«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Батыс Қазақстан облыстық филиалының жұмысымен танысу мақсатында Орал қаласындағы Мұхит көшесі, 78-үй мекенжайында орналасқан кеңсеге бас сұқтық. Жұмыс әдеттегідей 9:00-де басталып, мамандар сол бойда-ақ компьютерлерін іске қосып, қала тұрғындарына қызмет көрсетуге сақадай сайланып алды. Бізді филиал директорының орынбасары Гүлмира Рашева қарсы алып, қайнаған жұмыстың ортасына енгізіп жіберді.
– Біздің филиалда 4 бөлім бар. Жалпы саны 47 маман жүйелі жұмыс жүргізуде. 37 қызметкер облыс орталығындағы кеңседе, қалғандары аудандарда. Олардың бәрі де жоғары білімді, тәжірибелі,– деген Гүлмира Серікқызының сөзінен кейін филиалдың барлық қызмет көрсету, бақылау және операциялық бөлімдерін жеке-жеке аралап, жұмыс барысымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алдық...
Жарна неге уақтылы аударылмайды?
Сауалымызды алдымен қызмет көрсету бөлімінің басшысы Шара Қалибековаға қойдық. Алты маман жұмыс істейтін бұл бөлім қала ішіндегі мекемелерге, облыс орталығынан шалғайда жатқан ауылдық округтерге барып, Қор қызметін жан-жақты түсіндіріп жүр екен. «Мобильді кеңсе» арқылы біраз тұрғынмен байланыс орнатқан. 5 ай көлемінде 36 елді мекенге барып, 7216 адамға кеңес берген.
Бүгінде бөлім мамандары аудандарға кезекпен сапар шегіп, нақты нәтижеге қол жеткізуде. Бөлімнің бас маманы Татьяна Князкина мен жетекші маман Айымгүл Иманбекованың іссапармен Бәйтерек ауданы аумағында жүргенін естіп, дереу оларға қоңырау шалдық. Бір-екі мәрте қоңырау соққанымызда олардың телефондары байланыс аясынан тыс жерде болғанымен, көп ұзамай кері хабарласты.
– Бәйтерек ауданына сапарымыз 7 шілде күні басталды. Көшім, Сұлукөл, Январцев ауылдарына бардық. Бүгін Шалғай ауылындамыз. Ауылдық округ әкімдігіне, мектепке, балабақшаға бас сұғып, тұрғындардың сауал-сұрағына жауап қаттық. 80-ге жуық тұрғынмен жүздестік. Біздің қызметке көбіне зейнеткерлер жүгінді. Кейбір тұрғындар зейнетақы жарнасының қорға уақтылы аударылмайтынын жеткізді. Оның себеп-салдарын анықтауға тырысудамыз. Қазір әкімшіліктеміз. Ертең Егіндібұлаққа баруды жоспарлап отырмыз. Түсіндірме жұмыстарын жүргізген мекемелерді өзіміз тіркеп отырамыз. Бізге ауыл әкімі Гүлзада Бөлекова қолдау білдіруде. Сапарымыз 15 шілдеге дейін жалғасады, – дейді Татьяна Григоревна. Өкінішке орай, ұялы байланыс нашарлап, бас маманмен ұзақ сөйлесе алмадық. Алайда ол осындай ауқымды ақпаратты қысқа уақытта айтып үлгерді.
– Баратын бағытымыз алдын ала бекітіледі. Сапарға кеткен көліктерге GPS орнатылған. Тұрғындардың электронды қызметті пайдалануға да мүмкіндігі бар. Бұйырса, 18-22 шілде аралығында бөлімнің жетекші мамандары – Ерлан Тінкешев пен Арман Сағынбаев Казталов ауданы аумағындағы ауылдық округтерді аралайтын болады, – деп Шара Қалибекова шалғай елді мекендер туралы әңгімені жалғап әкетті.
Жалпы «Мобильді кеңсе» Қор тұтынушыларының деректемелерін өзгерту, толықтыру туралы өтінішті және ақпараттандыру әдісін өзгерту (анықтау) туралы келісімді тіркейді.
Сұраныстар көбеюде
Бөлім басшысы мен екі бас маман отыратын бақылау бөлімінің шағын кабинетінде үлкен-үлкен мәселелер талқыланады екен. Сондай бір сәттің үстінен түстім. Бас маман Айгүл Рахиеваның айтуынша, филиалға көршілес мемлекеттерден сұраныстар көптеп келуде. Өздері соған жауап дайындап жатқан көрінеді.
– Ресейден бүгін ғана Қазақстанда жұмыс істеген жылдардағы еңбек өтілдеріне байланысты бірнеше сұраныс түсті. Біз 15 сұранысқа жауап жолдап үлгердік. Осы салада жұмыс істеп жатқаныма 8 жылдай уақыт болды.
2017 жылға дейін тікелей төлемдерді бақылаумен айналыстық. Жұмыс барысында түрлі себептермен төлемдердің Қорға кері қайтарылған сәттері де болды. Бүгін сондай екі жағдай орын алды. Біз салымшы-алушыларға тез арада хабарласып, өтініш жазу керектігін жеткіздік, – деді Айгүл Самидоллақызы.
Салымшыларға – сапалы қызмет!
– Аудандарды қоса айтар болсақ, операциялық бөлімде 24 маман бар. Сағат 17:00-ге дейін біз 100-ге жуық салымшымен жұмыс жасап үлгердік. Көбіне орта жастағы адамдар келуде. Үзінді көшірме алу, деректемелерін өзгерту, анықтама алу, кеңес алу бойынша сұрақтар көп болды, – дейді бас маман Айымжан Ихсанова.
Қызметкерлер кезекпен кезекшілікке шығып, салымшыларды қарсы алып тұрды. Олардың айтуынша, бүгін емделу үшін Қордағы ақшаны алуға ниет еткендер көп болған. Байланыс орталығына келіп түскен қоңырауларға жауап беріп отырған бөлім мамандары - Айнұр Құсайынова мен Салтанат Бикенова күні бойы 50-ге жуық тұрғынға кеңес бергендерін айтты.
Бұдан бөлек мамандар архив жасақтаумен, 1 күн ішінде аяқтала қоймайтын жоспарлы жұмыстармен шұғылданған. Салымшыларды сайтқа тіркеу және оларға телефон қосымшасын қолдануды үйрету секілді жұмыстармен де осы бөлім мамандары айналысып жатты.
– Жаңа жұмыс тауып, зейнетақы қорынан шот ашу керек болды. Сол мақсатта осы мекемеге келдім. Мамандардың біліктілігінің арқасында шаруам жедел шешілді.
15-20 минут ішінде басқа да сұрақтарыма жауап алдым. Қор қызметкерлеріне дән ризамын, – дейді Орал қаласының тұрғыны Тимур Бозов.
Біз кезекте тұрғандармен, жұмысы бітіп, мекемеден шығып бара жатқандармен тілдесуге талпынып едік, бірен-сараны ыңғай білдірмеді. Кейбірі жеке мәселелерін жария қылғысы келмейтіндерін айтты. Алайда салымшылардың көпшілігі филиал мамандарының зейнетақы қоры жайындағы мағлұматты жақсы түсіндіріп, сапалы қызмет көрсеткендерін жеткізді.
Атап өтетін жаңалықтың бірі, зейнетақы қызметтерін көрсетуді жақсарту мақсатында БЖЗҚ жарналарды аударуды жеңілдететін «Заңды тұлғалар кабинеті» жобасын іске қосқан. Бұл жоба жарна төлемдерін жүзеге асыруға, өңдеуге және басып шығаруға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын аударуы қызметкермен арадағы еңбек шарты жасасқан сәттен бастап жүзеге асырылады.
Осылайша, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Батыс Қазақстан облыстық филиалындағы бір жұмыс күні де жылыстап өте шықты... Сегіз сағат ішінде біраз шаруа, бірқатар мәселе шешіліп, кеңсеге келген көп адамның көңілі жайланды. Қор мамандары қызмет көрсету барысында тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыруға да баса назар аударды. Олардың мәлімдеуінше, зейнетке шыққаннан кейін тұрмыс түйткілдеріне алаңдамай өмір сүруді қалайтын жандар ай сайынғы жарналарының тұрақты әрі қомақты мөлшерде аударылуын бүгіннен бастап мұқият қадағалаулары қажет.
Марлен Ғилымхан,
zhaikpress.kz