Халық ауыз әдебиетінің қайнар көзі – айтыс. Ал айтыс өнерінің мәңгі салтанат құруына себепкер – айтыс ақындары. Қазақ айтысы тарихында аты алты алашқа мәлім айтыскер ақын Александр Қауеновтің алар орны ерекше.
Айтыс ақыны Александр Қауенов 1952 жылы 20 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданында дүниеге келген.
1970 жылы Қалдығайты орта мектебін бітірген соң әскери борышын өтеп, 1976 жылы Орал ауыл шаруашылығы техникумынан мал дәрігері мамандығын алып шығады.
Алғаш еңбек жолын 1978 жылы Қоскөл совхозында бөлімше зоотехнигі қызметінен бастайды.
1988 жылдан бастап Кәсіподақ комитетінің төрағасы, азаматтық қорғаныс штабы бастығы, мәдениет үйінің директоры лауазымдарын атқарады.
Александр Қауенов бала күнінен бастап өлең жаза бастаған. Әкесі күй тартып, өлең жазған.
Александр ағамыз 1982 жылы наурыз айында өткен аудандық ақындар айтысында егіндікөлдік ақын Дінекеш Айтжановпен алғаш айтысқа түскен. Аталмыш айтыста жүлделі I орын алып, «Аудан ақыны» атағына ие болып, облысқа жолдама алады. Облыстық айтыста тайпақтық Лесбай Балгариннен басым түсіп, облыс ақыны атанып, республикалық айтыста ақтөбелік Нұрлыбек Қалауовпен айтысып, жеңіске жетеді.
Александр Қауенов көптеген республикалық, облыстық айтыстарға қатысып, жүлдегер атанды.
Соның ішінде 1984 жылы халық ақыны Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысы, 1985 жылы Қостанай облысы, 1986 жылы Қызылорда облысындағы республикалық телевизиялық ақындар айтысында үздік шығып, арнайы сыйлықты жеңіп алды.
Ұлы Қазан төңкерісінің 70 жылдығына арналған облыстық ақындар айтысында жоғарғы дәрежеде өнер көрсетті. Осы айтулы мерекеде Алматы қаласындағы Орал облысы күндерінің шымылдығын ақын Шолпан Қыдырниязова екеуі жырмен ашты.
Алғаш рет «Қайдасың, Шынар» повесін жазған, «Сарғайған жапырақтар», «Тау гүлі», «Күт мені», т.б. әндері жарық көрді.
1986 жылы Павлодар қаласында Қонысбай Әбілов, Әсия Беркенова, Әселхан Қалыбекова, Баянғали Әлімжановтармен бірге жас ақындар даярлап, он бес күндік семинар өткізді.
1987 жылы облыс басшылары делегация құрамында 15 адам Астрахань қаласында «Қазақ мәдениеті» орталығының ашылу салтанатына қатысып, Әбіш Кекілбаевтың алдында тойға шашуын арнады.
Александр Қауенов өнер жолында Әсия Беркенова, Баянғали Әлімжанов, Нұрлыбек Қалауов, Әселхан Қалыбекова, Кенжеғали Балабасов, Қатимолла Бердіғалиев, Дариға Мұштанова, Бибігүл Жаппасбаева, Сембай Жансақов, Күнжамал Үдербаева, Ботагөз Құрмашева, Жүниба Қарасаева сынды ақындармен сынға түсті.
Александр ағамыздың айтыс өнеріне сіңірген өлшеусіз еңбегі алтын қорда күні бүгінге дейін сақтаулы.
Бірнеше мәрте республикалық айтыстарда Батыс Қазақстан аймағының намысын қорғаған рухы асқақ ақынның айтыста айтқан оралымды ойлары мен қағытпа қалжыңдары, астарлы әзілдері ел аузында.
Республикаға танымал ақындардың біразымен сөз додасына түскен ақынның айтысу мәдениетін көзі тірі замандастары сағынышпен еске алып айтады.
2000 жылдары республикалық «Егемен Қазақстан» газеті бетінде белгілі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков айтыс туралы көлемді мақала жариялап, аталмыш жазбада қасиетті Қаратөбе өңірінен түлеп ұшқан айтыс ақыны Александр Қауеновтің ақындық өнеріне жоғары баға берген болатын. Бұл дегеніңіз – Александр ақын өнеріне әдебиетшілер тарапынан берілген оң баға.
Ал жаңақалалық мұғалім Бауыржан Қадырқұлов: «Айтыс ақыны Александр Қауеновпен 2000-ыншы жылдары Сүлейменов Сайлау ағай, Шарабасов Серік ағай, тағы бір полковник, сосын филармонияның әншісі бар (есімдерін ұмытып қалдым) — бәріміз Орал қаласындағы «Қарлығаш» кафесінде «сыралатып» отырғанымыз бар. Ағайдың мықты ақын екендігін сол сәтте байқадым. Отырған бәрімізге табанасты бір-екі шумақтан суырып салып өлең шығарғаны есімде… Өзі де сондай ақ көңіл, ортаның адамы екен. Мен ағаға бірден бауыр басып кеттім.
Кейін қайтыс болды деп естідім, жатқан жері жарық болсын!» - деп сағынышпен еске алады.
Александр Қауенов – іздеушісі бар ақын. Анабір жылдары ақынның өлеңдерін жинақтап, «Жыр арнадым» атауымен өлеңдерін шығарған айтыскер ақын Шолпан апа Қыдырниязованың еңбегін айтпай кетуге болмас.
Орал қаласындағы Қадыр орталығында өткен Ертай Бимұхановтың жыр кешінде жас айтыскер ақын Орынбек Меңдіқұлға «Александр Қауенов атындағы біржолғы стипендия» тағайындалған болатын.
Әрине, мұның бәрі түсінген адамға ақын есімін өлтірмеу, келешек ұрпаққа ұлықтау.
Ал ертеңгі күні аудан орталығында Батыс ақындарының қолбасшысы Бауыржан Халиолланың бастамасымен өткелі отырған аламан айтыстың орны ерекше.
Аз ғана ғұмырында соңғыға өшпес із қалдырған Александр Қауеновтің ізін Талап Таймасұлы, Жандос Әмірғали, Ерік Бақтығалиев сынды қаратөбелік ақындар легі жалғастырды. Бұл өміршең өлеңнің мәңгі екендігін көрсетеді.
Ардақты ағамыздың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында туған ауылында ақынға ескерткіш бюст орнату, көше атауын беру, мектеп ішінен музей ашу сынды істерді жүзеге асыру – алдағы уақытта жүзеге асырылар шаруалардың бірі деп ойлаймын.
Ертай Бимұханов,
Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі
Орал қаласы