аукциондарда, баға ұсыныстарын сұрату және тауар биржаларында сатып алу мүмкін болмаған жағдайда қолданылады. Сондай-ақ тапсырыс берушінің бірінші басшылары бір көзден сатып алуды жүзеге асырғаны үшін жауапты болады.
Сонымен бірге электронды дүкен түріндегі сатып алудың жаңа тәсілі бар. Бұл тәсіл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту, өнім берушіні таңдаудың объективті және ашық өлшемшарттарын пайдалану мақсатында онлайн режімде тауар сатып алуға мүмкіндік береді. Сатып алуды жетілдіру шеңберінде негіздемелік келісімдерді (2022 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі), сондай-ақ өмірлік циклі құнын (2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) пайдалана отырып, конкурс түрінде сатып алудың жаңа тәсілдері көзделген.
– «Бір көзден сатып алу» дегенді қалай түсінуге болады?
– «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның 13-бабына сәйкес бір көзден алу – мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілдерінің бірі. Бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру негіздері жоғарыда атап өткен заңның 39-бабында көрсетілген. Аталған бапқа сүйенетін болсақ, бір көзден сатып алу екі түрге бөлінеді. Олардың әрқайсысында сатып алуға қажет негіздердің тізбесі бар. Біріншіден, бұл тәсіл мемлекеттік сатып алу өткізілмеді деп танылғанда қолданылады. Екіншіден, мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алуға болады.
Биылғы қаңтардың біріне дейін бір көзден сатып алу тәсілімен 100 АЕК-ға дейін тікелей тауар сатып алу мүмкін болды. Мысалы, бір басқарма жыл басындағы жоспарына сәйкес қағаз-қалам сатып алуы керек болды делік. Басқарма конкурсқа қатысқан үш өнім берушінің бағалық ұсыныстарын қарайтын. Олардың арасынан ең төмен баға ұсынған өнім берушімен келісімшартқа отыратын еді. Алайда бұл тәсілді тереңірек талқылап қарағанда, сыбайластық байланыс орын алуы мүмкін екені анықталды. Себебі тапсырыс беруші бір ғана өнім берушіге «бауыр басып қалып», жыл сайын сонымен ғана келісімшарт жасаса береді. Осылайша, өзара сөз байласу болуы мүмкін. Тіпті, бір көзден сатып алу бойынша 500 АЕК-ға дейін көрсетілетін қызметтер де, жұмыстар да болды. Биылдан бастап мұндай сатып алулар алынып тасталды. Биыл тек ауылдық округтер 3000 АЕК-ден бастап бір көзден сатып алу тәсілін қолдана алады.
– Негіздемелік келісімдер және өмірлік циклінің құны деген қандай тәсілдер?
– Негіздемелік келісімдерді пайдаланатын конкурс әлеуметтік сала ұйымдарын мемлекеттік сатып алуды өткізуден босатады. Бұл тәсіл бірыңғай ұйымдастырушылардың орталықтандырылған сатып алуы бойынша жүргізіледі. Сатып алудың бұл түрі үлгілік-техникалық ерекшеліктерді пайдалана отырып, белгілі бір стандартталған, жиі сатып алынатын тауарларға қолданылады. Өмірлік циклінің құны қолданылатын конкурс сапалы және инновациялық тауарларды сатып алуға бағытталған. Сатып алудың осы тәсілін қолданғанда өнім берушіні таңдау сатып алу (бастапқы) бағасының негізінде емес, тауардың бүкіл қызмет ету мерзімінің (өмірлік циклінің) құны бойынша жүзеге асырылады. Аталған жаңашылдықтар мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында егжей-тегжейлі реттелген.
Қазіргі уақытта Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алу жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында мүдделі мемлекеттік құрылымдармен, «Атамекен» ҰКП-мен және бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, сатып алудың бизнес-үдерістерін қайта қарау, бір көзден сатып алуды қысқарту, нарықты монополияландыруды алып тастау, сондай-ақ тапсырыс берушілер тарапынан жоғары талаптарды белгілеу деректерін болдырмау бағытындағы мәселелерді пысықтап жатыр. Қабылданып жатқан шаралар мемлекеттік сатып алулардың қолжетімді болуына, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік береді.
Сөз реті келгенде мына бір мәселеге тоқталып өтсем деймін. Қазір мемлекеттік сатып алу бойынша құрылыс саласындағы тапсырыстарды жергілікті кәсіпорын-компанияларға беру жөнінде жиі айтылып жүр. Бұл мәселені өңірдегі құрылыс компаниялары, техникалық қадағалаушылар көтеріп келеді. Өйткені конкурстық сатып алу кезінде өзге өңірдің кәсіпорын-компаниялары жеңімпаз болып жүр. Әрине, бұл заңға қайшы емес. Десек те, бір өзгерістер керек. Бұл мәселе ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нариман Төреғалиевтің бастамасымен ҚР Қаржы министрлігі, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті уәкілдерінің, облыстық мәслихат депутаттарының қатысуымен өткен жиналыста сөз болды. Жиналыста құрылыста инжинирингтік қызметтер көрсетумен айналысатын кәсіпорындар мен жергілікті құрылыс компаниялары қатысатын мемлекеттік сатып алу үдерісінде жеңімпазды анықтау өлшемшарттарына өзгерістер енгізу, жергілікті өнім берушілерге қолдау көрсету мүмкіндігін қарастыру жөнінде айтылды. Тапсырыс берушінің орналасқан жеріндегі мердігер ұйымдардың мемлекеттік сатып алуларға қатысуын ынталандыру, салық түсімдерін арттыру, тиісті аумақтық бірлікте жергілікті халықты жұмыспен қамту, облыстың әлеуметтік-экономикалық даму серпініне оң ықпал ету мақсатында конкурстық баға ұсынысына әсер ететін жаңа өлшемшартты енгізу талқыланды. Аталған ұсыныстар уәкілетті құрылымға жолданды. Біздің басқарма да құзырлы құрылымға өңірде тіркеуде тұрған техникалық бақылаушылар мен құрылыс компанияларына қосымша балл беріп, өзіміздің облыста жұмыс істеуі жөніндегі ұсынысын жеткізді.
– Биыл 1 шілдеден бастап мемлекеттік сатып алу конкурсында рейтингтік-балдық жүйе қолданылады. Осы тәсілге кеңірек тоқталып өтсеңіз. Бұл тәсіл несімен тиімді?
– Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту шеңберінде рейтингтік-балдық жүйені пайдалана отырып, конкурс түрінде сатып алудың жаңа тәсілі енгізілді. Бұл тәсіл құрылыс-монтаждау және жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу бойынша жұмыстарды сатып алуда қолданылады. Сатып алудың бұл тәсілін қолданған кезде өнім берушіні конкурстық комиссия таңдамайды. Комиссия бұрынғыдай олардың өтінімдерін қарастырып, жұмыс тәжірибесін санап отырмайды. Конкурсқа тек өтінім берген әлеуетті өнім берушілер қатысады. Мемлекеттік сатып алу веб-порталы конкурс жеңімпазын кең ауқымды интеграция арқылы тиісті ақпараттық жүйелердегі ол туралы деректердің негізінде автоматты түрде айқындайды. Мысалы, мемлекеттік кірістер құрылымдарының жүйесі, электронды депозитарий, заңды және жеке тұлғалардың деректер базасы, борышкерлер тізілімі және т.б. бар. Конкурстың нысанасына сәйкес жұмыс тәжірибесі бар, қаржылық тұрақтылығының көрсеткіші жоғары және басқа да жоғары көрсеткішке ие өнім беруші автоматты түрде конкурс жеңімпазы болып айқындалады.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Ясипа Рабаева,
zhaikpress.kz