8.08.2022, 9:15
Оқылды: 75

Ұйымшыл ұжым

Қазақстанның халық шаруашылығы бойынша жолаушы және жүк тасымалы жөнінен теміржол көлігі күні бүгінге дейін жетекші мән-маңызға ие. Тіпті бәлкім теміржол  саласы тасымал мәселесіне келгенде әлі талай жыл алдына қара сала қоймас. Осы саланың техникалық құралдар кешенінде автоматика, телемеханика және байланыстың бірінші кезекте тұратыны белгілі. Жолаушылар мен  жүктердің қауіпсіз әрі кедергісіз тасымалдануына аталған техникалардың сенімді жұмыс істеуі, даму деңгейі өте маңызды.

Ұжымның фотосы

Орал сигнализация және байланыс дистанциясының тарихы 1937 жылғы қаңтардан бастау алады. Бұл мекеме бастапқыда Рязано – Орал  теміржолының 10-шы сигнализация және байланыс дистанциясы ретінде құрылған. Озинки – Илецк  теліміне қызмет көрсеткен станция штатында әуелгіде  50 адам жұмыс істеген екен. Мекеменің атауы 1960 жылдары 32-ші Орал сигнализация және байланыс дистанциясы болса, 1977 жылы Орал бөлімшесі Батыс Қазақстан теміржолы құрамына енгізіліп, 7-ші сигнализация және байланыс дистанциясы боп өзгерген. Қазіргі уақытта Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесі филиалына қарасты бұл мекеме құрылған жылдан бастап бүгінге дейін түрлі жаңа құрылғылармен жабдықталып келеді. Атап айтар болсақ, 1961 жылдан бастап барлық жекелеген пункттерде РЦЦ және РЦЦМ түріндегі электрлік орталықтандырулар іске қосылып, төрт диспетчерлік шеңбер ұйымдастырылған. Бөлімше мен жол басқармасын байланыспен қамтамасыз ету үшін арнайы металл сым тартылып, кейіннен биметалға ауыстырылған. Қолмен жұмыс атқарылатын АТС-тың орнына аутоматтандырылған АТС-49-ды орнатқан. Сондай-ақ 2017 жылы  байланыс сапасын жақсартып, цифрлық технологияны пайдаланудың мүмкіндіктерін кеңейтетін DX-500 жедел-технологиялық байланысы қолданысқа енгізілген.

Алматы теміржол көлігі инженерлері институтын 1983 жылы бітіргеннен кейін осы саладағы еңбек жолын бастаған Мағды Түгелтаев қазір Орал сигнализация және байланыс дистанциясының басшысы. Алғашында Батыс Қазақстан теміржолы Орал бөлімшесінің 7-ші сигнализация және байланыс дистанциясында Деркөл стансасы бойынша орталықтандыру және бұғаттау сигнализациясының электрмеханигі, кейін Вавилино – Деркөл теліміндегі электрлік орталықтандыру, аутоблоктау, диспетчерлік орталықтандыру құрылғыларын күту бригадасының сигнализация, орталықтандыру және блоктау аға электр­механигі ретінде еңбек еткен. 1991 жылдан бастап Орал – Қазақстан телімі бойынша сигналдау, орталықтандыру және блоктау өндірістік телімінің басшысы, 1994 жылы Орал сигнализация және байланыс дистанциясының бас инженері қызметін атқарған.

Аталмыш мекеменің басшысы болып 2014 жылы тағайындалған. Білім-білігі мен күш-жігерін осы жолда сарп етіп жүрген Мағды Түгелтаев 2016 жылы саланың дамуына айтулы үлес қосқаны үшін «Құрметті теміржолшы» төсбелгісімен марапатталған. Сонымен қатар 2018-2019 жылдардың қорытындысы бойынша Орал сигнализация және байланыс дистанциясының ұжымы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы филиалдары арасында дәстүрлі түрде өтетін салалық жарыстың жеңімпазы атанып, дистанция жетекшісі «Үздік басшы» атағына ие болыпты.

– Жалпы мамандық таңдау, болашаққа жоспар құру – жауапты іс. Менің ұстанымым бойынша адам өзі таңдаған салада жанын салып жұмыс жасауы керек. Біз мектепті бітіретін 1978 жылы ауылымызға келген арнайы үгіт-насихат тобы теміржол саласына жоғары білімді инженерлер даярлайтын институтқа оқуға шақырды. Сол кездесудің әсерімен осы теміржол саласында қызмет істеуге бел будым, – дейді бүгінде Мағды  Ғабдоллаұлы.

Кез келген саланың дамуы – ұйымшыл ұжымның еңбегінің жемісі. Пойыз қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қалтқысыз қызмет жасап жүрген бұл ұжымда бүгінде 210 қызметкер бар. Оның 167-сі ер-азамат болса, 43-і қыз-келіншектер.

– Біздің ұжымның қатары жыл сайын жас буынмен толығып отырады. Жан-жақтан келген жаңа да жас мамандарды жылы шыраймен қабылдап, олардың адам ретінде де, маман ретінде де қалыптасуына бағыт-бағдар береміз. Бұл салада біраз жыл  жұмыс жасаған мамандар жиған тәжірибесін еңбекке енді араласа бастаған жас қызметкерлермен бөлісіп отырады. Теориялық білімдері мен тәжірибелерін жаңа технологиямен, жаңашыл идеялармен ұштастырып, өндірісте пайдаланады, – деді мекеме басшысы.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында рационализаторлық ұсыныстарға ерекше көңіл бөлініп, ұсыныс білдірушілердің жобаларына экономикалық тиімділігі және жаңашылдығы жағынан талдау-сараптау жүргізіледі. Өз ұсыныстарын өндіріске енгізген мекеменің рационализаторларының қатарында Николай Любин де бар. Ол – шойынжол вагондарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген тәжірибелі мамандардың бірі. Н.Любиннің осы салада еңбек еткеніне 41 жылдан астам уақыт болыпты.

– Гурьев теміржол транспорты техникумын бітіріп, әскерге аттандым. Кейін Орал сигнализация және байланыс дистанциясына жұмысқа тұрдым. Әр жұмыстың өзіне тән ауыртпалықтары болатыны анық. Еңбек еткен жылдарда қиындықтарға тап болған кездеріміз де аз емес. Арнайы құрылғылардың дер кезінде ауыстырылғаны түрлі мәселенің туындауына тосқауыл болды. Бүгінде жас теміржолшылардың көп екені және олардың білмейтінін білуге, үйренуге құштарлығы қуантады. Біз көлденең кездескен кедергілерге жұмыла төтеп беріп, жұмыс барысындағы қиындықтарды кәсіби шеберлік және ұжымның ұйымшылдығы арқылы еңсеріп келеміз. Алдағы уақытта да пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қадағалап, өз жұмысымызды жоғары деңгейде атқаратынымызға сенімім мол, – дейді Николай Александрович.

Ретті жерінде айта кетейік, 2022 жылы дистанция қызметкерлерінің жұмыстағы жағдайын жақсарту мақсатында Вавилино, Жаркий разъездері мен Деркөл, Аманкелді станцияларына контейнерлік типтегі тұрғын модульдер орнатылды.

Қазіргі кезде бұл дистанцияда ата, әке жолын жалғастырған жастардың қарасы көп. Жалпы осындай үрдіспен елге пайдасын тигізіп жүрген теміржолшы әулеттері бар. Олардың ішінде Түгелтаев, Ташмұхамбетов, Молдашев, Лашко, Шапшиев, Янгалиев, Әбдірахманов, Балмұқанов және Әбуғалиевтер әулетін ерекше атап өтуге болады. Пойма – Тақсай  теліміндегі электрлік және диспетчерлік орталықтандыру құрылғыларын күту бригадасының сигнализация, орталықтандыру және блоктау аға электрмеханигі Абай Балмұқанов теміржолшылар әулетінен.

– Менің осы мамандықты таңдауыма ата-анамның ықпалы зор болды. Себебі әкем Жолтай Балмұқанов болат жолдың бойында 40 жыл абыройлы қызмет етіп, «Құрметті теміржолшы» медалімен марапатталған.

Әкемнің жасампаз еңбек жолын жалғастырып, теміржол саласында қызмет істеп жүргеніме биыл 31 жыл.

Барша әріптестерімді өзіміздің кәсіби мерекемізбен құттықтай отырып, дендеріне саулық, отбасыларына амандық тілеймін. Жолаушы және жүк тасымалы қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі еңбегіміз әрдайым жемісті болсын, – дейді Абай Жолтайұлы.

Орал сигнализация және байланыс дистанциясы ұжымының үлкен-кішісі спортқа да кет әрі емес. Олар еліміздегі дистанция қызметкерлері арасында ұйымдастырылатын спартакиадаларға белсене қатысып, өз мекемелерінің абыройын асқақтатып келеді. Мәселен, қашықтыққа жүгіру, волейбол және үстел теннисі сықылды тағы да басқа спорт түрлерінен жүлделі орындарды иеленіп жүр. Өндірістік байланыстың телім басшысы Ғарифолла Кенжеғұлов жыл сайын өтетін дүбірлі додаларда үстел теннисінен жоғары нәтиже көрсетіп  келеді.

– Спорт жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, сонымен қатар сергектік сыйлап, еңбегіңді өнімді, жұмысыңды нәтижелі қылады. Сондықтан да әр адам өзіне ұнайтын спортпен айналысуы керек. Жұмыстан тыс уақытта мекеменің спортзалында теннис ойнаймын. Үстел теннисінен талай жарыстарда бағымды сынадым. Спортпен еркін айналысуымызға жағдай жасап отырған мекеме басшылығына алғыс айтамын, – дейді  Ғарифолла Мұратұлы.

Иә, жедел әрі сапалы қызмет көрсетіп, теміржол бойындағы талай тосын жағ­дайлардың алдын алып жүрген бұл ұжымның еселі еңбегі бүгінде көпке үлгі.

Аманжол Исламғали

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале