Өткен сенбіде жергілікті әкімдік Шалқар көлі жағасында кезекті сенбілік ұйымдастырды.
- Көл жағасында тазалық болуы үшін қоғамдық ақылы жұмысқа тартылған 15 адамды осы жерге бағыттадық. Апта сайын сенбілік жасап, жиналған қоқыс-қалдықтарды арнайы орынға шығарып тастаймыз. Қалдықтар, әсіресе, киіз үйлер тігілген маңда көп болады, - дейді Шалқар ауылдық округінің әкімі Сабырбек Мусин.
Жаздың күні демалушылар шоғырланатын көл жағасын абаттандыру, әжетханалар орнату, қоқыс жәшіктерінің санын көбейту - өзекті мәселелердің бірі. Қазір көл жағасына түсетін жерде 2 әжетхана, 10 күл-қоқыс контейнері бар. Ол аздық етіп отыр. Сондықтан аудан әкімдігі жақын арада қосымша 10 әжетхана және 20 қоқыс контейнерін орнатуды қарастырады. Қоқыс шығаратын ұйым да анықталмақ.
Оған дейін ауылдық округ әкімдігі осы жұмысты тұрақты ұйымдастырады. 11 мың шаршы метрге созылған жағажай тазалығын қоғамдық жұмысқа қатысушылар күшімен, апта сайын сенбілік өткізумен шешу мүмкін емес. Сондықтан «Шалқар жағасы қоқыстан шашылып жатыр» деп құр айта бермей, демалушылар да, оларға қызмет көрсетушілер де тазалық сақтаса екен.
Камелия Өтеу,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz