Соңғы жылдары елімізде жүздеген отбасының әл-ауқатын көтеруге сеп болған мемлекеттік грант – жаңа бизнесті іске қосу және дамытуға арналған, өтеусіз берілетін бастапқы капитал.
Бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланып отырған теректіліктер де бар.
372 адам өз ісін бастады.
Былтыр аудан бойынша 213 759,6 мың теңге беріліп, 372 адам грант иегері атанды.
Мал шаруашылығы, соның ішінде сүтті ірі қара өсіріп, сүт өндіру және құс шаруашылығы, көкөніс, бау-бақшамен айналысуға ден қойған теректіліктер грантты толық іске жаратты.
Мысалы, грант жайында Теректі ауданының әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімі берген мәліметке сүйенсек, былтыр 18 адам жеміс ағаштарын өсіруге жалпы құны 7 653 712 теңге грант алған. Оның ішінде 2 адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған теректілік. 15 адам – жұмыссыздар санатынан. Біреуі - атаулы әлеуметтік көмек алушы.
Ауылдық округтар кесіндісінде қарасақ, Ақжайық округінен 8 адам, Богдановтан – 2, Подстепный - 4, Ақсуаттан - 2, Ақсоғым мен Шаған округтерінен 1 адамнан грант иеленген. Байқап отырсақ, Ақжайық, Подстепный ауылдық округтерінен бақ өсіруге қызығушылар көбірек.
Осы бағдарлама бойынша былтыр грант иеленген Подстепный ауылының тұрғыны Айкенже Нұркенованың үйіне барып, іс үстінде көрген едік. Сол кезде ол:
- Сәті түсіп, «Еңбек» бағдарламасының ІІ бағыты бойынша мақсатты грантқа ие болдым. 583 мың теңге шотыма түскен соң, Оралдағы «Уланов» қожалығының тәлімбағында өсірілген жеміс ағаштарының көшеттерін алдық. Алма, алмұрт, шие ағаштары, қарақат талдарының бірнеше түрі бар. Одан басқа таңқурай, жүзім көшеттері бар. Үй артындағы бос жатқан жерді 3 жылға жалға алып отырмыз. Бақ пен көкөністерді ұңғыма құдықтан суарамыз. Біздің отбасымыз үшін осы бақ – ертеңгі нәпақамыз. Бір-екі жылда немерелерімнің аузына жеміс тиіп, одан әрі сатылымға шығаруға да жетеміз деп сенемін,- деген болатын.
Құс өсіруді қолға алған 87 адам 22 070 бройлер балапанын өсіріп, сатып, 46,9 млн теңге табыс түсірді. Грант алған теректіліктердің дені, жалпы саны 246 адам мал шаруашылығымен айналысуға шешім қабылдаған екен. Соның ішінде сүтті мал ұстауға бет бұрғандар үшін былтыр қара күзде Павлодар облысынан 128 симментал тұқымды жыл жарымдық қашарлар сатып әкелінген болатын.
Бүгінде грант алған адамдардың жұмысы нәтижелі және тиімді болуы үшін жергілікті ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріктірілген. Әсіресе, Покатилов ауылындағы «Достық», Подстепный округіндегі «Адал» ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері табысты жұмыс жасап тұр. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының ауылшаруашылық жерлерін пайдалануына, мал азығын дайындау, қажетті техникалар сатып алу, мемлекеттік субсидияларға кооператив ретінде қатысуларына үлкен мүмкіндік туғызады.
Грант алуға өтінім қабылдайды
Бұл игі жоба биыл да жалғасын табады.
Қазақстан Республикасының Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі сайтында «Business.enbek.kz» порталында (бұдан әрі - Портал) 2022 жылғы 8 тамыздан бастап 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба (бұдан әрі – ұлттық жоба) шеңберінде бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар алуға өтінімдер қабылдау басталады» деген хабарлама жарияланды.
Хабарландыруда: «Грант көлемі 400 АЕК-ті (1 225 200 теңге) құрайды. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.
Гранттар қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Өтінім беру үшін қажет:
Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, халықты жұмыспен қамту орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында өтінім беруге болады.
Грант алу үшін бірқатар шарттарды сақтау қажет.
Жаңа бизнес-идеяны іске асыруға мемлекеттік грант алуға үміткер бола алады:
Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек:
Үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс.
Рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, адами факторды азайту, өтініш берушілерге ыңғайлы болу үшін гранттар берудің бүкіл процесі электрондық форматқа ауыстырылды. Грант алуға өтінімдерді қабылдау бірыңғай терезе – «Business.enbek.kz» порталы арқылы жүзеге асырылады.
Грантты: қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, малдарды, жануарларды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады.
Гранттар: тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді.
Гранттарды халықты жұмыспен қамту орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді.
Үміткерлер өз бизнес-жобасын комиссия отырыстарында таныстырады. Бұл ретте комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды және бағалау парағын мынадай өлшемшарттар бойынша толтырады: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру.
Осылайша, грант беру туралы шешім комиссиялық түрде және үміткерлердің бизнес-жобаларының пысықталуын бағалаудың нақты өлшемшарттары негізінде қабылданады.
Комиссия шешімі үміткердің Порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі. Комиссияның оң шешімі болған жағдайда үміткер банк деректемелерін ұсынады, шартқа қол қояды және одан әрі тоқсан сайын қаражаттың пайдаланылуы туралы есеп береді. Мұның бәрі халықты жұмыспен қамту орталықтарына бармай-ақ, электрондық форматта жасалады» деп көрсетілген.
Ендеше, өз ісін бастаймын деген адамға мол мүмкіндік көзіне жол ашық!
Іске сәт, жерлестер!
Камелия Өтеу,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz