26.07.2022, 11:46
Оқылды: 89

Әннің де естісі бар, есері бар...

«Қазақ тілі бабамың тілі, баламның тілі

Тілім барда адаммын тірі

Қазақ тілі - анамның тілі, әкемнің тілі!

Оны білмеу маған күлкілі»

Бір ғана шумақ ана тіліміздің мәртебесін көрсетіп тұрғандай. Бүгінде тіл мәселесі өзекті болғанымен, алға қарай жылжу жоқ. Керісінше, ана тілімізді мазақ ететін кереғар пікір тудыратын жайттар көбейіп кетті. Айталық, қазақтың даласы қашанда әнмен әрленіп, күймен тербелген. Сайын даланың жезтаңдай әншілері, нар идірген күйшілері халықтың мұңы мен қуанышын ән ғып айтып, жырлады. Бүгінде ше, бүгінде «Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін» дегеннің кейіпін киіп, музыкасы ырғақты болса болды, сөзінде іліп алар мән жоқ, боқтық, лас әндер толып кетті. Адамның миын улайтын әндерді ән деп айтуға да келмес.

9293280_0_113_1920_1193_2072x0_60_0_0_4a8712b68618419d0fa1bdcd8688de81

Суреттің дереккөзі: sputnik.kz

Поэзияны сүйетін адам ретінде өз басым алдымен әннің сөзіне мән беремін. Сөз ұнамаса ондай әндерді тыңдамай, елемеуге тырысам. Қайтерсің, қандай болса да ол ән шықты, тыңдарманға жол тартты. Талғамға талас жоқ. Десе де, жақында ғана шыққан «Ұйқым келмейді» әні, сөзінде мәні жоқ әндердің жарыққа шықпауына түрткі болса екен деп ойладым. Мейлі заң қабылдансын, мейлі арнайы комиссия құрылсын. Бірақ ана тілімізді қор қылатын мұндай әндердің шығуына жол бермеу керек, деген ой бар. Әнге келсек... Әннің қисынсыз жазылған сөзіне қоғамда пікір екіге бөлінді. Бірі әншінің орыс тілді екенін айтып ақтап жатса, енді бірі әуеніне жоғары баға берді. Ал сөз ұғатын, ана тілімізді құрметтейтін жандар, тілімізді тікелей қорлау деп бағамдады.

Жақсы, өнерден алшақтау жандар әннің мағынасын түсінбеген шығар. Біреулер қызыққа тындады делік, әйтеуір осы ән бұрынғы әндерден өзгерек, жылдамырақ хит болды, осылай орындаушысы да тез танылды.

Талай сахнада жүрген өнер иелерінің де пікірін екіге бөлген ән туралы біздің Бөрлі ауданының әншілері не дейді, назар салайық!

-Халықтың алдында өнер көрсетіп жүргеннен кейін, менде өз пікірімді білдіре кеткім келеді. Күні кеше жарық көрген, қазір интернет желісін шулатып жатқан ән - «Ұйқым келмейді» әні. Бұл әнді өте арзан деп бағалаймын. Негізі оны әрі қарай шарықтау шегіне жеткізіп, әншіні де, әнді де танымал қылып жатқан жалпы халық, яғни өзіміз. Өзіміз жарнамалап жатырмыз, түрлі-түрлі жобаларға шақырып, сұқбат алып жатыр. Меніңше мұндай арзан дүниелерді елемеген дұрыс деп ойлаймын. Себебі, бұл алдымен тілді қорлау деп түсінем. Иә, бұл кісіні жақтайтындар да табылып жатыр. Ал даттайтындардың да саны жетерлік. Ол, әрине, көреалмаушылық емес. Ал әннің көгілдір экранға шығуына теледидар басшылығы ықпал жасап отыр деп ойлаймын. Бұл жерде ақшаның күші жеңіп кетті. Әнде не мән-мағына да жоқ, өте ұятты ән. Негізінен қазір ән де әнші де, композитор да көп. Бірақ саны көп болғанымен сапасы аз. Бірақ қазақ вальсінің королі Шәмші атамыздың әндеріндей ғұмыры ұзақ ән жазатын композиторлар аз бүгінде. Мына әнді тыңдағанда мен, алдымен, бір-бірімен әзілдесіп отырып шығарған ән ба деп ойлап қалдым. Қалай болғанда да өз басым бұл әнге ең арзан, ең төмен деген баға берер едім. Жалпы бұл ән менің табиғатыма келмейді. Мен әннің мән-мағынасына көп көңіл бөледі екенмін. Өкінішке орай, бұл ән халықтың сұранысы болып отыр, - дейді аудандық демалу орталығының әншісі Гүлсезім Қуанышқалиева.

Жақсы, бұл - жастардың пікірі. Ал өнер жолында 35 жыл жүрген өңіріміздің жезтаңдай әншісі, аудандық демалу орталығының домбырашысы және "Назқоңыр" фольклорлық ансамблінің әншісі Жаңыл Чугирова болса,

-Әннің мәні де, мағынасы да жоқ екен. Осындай татымы жоқ әндерді қалай эфирге шығарады екен. Мен "Той думан" арнасына көрдім. Өкінішке орай соңғы кезде осындай сұрықсыз әндер көбейіп кетті. Әрине, барлығына бірдей топырақ шашуға болмайды. Дегенмен көп әндерде мағына жоқ, сөздерінде ұйқас жоқ. Соңғы кездегі көп әндердің сөздерін жаттай алмайсың, әуені есте дұрыс сақталмайды. Шіркін, бұрынғы 60-80 жылдарда шыққан әндер қандай керемет десеңізші! Ақпарат, мәдениет министрлігі әрбір әнді, шығармаларды қадағалап, сүзгіден өткізіп отырса құп болар еді. Бұрын мен Орал облыстық филармониясында әнші болып қызмет атқарғанымда көркемдік кеңес болатын еді. Комиссия барлық концерттік бағдарламаны қарап, қорытынды жасайтын еді. Сын айтады, мақтайды. Осындай көркемдік кеңестен өтіп барып эфирге шығарылу керек деп ойлаймын. Қазір екінің бірі әнші, ақын, композитор боп кеткен заман болып тұр, өкінішке орай, - деп, өз пікірін білдірді.

Мәселе тек әнде емес, әннің сөзінде, яғни қазақ тілінің қор болуында болып отыр.

Жеңіл-желпі ән қалай шықты, солай тыңдалмай қалады. Ғұмыры қысқа. Қалам ұстағанның бәрі «ақын» болған заманда шексіз бай, шұрайлы, тегеуріні мықты тіліміздің мәртебесі жоғары болу керек. Әр адам ана тілін көздің қарашығындай қорғауға, оның тазалығын сақтауға тиіс.

Мына бір қызықты қараңыз.

Арнұр Шәкеров деген жас жігіттің «Четкий менің братым» деген әні шығыпты. Бастысы әннің сөзін де, әуенін де орындаушы өзі жазыпты. Әннің мақсаты «Посвещаю браттарға от меня» екен.

Бір ғана қайырмасы,

«Четкий менің братым.

Әр сөзімді ұғатын.

Любой жерде до конца,

Родной үшін тұратын...» - деп кете береді.

«Четкий қыз» дегенде ән бар екен. Музыкасы ырғақты, заманауи болғанымен әннің сөзі түсініксіз, ұйқылы-ояу отырып жаза салғанға ұқсайды.

Кез келген думанды тойларда жұрт таласа билейтін «Жылтыр көйлек», «Шудың бойында», «Жоқ-жоқ», «Зың-зың» деп зығырыңды шығаратын әндердің мән-мағынасына үңіліп жатқан ешкім жоқ.

Көп сынға ұшырап, қазақ зияляларының ашуын тудырса да әлі күнге дейін мың қыздың арманы болған «91» тобы ессіз өлеңдерімен әлі сахнадан түскен емес. Сөз қадірін түсінеді деп үміт еткен жастардың дені осы топтың әнін тыңдайды. Бөлмесін осы жігіттердің фотосымен толтырып «ғашық» боп жүрген қыздарымыздың ата-аналары қайда қарап отыр деп таң қаласын. Бұл топтың әндерін де көпшілік түсінбейді, әннің сөзінде ұйқас түгілі, сөзді орнымен пайдалану жоқ. Мысалға:

«Ей неғо, Q-pop әзірге demo

Бірақ біз көбейгенде, сен жоғалма секілді Nemo

Олар мені түбіне батырмақ болды, басқаға бас жетпей қойды

Маған сенің ауаңның қажеті жоқ, әлемім Н2О

Деміңді ал тереңге естіген сайын

Енді мен келгенде тұра алмай - тай!

Кім ол сенбеген ? Бері кеп - қайт!»

Міне, әнсымақтың сиқы осы. Жалпы, қай нәрседен де тәрбие, тағылым іздейтін біздің қоғамда осындай арзанқол дүниелер белең алып, жастардың санасын улауда.

Көпшілікке танылып келе жатқан Қанай есімді орындаушының «Ол қыз» атты әні де көп сынға ұшырады. Бірақ музыкасы әдемі. Содан шығар, көпшілік әннің сөзіне кешіріммен қарап отырған сыңайлы. Десе де, осы әннің сөзін қаз-қалпында келтірсек:

Кетті, лақты ол тыңдамай неге?

Бидің үстіне би сұрайды неге?

Ол қыз, ол қыз

Тууу деген сөзі уууу

Ішіп алып қуууу

Енді сол баланы тууу.

 

Әкесі білсе онын құлағынан бұрайды.

Шешесі біліп қалып қаншық деп сабалайды.

Кетемін үйден сендер түсінбейсіндер мені,

Деп өзінікін қуып, шәйіп, ол айқайлайды.

 

Жылайтын кино қарап өкіріп бір жылайды.

Мазасы кетіп оның түнімен ұйықтамайды.

Өтірік жігіттері телефон шалған кезде

Анашым шығармайды деп өтірікті алдайды.

Міне, қазіргі эстрададағы әннің сиқы осы, оқырман. Бұл секілді әнсымақтарды Шәмші әндеріне сусып өскен жандар тыңдамайтыны белгілі. Жоғарыда келтірілген туындылардың барлығы бүгінгі жастардың таңдауы. Дүниеге келген сәбиді бесік жырымен тербетіп, «Қуырмаш», «Санамақ» сынды ойын түрімен бүлдіршіннің ойлау қабілетін, таным-түйсігін кеңейтіп, тілдік қорын дамытқан бұрынғылардың еңбегі осы әндердің кесірінен зая кеткені ма сонда?!

Зейнеп Ахметова өзінің «Күретамыр» кітабында «Өнер алды – қызыл тіл» деп, өнердің көш басына тіл байлығын қойып, шеннен шешендікті артық балаған. Бір ауыз аталы сөзбен күрделі түйінді шешкен халқымыз перзентінің тіл байлығына үлкен жауапкершілікен қараған» деп келтірген.

Ал Абай «Бөтен сөзбе былғанса сөз арасы,

Ол ақынның білімсіз бишарасы» - деп кетті емес пе. Шөп те өлең, шөңге де өлең болған заманда «сақау» әндерден жастарымыздың санасы уланып жатқандығын кеш түсінбесек болғаны.

Сіз не дейсіз оқырман, ой бөлісіңіз?

Айым Нұрғалиева,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале