Курс керемет өтіп жатты. Өзге ұлт өкілдері белсенділік танытып, оқытушының айтқанын қайталап, қазақ тілінде сөйлем құрап отырды. Мен олардың осы бір қалпын суретке түсіріп, қызыға қарадым.
Педагог-шебер біліктілігі бар қазақ тілі курсының оқытушысы Әділхан Сұлтанов түрлі сала мамандарына және зейнеткерлерге қазақ тілін үйретіп жүр. Курсқа көбінесе мемлекеттік, сауда және бюджеттік сала қызметкерлері жазылады екен.
– Бұл тегін курс маусым айында басталды. 700-ге жуық адам тіл үйренуде. Мен 4 топқа, яғни, 45 адамға сабақ жүргіземін. Оның ішінде армяндар, татарлар, украиндер, орыстар және қазақтар бар. Олар бір-біріне сұрақ қойып, сұхбаттаса бастады. Мәтінді тыңдап, түсініп, тапсырмалар орындап, білім көкжиегін кеңейтуде. Сөйлем құрап, дүкендегі сатушылармен тілдесуге дағдылануда. Өздерінің жанұясы, жұмыс орны жайлы ой қозғап, тұрғылықты мекенжайын, сағаттың неше болғанын қазақша айта алатын дәрежеге жетті. Енді олар адамдармен қазақша амандасып, қазақша таныса алады. Қазіргі таңда курс қатысушылары иелік формасын игеруде. Септік, тәуелдік жалғауларын түсіндіріп жатырмын. 2017 жылдан бастап осы бағытта жұмыс жасап келемін. Бүгінге дейін 300-ге тарта адамға қазақша үйреткен екенмін. Ең бастысы, қазақ тілін меңгергісі келетіндер жыл сайын көбеюде. Біразы сұрақты түсінгенімен, жауап бере алмай қиналады. Алайда мұндай қорқынышты құлшыныстың арқасында жеңгендер жетерлік, - деді Әділхан Тілекқабылұлы.
Курс қатысушылары шетінен мақтаған бұл оқытушы сабақтарды онлайн сипатта да жүргізеді. Онлайн сабақтарға Ресейдің Саратов облысынан қазақ тілін меңгеруге қызығушылық танытқан 10 шақты қандасымыз қатысады. Ол оқыту барысында LED экранды, Г. Қ. Досмамбетова, А. К. Балабеков, А. Т. Бозбаева-Хунц, А. Д. Сейсенова құрастырған әдістемелік құралды және басқа да кітаптарды пайдаланады. Youtube видеохостингіне сабақтарын жүктеп отырады. Бастысы, оның оқыту шеберлігіне тәлім алушылар дән риза.
– Қазақ тілі маған қатты ұнайды. Біз мемлекеттік тілімізді білуіміз керек. Байқаймын, қазіргі таңда қазақ тілін үйренемін деген адамға мүмкіндік көп. Бірнеше жыл бойы «Гидприбор» ғылыми-зерттеу институтында жұмыс жасадым. Балаларыма қазақ тілін үйреніңдер деп жиі айтып отырамын. Қызым мектепте қазақ тілі сабағынан ылғи 5 деген баға алатын еді, – дейді курстың ең үлкен қатысушысы Татьяна Переденова. Татьяна Михаилқызы жасының нешеде екенін айтқысы келмеді. Алайда біз оны 70-75 жас шамасында деп топшылап, ынта-ықыласына тәнті болдық.
Курс Орал қаласындағы Қасым Аманжолов көшесі, 108-үй мекенжайында орын тепкен Орал гуманитарлық-техникалық колледжінде өтіп жатыр. Оның ұйымдастырушысы – «Ardamidi» ЖШС ұжымы.
– Жалпы қатысушылардың талпынысы жоғары. Барлығын тез меңгеріп алуға тырысады. Сол себепті сабақ өткізу де жеңіл. Тіл үйретудің 5 деңгейі бар. Олар: қарапайым (А1), базалық (А2), орта (В1), ортадан жоғары (В2) және жоғары деңгей (С1). Қарапайым деңгейдегі сабақтар сағат 17:00-19:00 аралығында аптасына 5 мәрте, ал базалық деңгейдегі сабақтар сағат 19:00-ден 20:30-ға дейін аптасына 3 рет өткізіледі. Қарапайым деңгейдегі онлайн сабақтар дүйсенбі, жұма күндері сағат 19:00-де, сенбіде 10:00-12:00 аралығында өтеді. Тіл үйрену үшін адамда ең әуелі талпыныс болуы қажет. Орыс тілінде етістіктер сөйлем басына, ортасына қойыла береді. Ал қазақ тілінде етістіктер тек сөйлемнің соңында тұрады, – деген Әділхан Сұлтанов аталған қос тілдің дыбыстық ерекшеліктері, классификациясы бір-біріне мүлде ұқсамайтынын тілге тиек етті.
– Менің сауда саласында қызмет атқарып жүргеніме 8 жылдай уақыт болды. Оралдағы «Азовсковъ» кәсіпорнында жұмыс жасаймын. Абай Құнанбайұлы мен Ыбырай Алтынсариннің шығармашылығымен таныспын. Орал қаласындағы №21 жалпы орта білім беретін мектепте оқыдым. Қазақ тілінде сөйлейтін достарым көп. Солармен еркін тілдескім келеді. Қазақ тілін толық меңгеру – басты мақсатым, – дейді Никита Шипанов.
Тоғызыншы сабағына қатысып отырған «Жайықмұнай» компаниясының инженері Николай Семько ұстазы Әділхан Тілекқабылұлының сабақтарды өте қызықты өткізетінін жеткізді. 32 жастағы Николай Николайұлы Орал қаласындағы №19 жалпы орта білім беретін мектепте білім алған. Ағылшын тілін жақсы меңгерген. Бүгінде ол мемлекеттік тілді меңгеру үшін бар күш-жігерін жұмсауда.
– Қазақша сөйлейтін таныстарым көп. Кейде достарым қазақша ойын еркін жеткізеді де, орысша сөйлей алмай, тосылып қалады. Әңгіме маған түсінікті болу үшін олар орыс тілінде біраз нәрсе айтқысы келеді. Бір күні неге олар ғана ортақ тіл табуға тырысуы қажет, керісінше, мен қазақ тілін үйреніп алайын деген шешімге келдім. М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетіндегі филология факультетінің түлегімін. Орал қаласындағы №16 жалпы орта білім беретін мектепте ағылшын тілінен сабақ беремін. Курста қазақ тілінің грамматикасын, лексикасын үйреніп жатырмын. Бір-бірімізбен қазақша сұрақ-жауап алмасатын деңгейге жеттік. Біз Қазақстанда тұрғасын, қазақ тілін білуге міндеттіміз, – деді Лена Куницына.
Курсқа биыл 695 адам тартылған. Қазан айына қарай қатысушыларға сертификат табысталмақ.
– Біздің міндетіміз – қазақ тілінің мәртебесін асқақтату. Мемлекеттік тілді меңгеру – отандастарымыздың ортақ парызы. Осы бағытта сапалы жұмыс жүргізуге тиіспіз. Тіл – тәуелсіздіктің айғағы. Тіл мен егемендік – егіз ұғым. Елімізде тіл саясаты жүйелі жүргізілуде. Мемлекеттік тілдің қазақстандықтарды біріктіретін басты фактор екенін ұмытпауымыз керек. Бүгінде қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту және оған деген құрметті арттыру мақсатында ауқымды жобалар атқарылуда. Іс қағаздарын жүргізуді қазақ тіліне кезең-кезеңімен көшіру жоспарланып жатыр. Тынбай еңбек етсек, нақты нәтижеге қол жеткізетініміз анық. Осы орайда ересектерге мемлекеттік тілді үйрету сабақтары тұрақты ұйымдастырылып жүр. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының тапсырысымен «Ardamidi» ЖШС курстар өткізуді қолға алды. Түрлі сала қызметкерлері деңгейлерге байланысты топтарға бөлініп, бір-бірімен тәжірибе алмасып, тығыз қарым-қатынас орнатты. Олар оқытушыларға, игі шараның ұйымдастырушылары мен қолдаушыларына алғыс айтуда. Курс жыл сайын өткізіледі,- деді «Ardamidi» ЖШС-ның әдіскері Ардақ Октябрьқызы.
Марлен Мәлікұлы,
zhaikpress.kz