Дәл осы себепті Қостанай облысында осы оқу жылы алдында бақандай 13 мектеп жабылғалы отыр. Бұл туралы осыдан бір апта бұрын телеарналар жарысып хабарлады. Шағын ауылдағы мектеп жабылып қалса, перзентінің білім алуы үшін өзге ауылға қоныс аударатындар қатары көбейеді. Сөйтіп, тұрғындар саны біртіндеп азайып, біртіндеп ауыл да картадан жоғалары анық. Өкініштісі сол, мұндай мәселе Бөкей ордасы ауданында да туындап отыр.
–Бұл биыл туындаған мәселе емес. Ол жылдар бойы қордаланып келеді. Ал басшылық оқитын баланы өздеріңіз табыңдар деп мәселені шешуді өзімізге тапсыруда. Қазіргі таңда «мектеп жабылсын!» деген бұйрық қолымызға тимегенмен, ескерту берілді, онда бала саны толмаса, мектеп жабылады, қызметкерлер қысқартуға ұшырайды делінген. Жұмыс орнын сақтап қалайын деп осыдан 2-3 жыл бұрын сайқындық бастауыш сынып мұғалімі Айнагүл Дүйсекованы қызметке шақырып, балаларын мектепке алып, бала санын толтырған едік. Былтыр туысымның қазақша оқитын баласын қолыма алып, орысша оқыттым. Өйткені, ауылдағы мектеп орыс тілінде оқытады. Сондағы ойым, мектепті сақтап қалу болды. Енді міне, биыл қайтадан осы мәселе туындап отыр. Негізі ауылда оқитын оқушы жоқ емес, оқушы бар. Ауыл тұрғындары бастауыш мектеп жасындағы балаларын өз мектебімізге берер болса, мұндай мәселе туындамас еді. Ауылдастарым қатты айтты деп ренжімесін, алайда, мектепті сақтап қалайық деп жанашырлық танытып отырған адам жоқ. Кейде осы істі тек мектеп ұжымына артып қоймай, оны шешуге ауыл әкімі, жалпы билік басындағылар да ат салысса деп ойлаймын. Мәселен, ауылдағы кітапханада тұрақты кітапханашы істемегелі біраз болды. Орнына уақытша қызметке ғана келеді. Осы бос тұрған жұмыс орнын пайдаланып, мектеп жасындағы баласы бар жас отбасыны тартса, анау ауылдық клубтағы қызмет те көп ұзамай орны босайтын көрінеді. Оған да балалалы-шағалы отбасыны тұрақты жұмысқа алса, сонда қызметкер тапшылығы мен бала санының азаюы мәселесі бір мезетте шешілмей ме? Мен балаларды тарту бағытында ауылдағы шекара бекетіне де хабарласқан болатынмын. Алайда қазіргі уақытта олар 20 күн қызмет етіп, 10 күн демалатын жұмыс кестесіне шығып кеткен екен. Сондықтан шекарашылар өздері келіп қызмет етіп жүр. Тиісінше, олардың отбасы мұнда қоныс аудармайды. Ал қазір онда негізінен бойдақтар қызмет етеді екен. Осылайша, басымды анда да ұрып, мында да соғып, бала санын толтыра алмай отырған жайым бар. Биыл болмағанмен келер жылы өз балам бірінші сыныпқа барады. Ауылда мектеп болмаса, оны өзгенің қас-қабағына қаратып орталыққа жіберуге мәжбүр боламын. Ол әлі кішкентай ғой. Орталықта мектеп жанында жатақхана болғанымен онда жағдайы қалай болады деп осы бастан алаңдап жүрмін. Енді бала үшін аудан орталығына көшіп баруға үйімді, мал-жанды қалай тастап кетейін деп те ойланамын. Әйтеуір не керек, бұл мәселені мен мектеп меңгерушісі ретінде өз күшіммен шеше алмасым анық. Ол үшін барлығы да жәрдемдесу қажет деп ойлаймын, – дейді әзірге Шоңай бастауыш мектебінің меңгерушісі боп отырған Динара Мыңбаева.
Үш мектептің тағдыры қыл үстінде
Мамандар бастауыш мектептердің жабылуын оңтайландыру жайымен байланыстыруда. Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Бисенбек Насимоллин мәселені нақты түсіндіріп берді.
–Ағымдағы жылдың 6 мамырында жаңартылған №185 бұйрығына сай халықтың тығыздығына және елді мекендердің қашықтығына қарай білім беру ұйымдары желісінің кепілдік берілген мемлекеттік нормативі бекітілді. Ол негізінде мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі, орта, кәсіптік білімді балалар тегін ала алады. Тек ол кепілдік мектепте бала саны бес не одан көп болған жағдайда жүзеге асады. Кепілдік дегеніміз ол елді мекенде мектеп қызмет етеді деген сөз. Ал аудандағы ахуалға, нақты осы бастауыш мектептер жайын талқылар болсақ, аудандағы 9 елді мекендегі 9 бастауыш мектепте былтырғы оқу жылында 94 оқушы білім алды. Биыл оның 28-і бастауышпен қоштасып, негізгі мектепке бармақ. Сонда оларда 66 оқушы қалады. Ал сол елді мекендердегі мектептердің бірінші сыныбына 2022-2023 оқу жылына баратын жоспарлы мектеп оқушысы 14-ті құрап отыр. Қарап отырсаңыз, кететін оқушы мен оның орнына келетін оқушы арасындағы айырмашылық екі есеге кеміп отыр. Бұл біздің болжамымыз. Ал, егер оқушының ата-анасы баласын орталықтағы мектептерге оқуға берер болса, онда бұл сан өзгереді. Ескерте кетейін, бұл болжам шағын елді мекендердегі бастауыш мектепке баратындардың көрсеткіші. Жалпы аудандағы 18 мектепке бірінші сыныпқа 272 оқушы келеді деп жоспарлануда. Қазіргі таңда оның 98%-ы орындалып отыр. Бірінші сыныпқа қабылдау 1 тамызға дейін жалғасады. Иә, нақты қазіргі таңда бала саны жетіспеуіне байланысты Шоңай бастауыш мектебі жабылғалы тұр. Ол жөнінде облыстық білім басқармасына біз өз ұсынысымызды бердік, тиісті құжаттар жолданып, енді облыс әкімінің қаулысын күтіп отырмыз. Бірден айтайын, Шоңай мектебінде оқушы тапшылығы жайы биыл алғаш рет көтеріліп отырған жоқ. Бұл үш жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселе. Былтырғы оқу жылында екінші сыныпта екі, үшінші сыныпта бір бала оқып шықты. Өзіңіз біліп отырғандай, оның өзі заңға қайшы боп тұр. Оның үстіне былтыр да, биыл да онда бірінші сыныпқа баратын бала жоқ. Жалпы қазіргі таңда бастауышқа барар бала саны азаю тенденциясы барлық жерде байқалуда. Шоңай мәселесі бойынша түпкілікті шешім қабылданды. Ал бастауыш сыныптарға келетін бала санының алдын ала болжамымыз жүзеге аспаса, Кеңойдағы бастауыш мектеп те жабылудың аз-ақ алдында тұр. Себебі, онда биыл үшінші сыныпты үш бала бітірді. Бірінші сыныпқа екі бала келмек. Балалар саны жетсе, Ұялы округіне қарасты Кеңой мектебі жұмысын бастайды. Алайда, келесі жылы биыл төртінші сыныпқа көшкен оқушылар бастауышпен қоштасқанда бұл мәселе қайыра туындайын деп отыр. Ал одан соң бірінші сыныпқа келетін бала болмай тұр. 2024-2025 оқу жылы осындай мәселе Үштерек бастауыш мектебінде орын алмақ. Сайып келгенде, шағын елді мекендердегі балалар санының аздығына байланысты үш оқу жылында үш ауылдағы білім ошақтарының жабылу жайы қаралмақ.
Білім саласында штаттық лимит деген жоқ
Кеңой мен Үштерек жайы болашақтың еншісіндегі мәселе делік. Ал бұл күні есігі құлыпталудың алдында тұрған Шоңай мектебінің шәкірттері мен қызметкерлерінің жайы не болмақ деп сұрадық білім бөлімінің басшысынан.
–Мектеп жабылғанмен, ғимарат құлыпталмайды. Өйткені, бұл ауылда мектеп жасына дейінгі балалар тәрбиеленуде. Қазіргі таңда олардың саны тек бестен асты. Біздің мәлімет бойынша онда сегіз бала тәрбиеленіп жатыр. Сондықтап типтік үлгідегі мектеп ғимараты шағын орталық болып қала береді. Нәтижесінде ондағы шаруашылық қызметкерлердің жұмыс орны сақталады. Ал, оқушылар Сайқын ауылындағы М.Мәметова атындағы мектеп жанындағы 70 орындық жаңа интернатқа орналасатын болады. Сонда бұл мектептің меңгерушісі мен бастауыш сынып мұғалімі ғана қысқартуға ұшырамақ.
Бірден айтайын, білім саласының, өзге құрылымдардан айырмашылығы мұнда жыл басында бекітіліп қойып, өзгермейтін штаттық лимит деген жоқ. Бізде жұмыс бала санына байланысты болады. Мәселен, бір сыныпта 30 бала болып, оны екі сыныпқа бөлер болса, онда қосымша пән мұғалімдерінің, сынып жетекшісінің қажеттілігі туындайды. Ал бала 15-тен аспаса онда оған ол бір сынып комплектісі саналып, тиісінше қосымша жұмыс орны ашылмайды. Тұрғындар арасында мектеп жабылса, жүмысшылар табыссыз қалады деген жаңсақ пікір қалыптасып қалған. Иә, түсінем, білім ошағы жабылса, жұмыс орны қысқарады, алайда білім саласы жұмыс орнына емес, білім сапасына жұмыс істейді. Бұл тұрғыдан алғанда елді мекендердегі мұғалімдердің білімдеріне не қабілеттеріне күмән келтірмеймін. Алайда олардың тиісті дәрежеде білім беруіне мүмкіндік болмай жатады. Оған интернет желісінің нашарлығы, электронды оқулықтармен жұмыс жасай алмауы да өз әсерін тигізеді,- деді сала басшысы Бисенбек Жамбылұлы.
Шоңайлықтар неге дәрменсіз?
«Құрметті халайық, Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Шилі ауылына мектептегі бала санының азаюына байланысты көпбалалы отбасылар керек.
1. Көшіріп апару тегін;
2. Үй тегін беріледі;
3.5 ірі қара мал тегін беріледі.
4. Әйелі де, күйеуі де жұмыспен қамтамасыз етіледі;
5.Екі жылдық малдың шөбі тегін.
Математика пәні мұғалімі, физика-информатика пәні мұғалімдері керек. Барып бір жыл тұрып көріп, ұнамаса, келесі жылы қайтып кетесіздер. Берілген мал сіздердің еншілеріңізде 5 жылдан кейін қалады. Толық ақпаратты 87052048590, 87714368942 нөмірлерінен ала аласыздар. Пост иесі Жасұлан Айсағали. Жазбаны барынша таратып жіберіңіз. Көшке көмегіңіз болсын. Бір Қазаққа болса да пайдасы тиер. "TÁUEKEL". Теріскей бізге аманат»,
«Құрметті халайық! Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы, Ақсоғым ауылына мектептегі бала санының азаюына байланысты көпбалалы отбасылар керек.
1. Көшіріп апару тегін.
2. Үй тегін беріледі (газ, су жүргізілген).
3. Ірі қара мал тегін беріледі.
4. Әйелі де, күйеуі де жұмыспен қамтамасыз етіледі.
5.Балалардың мектепке дайындығы тегін (оқу құрал, киім-кешек). Толық ақпаратты 87011980080. 87055142007. Ербол Кенжалиев.
Пост иесі: Ақсоғымның белсенді жігіттері» деген хабарламалар әлжеліде желдей есіп жүр. Ауылының болашағына жаны ашитын азаматтар көшіп келіп, мектепті жабылудан аман алып қаламын дейтіндердің жағдайын жасамақ. Біздің Шоңай жұрты неге үнсіз, ауылдарындағы мектептің тағдырына неге бейжай қарайды? Осыны білмек боп ауыл тұрғындарын сөзге тартқан едік.
–Біздің мектепте білім жоқ. Балалар қарапайым оқу, жазуды білмейді ғой. Өзге баланы емес, өз баламның білімінен айтып отырмын. Шыны керек, баламыздың бастауышта өз қасымызда болғанын қалаймыз ғой. Алайда ата-ана үшін баланың білімді болғаны маңызды. Білім бастауышта қаланады деп жатамыз. Ал ол біздің мектепте жоқ. Баламызды аудан орталығындағы мектепке ауыстырамыз дегенде білім бөліміндегілер бастапқыда келіспей, «ойланыңыз» деген. Кейін өздерінің де көздері жеткен болар, кедергі болмады ғой. Сол кезде Сайқыннан Шоңайға тексерулер, мұғалімдер келіп әдістемелік көмек бергенін білеміз. Әрине, түсінеміз, балаға жаңа ортаға сіңісу, қасындағы көп баламен тіл табысу оңай болмады. Баламыздың болашағы үшін ерте жастан алысқа жіберуге мәжбүр боп отырмыз. Бастысы, ертеңгі күні кәдеге асар сапалы білім алып жатыр ғой деп үміттенеміз, – дейді шоңайлық ата-аналар.
P/S. Шоңайдағы мектептің жабылу жайы туралы Сайқын ауылдық округі әкімі Нұргүл Омарова да өзінің тұрғындармен кездесуінде айтты.
–Шыны керек, мектепті сақтап қалуға біраз үндеу салдым. Ол жабылған жағдайда ауылдың болашағын да суреттедім. Өткен оқу жылы біткенде білім саласы басшысы Бисенбек Жамбылұлымен бірлесіп, барып, мән-жайды жан-жақты түсіндірген едік. Алайда жабылуға қарсы ниет білдірген жан болмады,- дейді Нұргүл Жігерқызы.
Раушан Жанатқызы,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz