19.07.2022, 11:31
Оқылды: 213

Жайдарлы жазғы демалыс

Биыл Казталов ауданында «Ақпәтер» және «Ақкөл» жазғы лагерьлерінде балалар демалысын тиімді өткізуде. Қазіргі таңда қос лагерьде де V кезең жұмысын бастап, 60 оқушы демалып жатыр. Олар лагерьде тек демалып қана қоймай, әр күні әртүрлі қызықты сәттерді басынан өткереді.

5

– Лагерьде қазіргі таңда 30 оқушы демалып жатыр. Олардың уақытының тиімді өтуі үшін жеті күн ішінде түрлі іс-шара ұйымдастырып тұрамыз. Мәселен, алғашқы күні балалар лагерь жұмысымен танысып, топқа бөлінеді. Келесі күні лагерьдің кезекті кезеңінің демалушылары үшін ашылу салтанаты өтіп, балаларға арналған спорттық жарыстар ұйымдастырылып, медбике денсаулық туралы баяндама оқып, берілген тапсырмалар арқылы қолөнермен айналысады. Жас демалушыларымыз үшін пікірсайыс, эстафеталық жарыстар, туризм бағытындағы іс-шаралар ұйымдастырылып, балаларды ауданымыздың белгілі тарихи-өлкетану музейлеріне апарып, тарихи жәдігерлермен таныстырамыз және олар суретшілер, «Лагерь ханзадасы мен ханшасы» байқауында бақ сынап, қазақтың шешендік өнерін насихаттауға арналған дөңгелек үстелге қатысады. Сондай-ақ аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың Жалпақтал ауылындағы бөлімінде балалар үшін арнайы фильм көрсетіледі. Балалар табиғат аясында серуендеп, челленджге қатысып, зияткерлік ойындар ойнап, ауданымыздың, еліміздің танымал тұлғаларымен кездеседі. Сонымен қатар «Оқуға құштар мектеп» бағдарламасы аясында жас жеткіншектер аудандық кітапханада өздері қалаған кітаптарын оқып, әсерін бөліседі, – деді «Ақкөл» жазғы демалыс лагерінің меңгерушісі Орынбасар Бигалиев.

6

Лагерьлерде арнайы бағдарламадан бөлек, балалар бассейнге шомылып, бес мезгіл тамақ ішіп, күн сайын кешкілік сазды кешке қатысады. Лагерь демалушылары қызықты сәттерін баяндап, демалыстарының керемет өтіп жатқаны жөнінде әсерін бөлісті.

– Мен – Ғ.Молдашев атындағы орта мектептің оқушысымын. Ақпәтер жазғы лагеріне екінші мәрте келуім. Оқу жылы аяқталар тұста, лагерьге қабылдау басталған уақытта қызығушылық танытатын жанның бірімін. Себебі лагерьде жаңа орта тауып, жаңа достарымызбен уақытты тиімді әрі көңілді өткіземіз. Мұнда бассейнге шомылып, заманауи ойын құрылғысы PlayStation арқылы қалаған ойынымызды ойнаймыз. Сонымен қатар таза ауада серуендеп, табиғат аясында демаламыз. Лагерьдегі сәттер – ұмытылмас кезең. Біздің жанымыздағы ұстаздарымыз да, аспаздар да, тазалығымызды қамтамасыз ететін жандар да өте мейірімді әрі қамқор. Демалыс орнында өз үйімізде жүргендей әсерде боламыз. Өз уақытымды тиімді өткізуге мүмкіндік берген жандарға, лагерь ұжымына шексіз алғысымды білдіремін, – деді жас демалушы Айкүн Серікқалиқызы.

7

 

Балалардың жазғы демалыс лагерьлерінің жұмысымен танысып, балалармен тілдестік. Барлығы да лагерьде қала берсек екен деген тілегін жеткізді. Олар үшін жеті күн аз уақыт болғанымен, ой-өрісі дамып, танымы артып, қоршаған ортаға тез бейімделетін өмірдегі алғашқы баспалдақтары. Бұл ретте балалардың алаңсыз демалысы мен қауіпсіздігіне жауапты ұйымдар мен ұстаздардың еңбегі ерен екені хақ. Балалық шақтың балғын дәмін сезініп, қызығушылығы артқан жас буынға біз де сүйсініп, өз ойымызды бөлісіп, шеберлік сағатын өткіздік. Балалардың шат күлкісі, қойған сауалдарының мазмұны сүйсінтіп, жігерлендірді десек, артық айтқанымыз емес. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ауданымыздағы балаларға арналған демалыс орындарында қолайлы жағдай жасалған.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале