Алашорда үкіметінің Батыс бөлімшесінің қайраткері, Жаһанша мен Халелдің рухани ұстазы Қуанай хазіреттің асатаяғы жымпитылық Мәдина Хасанованың қолында екенін әріптесіміз Бауыржан Ширмединұлы бұрын жазған болатын.
«Мәдина апамыздың анасы Айман Көбенғалиқызы Даттың Адамбайынан тараған. Өзі сөз ұстаған, шежіре кісі болыпты. Айман шешейдің әкесі Көбенғалидің Кенжеғали деген інісі болған екен. Сол Кенжеғалидан туған Ғабделқұдес бес парызын түгендеп, Құран ашып, шариғат жолымен жүріпті. Ол кейін Жымпитыға Құдыс молда ретінде белгілі болған. Құдыс молда өмірінде Қуанаймен бірнеше рет кездескен. Онымен жүздесу үшін түрмеге де кірген. Қуанай да оны шәкірт деп жақын тартқанға ұқсайды. Тоқетері, сондай кездесулердің бірінде Қуанай хазірет Құдыс молдаға асатаяғын аманаттаған», - деп жазды журналист.
Асатаяқ бірнеше жыл Даттардың қолында көздің қарашығындай сақталып келді. Тарихи жәдігерді Мәдина Хасанова Қосарал ауылында ұйымдастырылған Даттар құрылтайында Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Айнагүл Ойшыбаеваға табыс етті.
Қуанай хазіреттің асатаяғы Алаш музейіне Жаһанша макетінің жанынан орналастырылды. Айнагүл Мағауияқызының айтуынша, бүгінде асатаяқты сақтаған адамдар туралы, таяқтың тарихы, нөмірі, акті, инвентар кітабына тіркеу секілді құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz