Ақбөбек Самиғоллиева Круглоозерный жалпы орта білім беретін мектебінде 10-сыныпта оқиды. Ол сегіз қырлы, бір сырлы. Вокал, би, домбыра, гитара, волейбол үйірмелеріне қатысады. Өз-өзін жан-жақты дамыту үшін көп ізденеді.

– 6-7 жасымнан бастап әкем мені түрлі үйірмеге жаздырды. Жетектеп жүріп қатыстырды десем де болады. Алдымен биге берді. Кейін домбыра әперді. Менің аспаптарды үйренуге деген қызығушылығым сол сәттерде басталды. Сахнаға шығып, кішкентай ғана өнер адамы атандым. Осылайша, әкем мені ғажайып ән әлеміне енгізіп жіберді, – дейді Ақбөбек Асланқызы.
Бүгінде ол түрлі жанрдағы әндерді айтады. Гитарамен орындалатын лирикалық әндер жанына жақын. Қашанда жанды дауыста шырқайды. Ол «Ән айтсаң, жаныңды жеп айт» дейтіндердің қатарынан. Осы кезге дейін үйренген аспаптарын кезекпен ойнағанды ұнатады. Гитара тартып, домбыра шертеді. Бос уақытының көп бөлігін аспаптарды үйренуге арнайды. Қалалық, облыстық деңгейдегі байқауларға қатысып, талай мәрте жүлде иеленді. Алдағы уақытта республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарып, әнші, актриса ретінде танылып, өнер қазанында қайнағысы келеді.
– Мен қазір 15 жастамын. Жоспарым өте көп. Әрине, адамның емес, Құдайдың қалауы болады ғой. Фортепианоны үйренуге талпынып жүрмін. Актерлік шеберлікті дамыту мақсатында да жұмыстанудамын. Менің талабымды ұштаған ауылымызда орналасқан «Шұғыла» балалар аула клубы. Клуб жанынан құрылған «Қазына» вокалды әжелер ансамблінің музыка сүйемелдеушісі Темірболат Хамитұлы домбыра, гитара, балалайка, баян, мандалина сынды аспаптарды үйретті. Гитара өзіме аса қатты ұнайды. Жеке дауыста ән айтуға ыңғайлы. Бірнеше аспапты үйреніп алған мені достарым «бесаспап қыз» деп атап кетті. Өнер жанға ізгілік нәрін себеді. Оның ешқандай жаттығы жоқ. Бойыма бірнеше өнерді сыйғызып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленсем екен, – дейді кейіпкеріміз.
Марлен Ғилымхан,
zhaikpress.kz