4.08.2022, 12:00
Оқылды: 21

Өзгенің тамағынан өзімнің тарым мың артық

Тары - ата-бабамыздың асы десек, артық айтқандық болмас, әрине. Себебі, бұл дәнді дақылдың тарихы тым тереңде жатыр. Мәселен, «Ертөстік» ертегісінде батырдың алыс сапарына анасы арнайы тары қуырып береді. Сондықтан болар «Кеспе көже күн батқанша, бидай көже ел жатқанша, тары көже таң атқанша» деген сөз тектен-текке айтылмаса керек. Ертеректе жолаушылап шыққан қазақтың қоржынға тары-талқан салып жүрген. Осыдан-ақ тарының қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіндегі маңызын байқауға болады.

03

Фото: egemen.kz

Дәрумендердің қайнар көзі

Хош, сонымен, зерттеушілердің мәліметіне сүйенсек, тары – адам ағзасына керекті дәрумендердің қайнар көзі. Онда ақуыз жеткілікті. Аллергияға әсер етер глютен жоқ. В тобындағы дәрумендерге, бауырға қажетті холинге бай. Сүйекке, жүрекке, иммунитетті көтеруге керек магний мен фосфор, калий, цинк көп. Онда көз жанарының бұзылуына әсер етерлік заттардың әрекетін тежейтін антиоксиданттар да бар. Өт қабы мен өт жолдарына пайдасы бар. Тары ботқа мен оның сорпасы ағзадағы артық холестерин мен токсиндерді, дәрілердің қанда ұйып қалған қалдықтарын сыртқа шығаруда үлкен көмегі бар.

Сонымен қатар тарының емдік қасиеті қазіргі медицинада дәлелденген. Айталық, ол күш-қуат берумен қатар, бауырды, бөтекенің жұмысын жақсартып, терлетуге әсер етеді. Ол сүйекті нығайтып, жарақаттың жазылуына, теріні әрлендіріп, қан қысымын реттеуге және ішек-қарын жұмысын жақсартады. Қыздырып басқан тары ісікті басады. Адамның бұлшық етін нығайтып, әл-қуатын арттырады. Ерте заманнан тарының емдік қасиетін білген емшілер бауырға ем деп білген. Қазіргі медицинада тары адам денесінен антибиотиктердің қалдықтарын жойып, оны шығаратынын дәлелдеп отыр. Ұзақ аурудан әлсіреген кісіні ашыған көжемен көтерген. Тары көже әрі сусын, әрі тамақ болады. Боза да ашытады. Жас босанған әйелдердің сүтін молайтуға, тісті қызыл иекті қатайтуға пайдасы мол т.б. тізе беруге болады.

Ауыл шаруашылығы мен өндірістегі пайдасы - тарының сабанын жеген сауын сиырдың сүтінің өнімі, құнарлығы артады екен. Сабанының сапасы қыстың күнінің өзінде көктемдегі көк майсадан кем түспегені дәлелденген. Тары сабанында дәрумендер мол болғандықтан, малдар сүйсініп жейді. Сабағынан қағаз шығарады.

Тарыны жеген тауықтар көп жұмыртқалайды. Жұмыртқаның қабығы қатты болады, ұзақ сақталады. Булап қазға жемге береді. Тарының сабаны, топаны, кебегі де малға құнарлы азық екен.

Шығанақ атамыз шыңға шығарған шаруашылықтың жайы қалай?

Тары хақында әңгіме қозғалса, даңқты диқан, дала академигі, аты аңызға айналған әйгілі тары өсіруші Шығанақ Берсиев туралы айтатынымыз хақ. Ақ тарының атасы 1932-1944 жылдары Ақтөбе облысының «Құрман» ұжымшарында звено жетекшісі болып қызмет етті. Шөлейтті аймақтың ауа райына қарамастан, ұзақ жылдар бойы оның звеносы тарыдан мол өнім алды. 1939 жылы тарының әр гектарынан 25,5 ц өнім алса, 1940 жылы 155,8 ц, 1941 жылы 165 ц, 1942 жылы 175 ц, 1943 жылы 201 ц өнім жинады. Мұндай жоғары нәтижеге Шығанақ атамыз тары тұқымын қыс бойы әзірлеп-баптау, мұқият іріктеу, көктемгі егісті дер кезінде жүргізу, егінді баптап-күту, орақты ысырапсыз өткізу арқылы жетті. Сөйтіп биология ғылымында болып көрмеген табысқа кенелді. Қалған 36 гектардан 80 центнерден өнім жинады. Дүниежүзілік рекорд жасап, еңбек даңқы шартарапқа тарады. Бұл рекордты еш елден ешкім қайталаған жоқ. Бұл - тарихи шындық. Ол кісі «Ақ тарыны» шығарғаны үшін Мемлекеттік сыйлықтың иесі болды.  Орденді қарт диқан төрткүл дүниеге туған елін де, өзін де әйгілі етті. Оның бастамасымен жер-жерде тары өсіруші звенолар құрылып, шығыр орнатып суармалы тары егісі кең қанат жайды. Бұл нағыз халықтық қозғалыс өз жемісін берді. Сонау сұрапыл соғыс кезі мен кейінгі қиын жылдары тары мен талқан елді асырады.

Оның ерен еңбегіне таң қалмаған, сүйсінбеген жан қалмағаны рас. Қазақтың белгілі классик жазушысы Ғабиден Мұстафин «Шығанақ» романын жазғаны әмбеге аян.

Ендеше Шығанақ атамыз шыңына шығарған шаруашылықты теректіліктер қалай атқаруда? Теректі ауданының ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімі берген мәліметке сүйенсек, ауданда аз мөлшерде болса да, тары салынады екен. Биыл «Теректі», «Әмір Әлі», «Жібек жолы» қожалықтары 190 гектарға тары сепкен.

Әрине, тары өндірісінің өрісін өсіруге, өнімін көбейтуге көбірек көңіл бөлінсе, белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге болады.

Тарыдан табыс бар ма?

Естеріңізде болса, бір жылдары дастарханымыздан тары «жоғалып» кетіп еді. Кейінгі жылдары бұл асты іздеушілердің саны артуда. Оны шаһардағы көк базардың қасында шелек-шелек тарысын сатушылардан байқауға болады.

Сәл ертеректе Теректінің орталығында арықша келген әжей тары-талқанын сатып тұрушы еді. Теректіліктердің дені сол кісінің алдында кезекте тұратынын сан мәрте байқадым. Кейде өзім де алып жүрдім. «Апа, тарыңыз көбейе берсін» десем, ол кісі «Ой, қызым, тары қуырудың бейнеті өз алдына бір төбе ғой» дейтін күлімсіреп. Ол рас. Шикі тарыны қайнату, шаю, қуыру, суыту, қаралау, елеу, ақтау, кебегін ұшыру, тоқ келіде (ағаш келіде де түйетіндер бар) түю сияқты кезеңдерден тұратын ұзақ процесс екенін бала кезімнен анамнан көріп өстім. Тіпті кей істеріне араласып та жүрдім. Әйтеуір, ақ тер, көк тер болып қуырып алатын.

Жалпы, тары сатудан табыс бар ма?

- Тарымды базарға барып, арнайы сатпаймын. Өйткені ол жерге барсаңыз, орынға ақша төлейсіз. Сол себепті, үйден сатамын. Өзімнің тұтынушыларым бар. Сол кісілер қоңырау шалып тапсырыс бергенде ғана тарыны қуырып, дайын болғанда апарып беремін. Бұрын бала кезімізде ауылда тарыны сату деген жоқ болатын. Көршілерге, туыстарға тегін үлестіре беруші еді ғой.  Бүгінгі заманда тегін ешнәрсе жоқ. Мәселен, 1 банка тары 1200 теңгеден тұрады. Ал жарты литрін 600 теңгеден сатамын. Кейбіреулер тары қуырудағы маңдай терімді білмей тұрып, қымбатсынып жатады. Кейде соған налисың. Қазіргі уақытта бәрі де қымбат. Шыны керек, сатқан тарымының ақшасына жарытып ештеңе ала алмай да қаласың. Сол себепті, тары сатып мол табысқа кенелген жандарды әлі көрмедім, - дейді Подстепный ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Мақпал Телғозиева.

Кириешкиді қытырлатқанша ...

5

Фото: crispy.news

Тары - ұлттық тағам. Осыны біле тұра, жастарымыз оны жей бермейді. Тіпті кейбіреулерінің «Тарыны жей ме?» деп аң-таң болып, жиіркенгендей кейіп танытқанын қайтерсіз? Жоғарыда тарының пайдасы шаш-етектен екенін неге жіпке тіздім. Мінекей, осындай жастар білсін, пайдалансын деген ниетпен мақалама аталмыш тақырыпты арқау еттім. Олар пайдасыз чипсы, кириешкиді қытырлатып жегенше, неге тарыны жемеске? «Өзгенің тамағынан өзімнің тарым мың артық» деп кеудені керіп тұрып мақтанышпен неге айтпасқа, ә? Осыны ой елегінен өткізіп, ойланайық! Сондай-ақ, ұлттық тағам ұмытылмасын десеңіз, тарыны көбірек қолдануды әдетке айналдырғайсыз!

Самал Жолдығалиқызы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале