8.08.2022, 10:16
Оқылды: 145

Ауыл шаруашылығы: өңірде өрісті істер бар

Қай саланың болмасын, күре тамырына қан жүгірту үшін алдымен қаржы мәселесі оңтайлы шешімін табуы тиіс. Осы жылы облысымызда ауыл шаруашылығы саласын қолдау мақсатында бюджеттен 21 586,2 млн теңге қаржы бөлінген: содан өсімдік шаруашылығына – 1 762,7, мал шаруашылығына – 8735,9, инвестициялық салынымдарды субсидиялауға – 4 628,2, елді мекендер мен шағын қалаларда микрокредит беруге – 2 159,8, несиелердің және лизингтің пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялауға – 3 475,7 және басқа да шараларға 823,9 млн теңге қарастырылыпты. Ал қаңтар-маусым айлары аралығында ауыл шаруашылығын қаржыландыруға 10304,8 млн теңге несие ресурстары тартылып, лизинг арқылы 4000,1 млн теңгеге 534 дана ауыл шаруашылығы техникалары мен қондырғылары сатып алынған.

IMG-20220808-WA0013

Осы мерзімдегі ауыл шаруашылығының жалпы өнімі мен көрсетілген қызметі 79 941,9 млн теңгені құраса, мұның ішінде өндірілген өсімдік шаруашылығы өнімі – 1 178,0, мал шаруашылығы – 78 664,4, қызметтер – 99,5 млн теңге болған. Нақты көлем индексі өткен жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда – 100,9%. Алғашқы тоқсанның қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 299,1 мың теңгеге жетсе, өнімділік индексі – 100,7%. Сонымен бірге алғашқы жартыжылдықта ауыл шаруашылығы саласына 6 164,1 млн теңге инвестиция тартылған, бұл былтырғы деңгейден сәл-пәл кемдеу көрінеді.

Екеуара әңгіме тиегін осылай ағытқан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Наурызбай Қарағойшин одан әрі «Жасыл белдеу» және «Сүт белдеуі» тұжырымдамалары төңірегінде біраз жайларды қозғады. «Жасыл белдеуге» өңір табиғатына байланысты бес аудан мен Орал қаласы тартылыпты. Осыған сәйкес 2025 жылға дейін облыста картоптың егіс алқабы – 708, пияз – 255, сәбіз – 725, қырыққабат – 465, барлығы – 2 153 гектарға қосымша ұлғаймақ екен. Аталмыш қағиданың алғышарты ретінде биыл 60,5 мың тонна картоп, 5,2 мың тонна сәбіз, 5,7 мың тонна пияз және 6,2 мың тонна қырыққабат өнімін жинау жоспарланған. Тұтыну нормасы негізінде бұл облыс тұрғындарының картопқа қажеттілігін – 91, сәбізбен – 34, пиязбен – 53 және қырыққабатпен 39% қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Қалғанын онтүстік өңірлерден жеткізу жоспарлануда. Жалпы күнілгергі болжам бойынша биылғы маусымда облыстың азық-түліктік бидайға сұранысы 123%-ға, тұқымға қажеттілік 100%-ға қамтамасыз етілмек. Қазіргі күні орылған 15,8 мың гектар күздік дәнді дақылдар алқабынан 26,5 мың тонна астық жиналса, орташа өнімділік - 16,8 ц/га.

Осы ретте облыста сақтау сыйымдылығы 51,8 мың тонна болатын 52 қойма барын, оның ішінде 49,9 мың тонналық 31 қойма заманауи қондырғылармен жабдықталғанын айта кетелік. Мұның сыртында биыл сыйымдылығы 13,0 мың тонналық 4 жаңа көкөніс қоймасы тұрғызылып, бұл бағыттағы көрсеткішті 100%-ға жеткізу көзделіп отырғандығы сөз болды. Ішкі нарықты маусымаралық ерте пісетін көкөніс өнімдерімен тұрақты қамтамасыз ету үшін облыста жалпы ауданы 194 мың шаршы метрлік 96 жылыжай және бар.

Өңірдегі тағы бір маңызды мәселе – жерлестерімізді сүт өнімдерімен қамту болып отыр. Бүгінгі таңда ішкі нарықтағы қажеттіліктің 80%-ы сырттан әкелінеді. Импортқа тәуелділікті төмендету мақсатында осы жылы өңір шаруашылықтары 1,5 мыңға жуық асыл тұқымды сүтті сиыр сатып алмақ. Сол арқылы жыл аяғына дейін сүт өндіру көлемі 5 мың тоннаға қосымша ұлғаймақ. Тек былтыр Бөрлі ауданында «Аманат» шаруа қожалығы заманауи технологиямен жабдықталған сүт фермасының құрылысын аяқтаса, «Uralsk Trade Company» ЖШС жылына 47 мың тонна сүт және сүт өнімдерін өндіретін зауытты іске қосқаны көпке мәлім. Енді Теректі ауданында заманауи технологиямен жабдықталған 640 басқа арналған («Ringo Milk» ЖШС) тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ 2025 жылға дейін Бәйтерек пен Теректі аудандарында жылдық қуаты 7,0-12,0 мың тоннаны құрайтын тағы осындай сүт фермаларын салу жоспарлануда. Жалпы межелі уақытқа дейін облыста сүт өнімділігін 45,9 мың тоннаға ұлғайтып, соған сай халықтың жергілікті өніммен қамтылу көрсеткішін 50%-дан асыру қажет. Айтпақшы, қазір 18 сүтті бағыттағы ауыл шаруашылығы кооперативтері жұмыс істеп тұрса, келешекте Бәйтерек, Бөрлі, Сырым, Тасқала және Теректі аудандарында осындай 23 кооператив құрылмақ.

- Біздің өңірде негізінен мал шаруашылығы басым бағытқа ие екендігі белгілі. Алдағы қысқа 1 млн 940,3 мың тонна шөп дайындалуы қажет. Биыл 187,9 мың га алқапқа мал азықтық дақылдар егілді, оның ішінде көпжылдық шөп – 13,4, біржылдық шөп –15,3, сүрлемдік жүгері– 1,1 мың га. Өткен жылдардан қалған 158,1 мың гектар көпжылдық шөп алқабы да бар. Шілде айының соңына дейін 1471,1 мың га жер шабылып, 989,1 мың тонна мал азығы (былтырғыдан қалған 141,8 мың тоннаны қоса алғанда) дайындалды. Бұл - қажеттіліктің 51,0%-ын құрайды. Енді облысымыздағы мал басына келсек, 1 шілдедегі мәлімет бойынша   ірі қара – 841,3, қой – 1297,7, жылқы – 283,3, түйе – 2,6 және ешкі 247,5 мың басқа жетіп отыр. Барлық түліктен де өсім бар. Жыл басында 489 асыл тұқымды шаруашылық тіркелсе, оның 402-сі ірі қара, 51-і қой, 35-і жылқы, 1-еуі түйе өсірумен айналысады. Осынау асыл тұқымды түліктің үлес салмағын жалпы мал басына бөлсек, ірі қара – 13,8, қой – 4,9, жылқы – 4,2, түйе 12,5%-ды құрайды. Сөз орайы келгенде, облысымызда тіркелген 260 ауыл шаруашылығы кооперативінің нақты 238-і жұмыс істеп тұрғанын айта кеткен артық болмас. Мұның 214-і (90%) етті мал өсіру бойынша маманданған болса, 18-і (8%) сүт өндіру бағытындағы кооператив, 5-еуі (2%) өсімдік шаруашылығымен айналысады. Бал арасымен шұғылданатын және бір кооператив бар, - деді Наурызбай Қадырбайұлы сөз арасында.

Ауыл шаруашылығы басқармасынан алынған тағы бір мәлімет: осы жылы 198 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін (жалпы құны 22,4 млрд теңге) 18 жоба жүзеге асырылып жатқан көрінеді. Бұлар негізінен өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әсерін тигізбек. Статистикалық деректерге сүйенсек, өткен алты айда 41 366,1 млн теңгенің тамақ өнімдері қайта өңдеуден өткен. Осылайша азық-түліктің нақты көлем индексі былтырғымен салыстырғанда 98,5%-ды құрапты.

Иә, өңірімізде заманауи су үнемдеу технологиясы да біртіндеп қанат жайып келе жатыр. Қазірдің өзінде 186 шаруашылық жаңбырлатқыш машиналары арқылы 7 313 га жерді тамшылатып суаруды және басқа да тәсілдерді қолға алған. Ондай жерлерде негізінен мал азықтық дақылдар, картоп пен көкөніс өсіріле бастапты. Әрі облыс халқының аталмыш тағам түрлеріне қажеттілігін толық қамтамасыз ету және мал азықтық дақылдарының тапшылығын жою мақсатында бекітілген жол картасына сәйкес суармалы жер көлемін 44 мың гектарға дейін жеткізу міндеті қойылған.

Тоқсан ауыз сөздің түйіні: батысқазақстандық шаруа баққан ағайынның өткен алты айдағы атқарған жұмыстары һәм тіршілік-тыныстары осындай.

Бауыржан Махутұлы,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале